Елбасы шыршасы өтті
Желтоқсан айы келіп жеткенде қай бала да жаңа жыл шыршасын, сан түрге құбыла оралған әшекей моншақтарын, Аяз атаны, Ақшақар қызды, сиқырлы ертегілер әлемін пәк көңілімен, ізгі ниетімен күтеді.
-Бүгін облыс орталығындағы драма театрында Қазақстан Республикасының Президенті атынан өтіп жатқан Жаңа жылдық шыршаға бірінші рет қатысып отырмын. Есімім – Мирас. Н. Крупская атындағы негізгі мектебінің 6 сыныбында оқимын. Математика пәнін жақсы көремін. Математикадан пән сайысына ауданға бардым. Спортпен айналысамын. Президент шыршасына ауданнан алты оқушы қатысып отырмыз. Маған жаңа жылдық шырша қатты ұнады. Балалар әр түрлі ертегілер кейіпкерлерінің киімін киген, барлығы әдемі, тура сиқырлы елде жүргендейсің. Жаңа жылда жаңа білім белестеріне жеткім келеді. Сондықтан барша балаға, елімізге жақсылық, қуаныш, табыс тілеймін. Ұстаздарыма, ата-анама рахмет айтқым келеді, – деді аманкелділік Мирас Жанболатұлы.
Расымен-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті атынан өтіп жатқан жаңа жыл шыршасына жиналған балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жайнайды, көңілдері көтеріңкі, әсем сазды музыка да ойнап тұрды. Жаңа жыл шыршасына өңіріміздің әр түкпірінен 200 бала қатысып отыр. Президент шыршасы жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл Елбасы атынан балаларға смартфондар, Астана туралы кітап, тәттілер сыйға берілді.
Жаңа жыл шыршасына жиналған оқушыларды үлкен экраннан ҚР Президенті Н.Назарбаев құттықтады. Елбасымыз өзінің құттықтауында әр бала жаңа жыл шыршасын асыға күтетіндігін, шырша тойы әрқашан есте қалатындығын айтты.
-Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Келер жаңа жылда барлығы да өзгеше болады. Сендер жаңа жетістіктерге жетесіңдер, жаңа білім аласыңдар, керемет жаңалықтар ашасыңдар. Қашанда отбасыларыңа деген шексіз сүйіспеншіліктерің, достарыңа деген адалдықтарың, ұстаздарыңа деген құрметтерің болсын, – деді елбасы.
Сол секілді оқушы балаларды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жаңа жылмен құттықтады, ізгі тілегін білдірді, жылы лебізін айтты.
Балаларға арналып жаңажылдық мерекелік бағдарлама ұсынылды, қызықты ойындар ойналып, әсем әндер шырқалды.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ