Басқа карталарға рұқсат жоқ
Kaspi.kz сервисі басқа банк карталарымен төлем жасауға тыйым салды. Бұдан былай үйден шықпай мобильді қосымша арқылы коммуналдық қарыздарды төлеу үшін тек осы банктің картасы қажет болады.Сервис өз тұтынушыларына төлем жасау үшін тек "Kaspi әмиян" мен Kaspi Gold картасын таңдауға кеңес беріп отыр. Басқа банктердің карталарына тыйым салудың себебі, Kaspi Bank баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл қызмет аса танымал да болған жоқ және мұндай төлемдерде қосымша бонустар да түспеген. Нақтырақ айтқанда, тұтынушылардың көбісі онысыз да Kaspi Gold картасын қолданады.
Енді Kaspi.kz арқылы сауда жасап, коммуналдық қызметтер ақысын өтеуге үйреніп қалған азаматтар сол дағдыларын екі тәсілмен іске асыра алады: терминал арқылы "Kaspi әмиянды" толтыру немесе банктің кез келген бөлімшесіне барып, 15 минуттың ішінде Kaspi Gold картасын жасатып алу. Бұл картаға басқа банк карталарынан Kaspi-банкомат немесе Kaspi-терминалдар арқылы комиссиясыз ақша аударуға болады.