Берекелі Рамазан
Міне, биылғы жылдың оразасы да аяқталуға жақындап қалды. Облыс орталығындағы зәулім мешітте демеушілердің қолдауымен күніне ауыз бекіткен 500-ден астам адамға ауызашар беріліп келеді.
Мұндай игілікті шара облысымыздың көптеген мешіттерінде жүзеге асып жатқанына куәміз. Жалпы, облыс көлемінде күніне шамамен 2350-ге жуық халыққа дастарқан жайылып, жомарт жандар олардың шынайы алғысына бөленіп жатыр.Әрине, бұл тек ас ішіп, аяқ босату емес. Әрбір ауызашар рәсімінде имамдар уағыз айтса, Қалқаман Жақып, Ақылбек Шаяхмет секілді өңірімізге танымал кісілер дін мен дәстүрді дәріптейтін ұлағатты да әсерлі әңгімелерімен көпшілікке айтудан жалыққан емес.Сонымен қатар, мешітіміздің жас мамандары Әлішер Балахмет пен Тимур Туребаев өздерінің ой-өрістерінің кеңдігін көрсетіп, оразаға қатысты түрлі викториналық сұрақтармен жамағаттың көңілінен шықты.
Сондай-ақ, гір тастарын көтеруден, планкада тұрудан және басқа да спорт түрлерінен тағылымдық жағы мол шаралар да өткізілді.Берері мол жиындарда қазіргі кезде мұсылмандардың үйлену тойы, баланың ақиқасы мен шілдеханасын өткізуге белсене атсалысып жүрген Азамат пен Талғат секілді асаба бауырларымыз сөз маржанын төгіп, ауызашарлардың көркін барынша аша түсті.Сонымен бірге, Федоров ауданындағы Жиентай қажы мешітінде Рамазан айының құрметіне жамағат арасында волейболдан жарыс өткізілсе, Әулиекөл ауданындағы Әмит ишан мешіті «Ораза айында ішімдік сатпау» акциясын ұйымдастырды. Бұл игі бастамаға аудандағы 10 дүкен қолдау көрсетті. Әрине, бұл да түсінген кісіге салауатты өмір салтын ұстануға бастайтын ізгі амалдың бастауы.
Жалпы, әрбір ауызашарларға қатысқан жерлестеріміз өздерінің дән ризашылықтарын білдіріп жатқаны бәрімізді де қуантады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі