Жаратылысы бөлек ЖАҚСЫ АҒА

Жұмақан Сәдуақасов туралы сөз
Копия (2) img807Жүкең менің қасиетті Торғайдағы тумаса да туғандай болған, ерекше құрмет тұтып, үлгі-өнеге алатын ағам, жаратылысы бөлек ерекше тұлға. Бүкіл саналы ғұмырында есеп-қисап саласында еңбек етіп, ауданның нөмірі бірінші есепшісі атанған кісі.
 
1.Әріптестің әңгімесі
Осынау мақаланы жазар алдында жинаған деректерге үңіле отырып, кезінде осы "Қостанай таңы" газетінің Жанкелдин ауданында меншікті тілшісі болып істеген әріптесім, өмірден ерте өткен талантты қаламгер Мылтықбай Ысмағұлдың бір суреттемесіне тап болдым. Онда Жүкеңнің  өмір  жолы кеңінен баяндалыпты.
Жұмақан аға 1957 жылғы 1 сәуірден 1968 жылғы 1 сәуірге дейін Мемлекеттік банктің Торғай аудандық бөлімшесінде әуелі екі ай орынбасары, содан соң бас бухгалтері болған, 1969 жылғы 10 сәуірге дейін сол кезеңде жаңадан ашылған "Речной" совхозында (қазіргі Сужарған ауылдық округі) бас бухгалтердің орынбасары қызметін атқарған. Бұдан кейін 1986 жылдың наурыз айынан құрылымдық өзгерістерге сәйкес жаңа атау алған аудандық агроөнеркәсіптік бірлестікте табан аудармай 2000 жылға дейін мінсіз жұмыс істеді. Жарты ғасырға жуық есеп-қисап саласында жүрген Жүкең 1969 жылдан 1976 жылғы мамыр айына дейін ауыл шаруашылығы басқармасының аға финансисі бола жүріп, бас есепші қызметін де қоса атқарғанын көзі көргендер аңыздай етіп  айтып  отырады.  Сол  жылдары басқармаға құтаймай қойған бас есепшінің міндетін қоса айырма ақы сұрамай-ақ Жүкең өзі істей беріпті. Іске шын берілгендік үлгісі осы шығар. Қазір біреудің міндетін  қоса атқармақ түгілі, айлық еңбекақы алып отырған жұмысыңнан айналуға мұршаң болмай жатады…
Әрине, Ж. Сәдуақасов та алдындағы ағалардың тағылымды тәрбиесін көріп өсті. Мемлекеттік банкінің Торғай бөлімшесіне алғаш рет қызметке келгенінде Ахметбек Кенжеғарин, Ғалымжан Зарыпбаев, Мағзұм Бәйділдин, Ахан Тәштитов  секілді өз ісінің шын мәніндегі шеберлерінен үйренгені аз болмапты. Олардың жұмысқа деген қабілетін, өздеріне де, өзгелерге де талапшылдығын, оқуларының аздығына қарамай тоқуларының тереңдігін Жүкең тамсана айтып отырудан жалыққан емес.
Жұмақан аға Торғай облысы кезінде Жәнібек Кәріпжанов, Валентина Паненко, Арқалықта – Құдайберген Ержанов, Алматыда – Әждар Талқанбаев, Қостанайда – Боранбай Хасеновтермен бірге қызмет атқарған, сыйлас әріптес болған. Жүкеңнен тәлім-тәрбие алған шәкірттері туралы әңгіме өз алдына бір төбе. Өз ісін жетік меңгерген  әріптес  іні-қарындастары Кеңесбек Мәулетов, Балтабай Сармұқанбетов, Мәрияш Міркемелова, Ақжібек Жарасова және басқаларының есімдерін ілтипатпен атап отырды екен.
Осы Жұмақан аға шәкірттерінің бірі менің жұбайым, дүниеден ерте өткен Мәрзия Ғаниқызы еді. Сол аяулы жан  бұл  жалғаннан өткенше алыстағы ағасы мен жеңгесінің, олардың өсіп-өнген ұл-қыздарының тілеуін тілеп өтті.
 
2. "Торғай қызы"
1963 жылы сол Мәрзия Алматыдағы есеп-кредит техникумын бітіріп, жолдама бойынша мемлекеттік  банктің  Қостанай облыстық  басқармасына  келеді. Ол кезде басқарма бастығы Яков Мороз деген жөн білетін, істе сыналған, көпшілік құрметіне бөленген  жан  болатын. Әлі он сегізге де толмаған жас қызды көріп:
– Сені, қалқам, менің Жанкелдин ауданына жібергім келіп отыр. Нағыз қазақы жер, жас жігіттер де көп, сәтін салса, тұрмысқа  шығып,  сол  өңірге  бауыр басып кетерсің, – дейді.
– Жақсы, – дейді жас маман. Қолына бұйрығын алып, Торғай қайдасың деп тартып отырады. Бұрын атын естігені болмаса, болмаған, көрмеген жері. Қостанайдан таң ата шығып, қас қарая зорға жетеді. Оны күтіп алып жатқан да ешкім жоқ, қайда аялдарын да білмейді. Әйтеуір өзімен бірге келген жолаушылардың біреуінің нұсқауымен мемлекеттік банк бөлімшесіне келіп, оның басшыларымен танысады. Ақыры Мәрзия сол бөлімшеде өзінің банкир ретінде еңбек жолын бастайды. Алғашқы күні түскі үзілісте банкте бас бухгалтер болып істейтін Жұмақан Сәдуақасов деген азамат:
– Қарындасым, жүр біздің үйден  шай  ішеміз, – деп жол бастайды. Торғайда асхана, дәмханалардың жоқ кезі, қайда барам, не істеймін деп тұрған тәжірибесіз жас ағасының соңынан ерді. Бұрын колхоз басқарманың ерке қызы болған, Алматыда үлкен қызметтегі апа-жездесінің қолында тұрған, не ішем, не кием демеген Мәрзия Торғайдың тұрмысына үрке қарап, көпке дейін үйрене алмай жүреді. Және баспана жағынан да қиналады. Соны сезген Жұмақан ағасы:
– Біздің үйде боласың, – деп шешеді. Көпшіл, кісіге жуық, жатырқауды білмейтін Мәрзия бірер күннің ішінде сол үйдің өз адамы болып шыға келді. Жүкең мен Күләйімнің кішкене екі ұлы Нұрлан мен Руслан да "Мәрзия тәтем" деп еркелейді. Мәрзия сол Торғайда бір жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істейді. Сол уақытта Жұмақан мен Күләйім өзінің туған аға-жеңгесіндей, Нұрлан мен Руслан өзінің туған бауырларындай болып кетті. Содан бері қанша уақыт өтсе де сол туыстық, бауырлық қарым-қатынас үзілген жоқ. Мәрзия екеуіміз үй болып, алыста, Сібірде әскери қызметте жүргенімізде де Торғаймен хабарласып жаттық. Әскери қалашықта сол кездері ерекше қат дүние-лер мол болатын. Әдемі мата, үнді шайы, кілем, былғары бұйымдар –  тағы басқалары жетерлік еді. Табысымыз да жаман емес. Еңбекақы алған күні Мәрзия әскери қалашықтағы дүкенге барады. Торғайдағы  туыстарға  сәлемдеме салады.  Әлі есімде: үнді шайын, кедр жаңғағын, балаларға киім-кешек, Күләйімға көйлектік мата және Жүкеңе де бір шыны спирт жөнелтеді. Сыртына "Питьевой спирт" деп жазылған 96 градустық бір шиша бес сом бірдеңе тиын тұрады. Сөз арасында айта кетейін, сол Иркутскінің спиртінен ауылда қалған талай туыс-бауырлар Мәрзияның арқасында дәм татты. Әскери қызметті аяқтап, елге келгенде "күйеу баламен танысуға келдім" деп Жүкеңнің әдейі бізді іздеп келгені бар. Онда Бағира деген апамыздың бір бөлмелі пәтерінде тұрамыз, әлі жеке пәтер алмаған кез, ашық-жарқын мінезді, жөн білетін, сөзге ұста сол Жүкең бүгіндер  өзіміздің де ерекше арқа сүйер, ақылын тыңдар ағамызға айналды. Кейінгі туған балалар да қимас бауырларымыздай болып кетті.
 
3.Ағаның алды кең жайлау
Торғайға жолым түссе, тура Жұмақан аға үйіне тартамын. Ерекше құрақ ұшып қарсы алады, Күләйім жеңгей жылы-жұмсағын алдыма тосады. Үйдегі бала-келін Руслан мен Қарақат та қалбалақтап қалады. Олардың үйелмелі-сүйелмелі үш кішкентай ұлы да алыстан келген ағасының жанынан шықпайды. Астанадағы балалары –Ира, Нұрбек, Рүстемдер де  үл-кен  бір  өріске  айналғалы  қашан.  Дүние-ден ерте өткен Нұрланнан қалған тұяқ – Санжар мен Таңшолпан да аға қасынан табылады. Мереке-тойларда Жүкең құттықтау жолдауды ешқашан ұмытпайды. Әкем, Мәрзия дүниеден өткенде жердің шалғайлығына қарамай қасымнан табылған қастерлі ағам да осы Жүкең. Жаңа пәтер алып, қуанышым қойныма сыймай жүрген сәтте өзіммен бірге қуанып, төрге озған да осы Жүкең.
Тағдырдың жазуымен жап-жас кезінде Торғайға барып, қызмет істеген Мәрзия марқұм кейін Қостанайдағы "ТұранӘлем" банк директорының орынбасары лауазымына  дейін жетті, банк ісінің үздігі болатын. "Соның бәрі Жұмақан ағамның ар-қасы" дейтін.  Ал  Жұмақан Сәдуақасұлы КСРО мемлекеттік банкісінің құрылғанына 50 жыл толуына орай 1967 жылы 9 қазанда "КСРО мемлекеттік банкісі қызметінің үздігі" төсбелгісімен марапатталған екен. Ардагердің айтуына қарағанда, 1967-1984 жылдар аралығында бұрынғы Торғай  облысынан  мұндай  марапатқа    2-ақ адам ие болған. Бірі – өзі, екіншісі Торғай облыстық банкісінің қызметкері Задовская.
Бар болғаны өзімен бірге бір жыл ғана қызмет істеген қарындасын осы күнге дейін құрметтеп, қастерлеп жүрген Жүкеңе, оның отбасына, ұл-қыздарына қалайша тәнті болмайсың. Бұл да екінің бірінің, егіздің сыңарының қолынан келе бермейтін өнеге шығар. Мұндай үрдіс ерекше жаралған жандарға ғана тән қасиет болар…
Күні  кешелер Жүкең сексеннің сеңгіріне шықты. Інілік ізетпен құттықтауға қуаныштымын, аға!
Сәлім
     МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕ: Жұмақан Сәдуақасов.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓