Қоңыр сағат (Балаларға арналған әңгіме)

часыБіздің үйде сағаттың бірнеше түрі бар. Соның біразы ескіден келе жатқан сағаттар екен. Оларды лақтырып тастайтындай көштен қалып бара жатқан жоқ. Бірінің сыртындағы көздің жауын алатын қанық бояуы кете бастаған болса, бірінің кілтін бұрап қойсаң да уақытты кешірек көрсететін марғау жүрісті, тағы бірінің оятқышы істен шыққан дегендей. Олардың, осы сағаттардың әрқайсысының өмірбаяны, өлшеулі ғұмыры, тарихы бар. Мысалы, анау қабырғада ілулі тұрған қоңыр сағатты атам мектептен ала келген. Оны оған балалар жеңіс мейрамына сыйлаған болатын. Тілі, сандары  темір, ағаштан жасалған сағаттың бетіне жылтыр лак жағылған, өзі өте сәнді. Қарапайым да болса сәнді көрінетін жұқаша келген, сүйкімді қоңыр сағат. Өмірбаянына келсек, пәлен-түген дей алмаймын, мен не біледі дейсіздер, мен ол кезде көшедегі қақтың суын шеті кетік болған соң есептен шығарылған кеселерге құйып өткен-кеткенге шай беріп, мақтау естіп, бата алып, соған танауым делдиіп жүгіріп жүрген кішкене қара қыз болатынмын.
Әйтсе де, білуімше, бұл сағаттың өмірбаянының ең бір жемісті жылдары біздің үйде өтумен келеді. Себебі, оған дейін ол қорапшада тып-тыныш ұйықтап жатқан болатын. Жүрмейтін. Мұнда келген соң атам оны өзі әспеттеп, өз қолымен жөнге келтірді: батареясын салды, тілін анық уақытқа келтіріп қойды, сонан соң сағатың сыртылдап ала жөнелген-тін.  Оның алтын өмірі атам бар кезде болды: небір-небір ақылгөй адамдар, ақ кимешекті әжейлер, сәлемшіл жастар да, туыстар, көршілер, таныстар бәрі-бәрі атама жиі келетін. Бірі бұйымтайын айта келсе, бірі ауыл-аймақтағы бір мәселе туралы ақылдасуға, тағы біреуі жай ғана амандық білуге, енді бірі шағымданып, біраз мұңын айтып жеңілдеп қалу үшін келетін. Қоңыр сағат соның бәріне куә болатын. Оның жүрегі – тілі, сыртылдағаны тірі екендігінің белгісі. Ол өзі үшін өмір сүреді.
Жалпы сағаттар да әр түрлі болады: даңғойы да қарапайымы да, ұстамдысы да жалқауы да, жүйрігі де болады. Ол неге олай екендігін тап басып айта алмаймын, сірә бұл оларды жасаған шеберден кеткен аз-кем жаңсақтықтан ба екен. Қоңыр сағат зат қой. Үнемі сергек, құлағы түрік, көкірегі ояу, көзі ашық: үйдегі әңгімені құлағы қалт жібермейді, көзінің қиығымен кісілердің бет -әлпеттерін бір шалып қаншалықты рас-өтірік барын бағамдай қояды. Енді немене, сағаттарды соншама ақымақ деп пе едіңдер? Олар бізден ақылды. Карта ойнап жатқандардың бірін-бірі қалай алдап отырғанын, тағы сол сияқты толып жатқан іс-әрекеттерді көріп қоңыр сағат басында таң қалғаны сондай таңдайын тақ еткізуші еді. Кейін оған көзі үйреніп кеткені сондай, тырс еткісі де келмейтін. Сонымен сол қоңыр сағат атам іссапарға кеткенде қатты қай-ғырды. Бірақ ол өмір сыртылдап секунд, минут… жылдар болып жалғасады. Өйткені бұл сағат қой. Оның басты міндеті де осы – уақытты көрсету, адамдарға бағдар беру. Үйреншікті жүрісінен жаңылмай кейде жылдай ұзақ, кейде қас-қағымдай болып өтетұғын күндерді артқа тастап отырды. Енді оның бастығы әкем болды. Ол үнемі әкемді атаммен салыстырып отырады. Көңілі толмайтын. Дегенмен көңілі толатын тұстары да аз емес-тін. "Е-ее сен де кең пейілді екенсің ғой, мен сені сараң деп жүрсем". "Не деген балажан неме едің", "Ойпырмай неткен күлкілі едіңдер, шырақтарым-ай…". Бұл қоңыр сағаттың байламдары. Ол өзі қарт сағат қой, сондықтан шалдарша ойлайды. Білмеуші ме едіңдер, сағаттардың өмірі адамдардыкіне қарағанда қысқарақ қой. Сондықтан атам алып келгенде қорабында ұйықтап жатқан бала сағат тез есейді. Сол кезде қырыққа жақындаған әкеме "балам" деуі сондықтан. Өткен ғасыр, көшкен жылдар жәдігер секілді болып көнерген бұйымдар арқылы да сыр шертеді, тек оны ұғар  сана, естір құлақ болсын, балалар. Қазір қоңыр сағат ағамның үйінде тіршілігін жалғастырып жатыр. Енді ол оны әкеммен салыстырады. "Құдая тоба, заман не болып бара жатыр, жастар ерте есейген бе" дейді оны әкеммен салыстырып отырып. Сағаттың маңында талай сырлар шертілді, бұл көбінесе үйге қонаққа келген келіншектердің, балалардың күлкілі яки құпия  әңгімелері.  Төр бөлмеде ілулі тұрып,  соның бәрін естіген қарт сағат үнемі таң қалудан танбай келеді, "көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра деген осы екен ғой" дейді. Дегенмен, ата сағат қазіргі өміріне риза. Себебі, оның қазіргі бастығы өзінің иесіне, атама келеді екен, түрі де, кейбір мінездері де. Сондықтан, үйдегі жаңалықтарды жақсы білетін ол кейде бірдеңе айтқысы келіп жүрісін азайтып та, одан соң шапшаңдатып та көрді, бірақ адам деген беймағлұм жан иелері екен, ғой ештеңеге түсінбейді. Сосын амал жоқ жүрісінен жаңылмай, менің міндетім – жол жүру деп алға қарай жылжи берді.
Жақсы көретін әндері толып жатыр. Соның бірі – "пнппнп." Әсіресе уақыт туралы әндерді жақсы көреді. Неткен парасатты, ақылдылығы адамға бергісіз сағат екенін білсеңдер ғой.  Тура бір  қайран қалып, қабағы ашылып бар әлемді бір сәт ұмытып кетіп сахнадағы балалардың өнеріне қарап ынта-ықыласымен қадағалап отыратын Шәкең жарықтықша кітапты да, өнерді де, мәдениетті де жақсы көреді. Неге дейсіңдер ғой? Неге десеңдер, ол төр бөлмеде ілулі тұратын. Ал онда теледидар тұратын. Теледидардан үйдегі үлкендер небір-небір жақсы фильмдер мен концерттерді, тағылымды хабарларды таңдап көретін. Ол кезде атыс-шабыс, басты мақсаты өлтіру болатын мисыз мультфильмдер тіпті де көрсетілмейтін. Қоңыр сағат сол бір жақсы мультфильм-дер мен киноларын, әндерін сағынады. Үйде сөрелерде кітаптар бар. Енді анау айтқандай "кітапхана" емес. Дегенмен, жақсы-жақсы, оқуға тұрарлық кітаптар. Олар не туралы, кімдер жазғанын да сағат біледі. Өйткені үйдегілер, үйге келгендер соны ара-тұра бір-біріне баяндап отыратын. Үш заманның куәгері, ата, әке, баланың билік құрған тұстарын көре отырып мына кішкене балалардың замандарын да көрер ме еді деп армандайды.  Әй, Шәке-ай, өмірдің құны қазір тым қымбат, аспанға шығып шарықтап кеткен. Сондықтан сағат сіз түгіл адамдар біз де ертеңді, онан арғы күнді көрсек екен деп армандаймыз. Және дағы өмір сапасы жақсы болуын тілейміз. Қоңыр сағат дін аман, жүрісінен жаңылмай             жүріп жатыр, иесінің үйінде, заңды орнында өмір сүріп келеді.
Толып жатқан қол сағаттар бар. Менің айтайын деп отыр-ғаным үйдегі екі сағат туралы. Дөңгелек қызыл сағат және төртбұрышты күрең сағаттар жайлы айтайын. Пәлендей алып бара жатқан ештеңесі жоқ, екеуі де оятқыш сағаттар. Тек қазір оятпайды, уақытты ғана көрсетіп тұрады. Үлкенірегі анау күреңі. Ол бірнеше жыл бізді сабаққа оятып тұрды, оны әжем қаладан алып келген. Тек ол маған ұнамайтын. Себебі, қоңырауы сызыла күңіреніп шығатын, оған бірден оянып кетпейсің ғой, бұл күңіренуі түсіме кіріп ылғи таңертең қорқынышты түстен жүре-гім атқақтап оянып кететінмін де мына сұм сағатты көргенде бірден қоңырауын басып тастайтынмын. Қалай оянсаң күнің солай өтеді дейді психологтар. Психолог деген сөздің түбірі "псих", ал  "олог" сөз түрленді-руші жұрнақ яғни, психолог дегеніңнің өзі-психтарды зерттеу-ші дейді он үш жасар Қанат.  Солай ма, жоқ па әркім өзі біледі. Бірақ мына сағатты содан бері жек көріп кеткенмін. Күнде қорқынышты түс көрудің несі жақсы. Түсі де ұнамайды. Қызылша түстес. Сырты да, шынысының ішіндегі түсі де сондай. Тілі мен сандары ғана қола түсті. Аты "янтарь". Қай жері янтарь екенін қайдам, оған "свекла" деген ат анағұрлым жарасар еді.  Ал мынау дөңгелек қызыл сағат ананың қоңырауы істен шыққан соң келген сағат. Оны әкем біраз ауылды шарлап барып бірінің дүкенінен аттай қалап сатып алған еді. Үйге келгені есімде, кәмпит-шәмпит, көйлек-көншегіміз түгенделіп болған соң сүлгілерді үлкен қырыққабаттай етіп орап тастаған екен орауын жазып жатыр, жазып жатыр. Бір кезде суырып алып "міне, енді кешікпейтін болдыңдар!" деген еді. Мен қуануын қуандым, бірақ кішірек балалардың қуанғаны түк те байқалмады. Сағатты сылтауратып ұйықтап қалып жүрген бақыр басты, ши бұтты, қыл мойын шіркіндер оның сырт пішінін келеке қылысты. "Жаман, доп-домалақ қой, және қып-қызыл, сағат емес доп сияқты" деп тырқ-тырқ күлісті. Обалы не керек, бұл сағат бізді біраз жерге жеткізді. Осы сағат мектепті бітіргенше оятып жүрді. Ал қоңырауы дар-дар ететін.  Әрине анадай зор дауыстан тез оянасың. Және дағы дар-дар етеді ғой. Мысықша бір-ақ ырғып, жаудың үнін бірден өшіретінбіз. Сызыла күңіренгеннен дар-дар еткен анағұрлым сүйкімдірек, және әмірі бірден миға жетеді. Әйтпесе бақыр басымызды көтерместен біраз білімнен құр қалатын едік. Кейінірек қоңырауы істен шықты. Жөндеуге келеді ме, жоқ па білмедім. Қазір бірақ қоңырау деген мәселе емес. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін ұялы телефон ұстайды, тіпті ең қарапайым, ең арзанында да қоңырау бар. Осы бір ақ жүзінде қарамен сандары басылған, қызыл сағат кешегі жақсы күндердің көзі тірі куәсі, қуанышы мен қызығы мол кездің белгісі секілді. Құдды бір ол қазір де жақсы ырым, жақсылық  шақырып тұратындай. Оны сандыққа салып тастауға қимадым, ара-тұра кілтін бұрап қойса болғаны кінәмшіл емес. Түнде оның сырт-сырт еткені тыныштық тілі секілді. Тыныштықта да тіл болады ғой. Ол осы сағаттың сырт-сырт етіп соққаны. Сағат соғу үшін, уақытты көрсету үшін қажет. Оның басты міндеті осы. Сондықтан оны сандыққа салып қоюдың керегі не. Меніңше ол істеп тұ-рып емес, текке жатып тез тозатын секілді. Біздің үйдегі екі сағат осылар. Айтпақшы екеуінің де аты "Янтарь". Адамдарды да "жуан Манат", "сары  Манат"  деп жатады ғой. Сол секілді "қызыл Янтарь", "күрең Янтарь". Тек қызыл сағаттың аты ағылшынша жазылған, ал сандары  орысша. Кімге қайсысы ұнағанын  білмедім.  Оны енді әркімнің өз талғамы біледі.
Менің айтпағым адам, жан-жануар түгіл заттарда да ғұмыр, тағдыр болады. Олар күтіп ұстағанды, қастерлегенді сезіп, сыйға – сый қылып жақсы қызмет етеді, бойына жағымды, жақсы қуат жинап, оны иесіне, адамдарға тарту етеді. Яғни, үстел, теледидар, компьютер, телефон, қалам, т.с.с., айтамын. Құрдастар, достар,  отбасы мүшелері, мұғалімдерді ғана сыйлау, Ақтөс кү-шік пен Барыс мысыққа ғана жақсы қарау аздық етеді. Сондықтан, балалар,  мұны әркімнің ақыл-парасатының тереңдігіне қалдырамын. Сендерге пікірталас үшін сұрақ: уақытты алдау мүмкін бе? Меніңше: әрине. Уақытты да сағатты да алдауға болады. Қалай екендігін өздерің ойланып көріңдер. Жауаптың үш-төрт нұсқасы бар. Шешуін логикадан сабақ беретін  апайларыңнан сұрап білулеріңе болады, олар анық біледі.
Ділнар Дүйсенғали.
Меңдіқара ауданы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓