Абайлаңыз, алаяқтар!

«Жау жағадан алғанда, бөрі етіктен тартады». Еңселі елдігімізге қол жеткізіп, етек-жеңімізді жинап, түндігімізді түрген жатқан шақта солақай саясатымен түрлі оқиғалар да орын алып жатыр. Соның бірі – Қостанайда мешіт атын жамылған алаяқтардың пайда болуы.
АЛАЯК-2Қаламызда соңғы кездері мешіт қызметкерлерінің атын пайдаланып, өзгенің мүлкін заңсыз иеленіп жүрген алаяқтар қатары көбейіп барады.    Жаға ұстатар жәйтті жорамалдамай, мәселенің анық-қанығын білу үшін облысымыздың бас имамына барған едік. Марал Ишан мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбектің айтуынша, тек соңғы бір айдың ішінде ғана мешітке бірнеше тұрғын осындай шағым айтып келген.
Қала орталығында тұратын жалғызбасты әжейге осыдан бірер ай бұрын екі әйел кісі келеді. Өздерін орталық мешіттен, имамның тапсырмасымен келдік деп таныстырады. Бір аптаға жуық уақыт әлгі әжейдің үйін тазалап, кірін жуып, тамағын істеп, жалпақ тілмен айтқанда бар жағдайын жасайды. Сенімге кіргендерін білген екеуі жоспарлы жұмыстарына кіріседі. Әжейге тұрып жатқан үйінің әлдебір құжатының дұрыс емес екенін айтады. Еш жамандық ойламасын білген қамкөңіл қарт алдына келген құжаттарға қол қоя беріпті. Біраз уақыт өткеннен соң әжей алғысын айту үшін мешітке келеді. Бұл жағдайдан хабарсыз Асылхан қажы Түсіпбек істің шын-расын білмекші болады. Дәл осы уақыттарда алаяқтардың ол үйден қашып кеткені белгілі еді.
 Асылхан қажы Түсіпбек, Марал ишан атындағы мешіттің бас имамы: Жеңіл жолмен ақша табуды көздегендер көбіне қарт кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды тұзаққа түсіріп отырған. Олар: «Имамның нұсқауымен келдік, сізді қамқорлығымызға алып, жәрдемдесеміз, тұрмыстық тұрғыдағы барлық шаруаларыңызды жайғастырып береміз» – дейді екен. Сенімге кіріп алғаннан соң, арам ойларын жүзеге асырады. Бірнеше егде кісілердің баспана құжатын қолдарына түсіріп, өз аттарына заңдастырған. Тағы бір жағдай бар. Алаяқтар қалталы азаматтарға, кәсіпкерлерге барып, көмек сұрайды. «Осындай бір адамға қамқорлық көрсеткелі жатырмыз, соған қаржылай қолдау танытсаңыз» деген сияқты мешіттің атынан сөйледі. Міне осы мәселелер жөнінде біз әрдайым құқық қорғау органдарына хабарласып отырамыз.
Асылхан қажы облыс көлемінде өткізілетін кез келген діни іс-шаралар арнайы рұқсат қағаздары арқылы жүргізілетінін ескертеді. Қалталы азаматтар мен кәсіпкерлерден материалдық көмек алу үшін де мөрі басылған, бас имамның қолы қойылған заңды қағаздардың керек екенін айтамыз. Сондықтан орталық мешіт алдағы уақытта алаяқтардан абай болуды ескертеді. Егер осындай жағдай орын алса немесе сыбыстар шықса мына төмендегі телефондарға хабарласуға болады: 8(71440) 54-66-77, 54-75-46.
 
Қасқырбай Қойшыманов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓