Жүн мен теріден – түрлі өнім шығаруға кіріскен кәсіпкер Қанат Тоқышев туралы сөз

IMG_1033Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындауға 
байланысты елімізде шағын және орта бизнесті қолдау үшін 2015-2017 жылдарда ұлттық қордан тоғыз триллион қаражат бөлінетін болды.Осынау қомақты қаражаттың мақсатты  жұмсалуын Үкімет пен арнайы құрылған комиссия қатаң қадағалайды.Бұл туралы Елбасы  кейінгі кезде өткізген мәжілістерінде  бірнеше рет ескертті.Ұлттық қордан бөлінген әрбір қаржының игерілуі жіті назарда
болады, ─ деді. 
Мемлекет басшысының бұл сөзін қостанайлықтар да бірауыздан қолдап отыр. Елбасы «Орта және шағын бизнесті дамыту – бұл ұлттық экономиканың өсуінің тиімді драйвері», деді. Осы мақсатта
 банктер алдағы үш жылда шағын бизнесті қолдауға 155 млрд. теңге бөледі. Мемлекеттік бірқатар бағдарламалар биылғы жылы да кең өріс алып отыр. Соның бірі ─ «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы. Бұл бағдарлама 2011 жылдан бері қарай кәсіптің нәсібін көрем деген жандарға үлкен демеу жасап келе жатқанын жұртшылық көзбен көріп, біліп отыр.Талай азаматтар осы бағдарлама бойынша төменгі пайызбен несие алып, өздерінің кәсіптерін ашып, оны дамыту үстінде.
Осындай игі бастамалар Меңдіқара ауданында да қанат жаюда.Соңғы екі жыл ішінде мұнда ұсақ өнім шығаратын кәсіпорындар ашылды. Солардың бірі құс жүнін тазалап, өңдейтін шеберхана. Ауданда жақында пима жасайтын цех ашылып, өз жұмысын бастады. Цехты ашқан Ұзынағаш селосының тұрғыны Қанат Тоқышев. Ол ауыл әкімі Тілеуқабыл Дүйсеновтың кеңес беруімен  аудан басшысы  Серікжан Жақаевқа кіріп, оны өзінің жоспарларымен таныстырып, үй-жайдан көмектесуін сұрады. Аудан әкімі кәсіпкердің бастамасын қолдап, оған селодағы шағын бір бөлмені жалға бергізді. Қанат бөлмені қалыпқа келтіріп, ішін қажетті құралдармен және материалдармен жабдықтады.
  Барлық жұмыс іс бастауға толық дайын болған  соң пима басатын шебер маманды іздеді. Сұрастыра келгенде көпшілік бұрынғы етікші Қанат Бопиннің есімін атады. Екі Қанат кездесіп, пікірлесіп, ортақ байламға келді. Етікші Қанат пима басуға келісімін берді. Сөйтіп пима цехы өмірге келді. Бүгінде онда әртүрлі өлшемде пималар басылуда. Әрине, тұрғындардың тапсырысы бойынша.
       Біздің солтүстіктің аязды, боранды  қатал қысында далада еңбек ететін жұмыскерлерге пима ауадай қажет. Олардың, әсіресе, аяқтары тоңбауы керек. Аяқтары тоңса дүниенің кеңдігі жайына қалып, берекелері кетеді.  Сол үшін де олар көбіне шеберлер қолдан жасайтын пиманы қалайды. Бүгінде Қанаттың жасаған пималары сұранысқа ие болуда.
  Кәсіпкер Қанат Тоқышев осыны ескеріп, пима өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Алайда пима жасауға негізгі шикізат – жүн дайындау оңай болмай тұр. Себебі Меңдіқара ауданында қой аз. Адамдар көбіне қойды тұтынатын етке қана пайдаланады. Ал жүнді сырттан сатып алудың қиындығы да, шығыны да көп.Сондықтан да, Қанат Тоқышев Ақтөбе облысынан Еділбай қойын сатып әкеліп, өзі өсіргелі отыр.Себебі, оның меншігінде 620 гектар жері бар. Қой шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғызуға болады. Егер өзі қой өсіріп, оның санын жылма-жыл көбейтіп отырса, жүн мәселесі оңай шешімін табады. Қанат мұны жақсы біледі. Сондықтан да, мемлекеттік бағдарлама бойынша пайызы төмен несие алып, қой өсіруді реті келсе биыл бастағысы келеді. Ал оған дейін қажетті жүнді өз ауданының халқынан сатып алып, пайдалана тұрмақ. Оның жоспары – 5000 қой өсіру. Сонда пима шығарумен қатар, қой етін көптеп сатып, пайда табуына жол ашылмақ.
  Егер мен қой санын 5000 басқа жеткізсем, күніне 20 қойды тұрақты түрде етке жіберуіме болады. Бұдан түскен қаражат айналымда болады. Ол қаржыға етті консервілейтін, өңдейтін қондырғылар мен жабдықтар сатып алар едім. 5000 қойдан 5000 кг жүн алынады. Ал, 5000 кг жүннен 3000 пима жасап шығаруға болады. Қойдың жүнімен қатар терісін де  үлгіртіп, одан тон тігіп шығаруды да ойластырып отырмын. Тіпті жүннен кілем тоқуға, ұлттық өрнектермен безендірілген текеметтер және күнделікті тұрмысқа қажетті киіз басуға  болады. Мысалы: қазақы киіз үйлерге қажетті  түрлі туырлықтар жасасақ несі бар?! Қазір ауылдық жерлерде киіздер өте қат болып тұр ғой. Негізі киіздің пайдасы өте мол. Оның бәрін айтып, уақттарыңызды алмай-ақ қояйын,деді Қанат ағынан жарылып.
  Байқағанымыз ол  тереңнен олайтын азамат екен. Әңгіменің де шебері көрінді.
  Менің есімде  шешен ұлтының азаматы айтқан бір әңгіме ұмытылмастай болып қалған еді. Ол  былай дейтін: «Бір кедей Аллаға жалбарыныпты: Е, Алла тағала, маған көмектесіп, мені кедейліктен құтқара көр!» депті. Алла оған бір қой беріпті. «Осыны өсір,   сонда – сенде бәрі болады.  Еті – тамақ, терісі – тон,  жүні – киім», – дейді.  Әлгі шешен Алла тағаланың айтқанын бұлжытпай орындап, деген мақсатына жетеді.  Алла тағаланың ақылына риза болған шешен халқы содан бері қой өсірумен айналысып келеді. Ал біздің қазақтың жалпақ даласы тау халықтарындай емес, мал өсіруге қолайлы ғой, – дейді Қанат.
 IMG_8633 Қазіргі жұрт қазақтың қоңыр пимасын қытайдың жылуы жоқ сырғыма етіктеріне айырбастап жібергелі біраз болып қалды ғой. Оның сырты сұлу болғанымен, еш жылуы жоқ. Сол сырғыма етіктен ауру тауып жатса да, біздің қазақ бəрібір өзге елдің бұйымдарына қызығуын қоймай келеді. Ал тері шалбар, тері тон киген ата-бабаларымыз ешқашан ауырмаған, суыққа тоңбаған. Сондықтан да, олар «Тоғыз қабат торқадан – тоқтышақтың терісі артық» деген. Сол сияқты қойдың, түйенің табиғи жүнінен және ешкінің түбітінен жасалған қазақы киімдерді пайдаланған. Соның арқасында олар күш-қайратты болған. Жерін – жауға, елін – дауға бермеген.Негізі осындай  өнімдерге тапсырысты күшейтуіміз қажет. Ол үшін Қанат сияқты заманауи ұлттық өнім өндіргісі келетін азаматтарды қолдауымыз қажет-ақ.  Әрине, бұрынғы заман өткен.  Жүн байпақ, пима т.б. және жүннен иріліп тоқылған күртеше, тері тон бәрі де өткен ғасырдың еншісінде қалды.  Қазіргі таңда дүкен сөрелерінде жасанды былғарыдан жасалған етіктің түр-түрі бар. Әрине, өте сәнді, бірақ ол ешқашан таза былғарыдан жасалған ұлттық киімдерге жетпейді. Теріден, жүннен жасалған киім адамдардың күш-қуатын арттырған. Ал қазіргі бірқатар киімдердің еш жылуы жоқ. Әсіресе, синтетикалық талшықтан жасалған киім-кешектер денсаулыққа зиянды екенін бүгінде ғалымдар жарыса жазуда.
   Қазір Ресейде жаңа үлгідегі пималар шығарылуда. Бұл туралы Қанат:
 Жұмысын биылғы жылдың 1-нші қаңтарынан бастаған Еуразиялық Экономикалық Одақтың арқасында Қазақстан, Ресей, Белоруссия арасындағы тауар айналысы жақсарып, біздің пималарымызға жол ашылатыны қуантады. Өйткені бізге тапсырыс бар. Бірақ алысқа сермеуге əзірге қолымыз қысқа болып, қиналып отырған жайымыз бар. Қысқы киім болғандықтан, пима саудасы тек желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында ғана қызады. Наурыздан бастап күн жылынады да, пиманың елге қажеті болмай қалады. Саудагерлер,  жол тазалаушылар мен малшылар болмаса, жаяу жүруді білмейтін қала халқы пимаға аяқ киім деп қарамайды. Оның есесіне кəсіпорнымыздың тігін цехы дайындаған  қысқы киімдері жақсы өтеді. Бізде әзірге тері илейтін арнайы цех жоқ, сол себепті теріні басқалардан сатып алуға мәжбүрміз.  Сондықтан биыл жыл аяғына дейін қой, ешкі терісін илейтін  цех ашқым келеді,деді.
  Айналадағы сән үлгілер мен жаңалықтарды қалт жібермейтін Қанат унти-угимен  етікті  бір-бірімен байланыстырып, жаңа үлгідегі заманауи өнім шығаруды да  ойластырып отыр. Өнімдерінің көлемін кеңейтпек, жоспарларын жүйелі және мақсатты жүзге асырмақ. Бірақ, бұл үшін Қанатта айналымдағы қаражат болуы керек қой. Жоспарлап отырған кәсібін ілгері  жылжытуға басты кедергі — қаржы  тапшылығы.  Үкіметтен несие алғысы келеді, бірақ несие алу үшін кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік керек. Жеке басындағы үйі мен  машинасынан өзге Қанатта кепілге қоятын зат та жоқ. Бұл инициативасы жоғары, өзгелердей алыпсатарлықпен айналысуды көздеген адамның емес, елді табиғи таза жүннен, теріден жасалған сапалы өнімдермен қуантқысы келетін, ұлттық өнімді өркендетем деген азаматтың өтініші. Облысымыздағы тиісті қаржы несиелеу мекемелері малдың жүні мен терісінен сұранысқа ие ұлттық түрлі киім-кешектер мен тұрмысқа қажетті өнімдер шығаруды мақсат етіп отырған кәсіпкер азаматқа төмен пайызбен несие немесе грант беріп, қолтығынан демеп жіберсе, өте пайдалы болар еді.
   Иә, меңдіқаралық кәсіпкер Қанат Тоқышевтің жоспарлары көңіл куантады. Ол төрт түлік өсіріп, одан  өмірге қажетті сан түрлі тауарлар жасаған ата-баба кәсібін бүгінгі өркениетті заманауи талаптарға сай жалғастыруға бел байлап, білек сыбанып отыр. Лайым, жолы болсын! дейміз.
Ақнұр Мұсабаева
  Суреттерде:  меңдіқаралық кәсіпкер Қанат Тоқышев және оның  жұмыс тобы.
 Суреттерді түсірген  Айбек ЖҮЗБАЙ
 

You may also like...

5 Responses

  1. Талгат айтты:

    Казаки макала екен, авторы ким? " Адырна" сайтына бассам деп едим.

  2. Серік айтты:

    Мақала бүгінгі күннің өзекті мәселесіне дөп түскен екен.Жүн мен теріні өңдеп түрлі бұйымдар жасау менің де ойымда жүр еді.Қолда бар шикізатты сырттан алғанша  өзіміз өндірсек жақсы емес пе?Осындай цехтар әр ауданнан ашылса және ашам деуші Қанат сияқты азаматтарға қолдау көрсетсе дұрыс болар еді.Ақнұр қыым мақаланы жақсы жазыпың, бәрі айқын, түсінікті. 

  3. Камила айтты:

    Жүн өнімдерін өндіруді қолға алатын цехтар ашылса жақсы болар еді. Теріні   әйтеуір біреулер аз мұз акша беріп жинап алып кетеді..Ал жүнді   свалкіге төгіп тастаймыз.Казіргі таңда ешкім жүнді үлгіртпейды. ауылдық жерлерде шұлық тоқуы мүмкін.Оның өзін жастар кимейді.Заманауи үлгідегі киімдер киеді.Жаңа  үлгідеги төсеніштер жасап шығарса жұрттың бәрі алады деп ойлаймын.Табиғи жүннен жасалған  төсеніштерге не жетсін.Осындай мақалалар көп шықса   халыққа ой салар еді.

  4. Асем айтты:

    Осы алган беттеринизден кайтпаныздар "Костанай таны!" Казакылыктын иси шыгатын осындай хабарлар коп болса! мынау азаматка алаган бетинизден кайтпаныз дегим келеди!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓