Заңды білу – заман талабы

DSCN4025Әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай,  тура  жолмен  жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Заңды білу – заман талабы.
Мектептегі құқықтық сауаттылықты қалыптастыру – негізгі құқықтық бағыттағы тәрбие жұмыстары болып табылады. Мектептегі құқықтық тәрбие  жұмысы  1-сыныптан  бастап, белгілі бір жүйелілік пен ұйымдастырылған түрде оқуды бітіргенге дейін жүргі-зілуі қажет. Бұл өткізілетін жұмыстардың маңызы зор. Оқушылардың адам құқығы, бала құқығы жөнінде түсінік-тері кеңейіп, әр бала өз құқығын біліп, қорғауға, өзгенің құ-қығын бұзбауға міндетті екенін түсінеді. Бала  өз ойларын еркін жеткізе алатын, өз басына, міндеттеріне  жауапкершілікпен қарайтын жеке тұлға ретінде қалыптасады.
Құқықтық тәрбиенің негізі – оқушыға құқықтық нормаларды таныту болып табылады. Сол себептен өзім сабақ беретін 1"ә" сыныбында оқушыларды қоғамның заңдары мен нормаларын бұлжытпай орындау,  сыйлау рухында тәрбиелеу міндетім деп санаймын.
Жалпы құқықтық білім беру бағдарламасы бойынша айына бір рет, ал құқық сабағы әр аптаның сейсенбі күні өтеді.  Бұл бағытта мектеп Жарғысы оқушыларға арналған мінез-құлық ережелері құқықтық білімнің  алғашқы негізін қалайды. Онда оқушылардың  құқықтары мен міндеттері туралы нормалар бар.  Олар мектептің ішкі тәртібін меңгереді,  міндеттерін  ұғынып,  ал-ғашқы қоғамдық тапсырмаларды орындайды.
Оқушы балалар "Сен және сенің отбасың", "ҚР – көп ұлтты мемлекет", "Конституция – негізгі заң" тақырыптарында өткен сабақтарда отбасыдағы баланың міндеті, мемлекетіміздегі өзге ұлт өкілдері мен ұлыстардың тату-тәтті тұратындығы, бірлік бар жерде тірлік, татулық, достық, Конституция, оның баптарымен  және адам құқығы мен міндеттерімен танысты.
Ал, енді кезекті сабағымызда "Мақтанышым – мемлекеттік рәміздер" тақырыбын өткенде  оқушылар Қазақстанның мемлекеттік тілі қай тіл?  Бас қала қай қала? Рәміздерге не жатады? т.б сұрақтарға жауап бере отырып, Әнұранды орындады. Аяулым Абдилманова, Малика Ахметжанова, Алдияр Төлеген, Әділет Тұрсынбеков, Ту, Елтаңба, Отан туралы тақпақтар оқып, сөзжұмбақтар шешті.  Еліміздің  Әнұранының,  Елтаңбасының,  Туының авторлары жөнінде де мағлұматтар берілді. "Сөз ойла, тез ойла" ойыны өткізіліп, берілген сөздерден  сөз құрап жазды.
Тағы бір сабағымызда "Күнделікті тәртіп" ережесі талқыланды. Онда  оқушылардың сабақтан кешікпеу, себепсіз  сабақ қалдырмау, оқу құралдарын таза, ұқыпты ұстау, мектеп мүлкін сақтау, өзін қоғамдық ортада ұстай білуі туралы ескертілді. "Жақсылық және жамандық дегеніміз не?" деген тақырыпта  оқушылармен бірге сурет арқылы бірнеше жағдаяттар шешіп, "Екі дос" әңгімесін оқып, пікір-талас  ұйымдастырдық. Мақал-мәтелдер жаттадық.
Орынбасар ШАЛҒЫМБАЕВА,
М. Хәкімжанова атындағы №20 орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі.
Қостанай қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓