Асық ойнаған озар

Асық – қазақ балаларының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Ауылдан шыққан қай-қайсымыздың да бала күнімізде құмартып асық ойнамағанымыз кемде-кем. Өкінішке қарай, бұл күнде асық ойнайтын бала азайып, қалалы жердегі балалар мұндай ұлттық ойын бар екенін де ұмытып барады.
Ah2B0T6oly5t3Y6kc2I1gPNU4tf9Rq"Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе" деген екен Алаш ағартушысы Мағжан Жұмабаев. Қазақ қадіріне жете білетін болса, ұлттық ойындарға өте бай халық. Біз бүгін соның ішінде – асық ойыны туралы аздап қалам тербегенді жөн көрдік. Қазіргі заманымыз технологияның өрлеу дәуірі. Сондықтан болар, заман талабына сай кейбір құндылықтарымыз жаңарып, жаңғырып жатса, кейбір дүниеміз ағымнан қалып, көңілден ұмыт болып бара жат-қаны да жасырын емес
Асық ойыны арнайы орынды талғамайтын, кез келген жазық жерде ойналатын спорттың түрі. Үлкендердің бата бергенде "асығың алшысынан түссін" деген сөзінің өзінде терең мағына жатыр. Асық жастардың жүйке жүйесін дұрыс қалыптастырады. Ой өрісін кеңейтеді. Мінез-құлқын байсалдылыққа, төзімділікке тәрбиелесе, қимыл-қозғалысын дәлдікке, есептікке жетелейді. Бала асықты көздегенде сәл еңкейетіні бар. Осы көздеу процесі – тұнып тұрған йога. Аяқ-қол серпіледі, жүрекке дем массажы жасалады. Буындары қатайып, босайды. Айта берсе, көп-ақ. Денсаулықтан бөлек, асық ойыны – баланы санауға үйретеді. Айналасындағы адамдармен тіл табысуға баулиды. Одан қалды, сақасына қорғасын құйып жүріп, металл өңдеуді меңгеріп алады.
Асық ойыны – атадан балаға жеткен асыл мұрамыз деп есептесек, бабаларымыз айтып кеткен "асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар" деген мақалды да өзгертетін сәт келген сияқты. Бүгінгі таңда жас жеткіншектерге асық ойна деп ойната алмайсыз. Олар төрт қабырғаға қамалып, таң атқаннан күн батқанға дейін компьютерге телміріп, қимылсыз отырады. Ата-анасы баласының одан қаншалықты деңгейде денсаулығынан айырылып, ішкі рухани жағынан өзгеріп бара жатқанын білсе де, еш дәрмен көрсете алмайтын жағдайға жетті. Мұның соңы Мұхтар Шаханов айтқандай "Компьютер басты жарты адамдарға" апармасына кім кепіл? Сондықтан да жас ұрпақты пайдалы іске жұмылдырып, зиянды әдеттерден сақтау – баршамыздың міндетіміз.
Құдайға шүкіршілік, бүгінде апталдай азаматтарымыз елімізде "Асық ату" федерациясын құрып, ауыл-аймақтардағы мерген жастардан ұлттық құрама жасақтаған. Яғни, сең қозғалды. Енді келесі қадамды жас жеткіншектеріміздің өзі жасаса деген тілек бар.
Қуаныш
        ЕСҚАБЫЛ
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓