Жаңа қылмыстық кодекс: Қоғамның қорғаныс тетігі ме, әлде жазалауды күшейту ме?

IMG_8607Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында азаматтардың іскерлік белсенділігін жүзеге асыруына барынша мүмкіндік туғызу мемлекеттің міндеті екенін, осы мақсатта ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау қажеттігіне баса мән берді. Жолдауды жүзеге асыру мақсатында Қылмыстық кодекстің жобасы әзірленіп, жан-жақты талқылау-сараптамадан кейін оған Елбасы қол қойды. Міне, сол жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Әрине, "біткен іске сыншы көп", осы заң күшіне енді деген күннен бастап, қоғамда жиі талқыланып жатқан пікірлерге арқау болды. Біз де өз тарапымыздан жаңадан әзірленген кодекстегі өзгерістер мен толықтыруларды халыққа жеткізу мақсатында осы саланың мамандарымен тілдескен болатынбыз. Сауалдарымызға облыстық прокуратураның 2-басқарма бастығы Мұрат Оспанов жауап берді.
– Мұрат Теміртасұлы, еліміз үшін осындай құжатты жаңалау, толықтыру қаншалықты қажеттіліктен туындап отыр?
– Әрине, заңнамалық базаның заманға қарай жетілуі, өзгеруі заңдылық. Өздеріңізге белгілі, 2014 жылдың 4 шілдесінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жаңа Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне қол қойды. Қолданыста болған кодекс 1997 жылы қабылданып, оған осы уақытқа дейін бірнеше мәрте өзгерістер енгізіліп келді. Сондықтан қылмыстық заңнаманы жетілдіру заман талабынан туындап отыр. Жаңа редакциядағы Кодекстің тағы бір қажеттілігі, ол – ел Конституциясының жаңа нормаларымен, сонымен қатар, осы уақытқа дейін ратификацияланған халық-аралық келісімдермен сәйкестендірілуге қатысты болып табылады.
– Демек, жаңа заңнамада бірқатар басымдықтар мен артықшылықтар бар ғой?
– Жаңа қылмыстық кодекс екі бөлімнен, 467 баптан тұрады. Жалпы бөлім 98 баптан құралса, ерекше бөлімге 369 бап енгізілген. Бұл заңнаманы ізгілендіру мақсатында, жаңа кодекске заңнамада бұрын болмаған институттар пайда болды, әлемдік тәжірибедегі қылмыстық заңнамалардың нормалары зерделеніп, құқықтық заңнаманы бәсекелестікке қабілетті етуге бағытталған біршама өзгерістер енгізілген. Қабылданған жаңа кодекстің бас-ты жаңалықтарының бірі – "қылмыстық құқық бұзушылық" институтының енгізілуі болып табылады. Заңға сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтың екі түрі: қылмыс пен қылмыстық теріс қылықтан тұрады.
– Теріс қылықтың қылмыстан қандай айырмашылығы бар?
– Бұл жөнінде Кодекстің 10-бабының 2 және 3 бөліктерінде келесідей анықтамалар берілген: Осы Кодексте қылмыс деп айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасаған, қоғамға қауіпті іс-әрекет болып табылады делінген. Ал, қылмыстық теріс қылық – қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғыз-ған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) танылады делінген.        
Теріс қылықтың салдарында адамды соттау деген болмайды. Өзіңіз білесіз, қылмыс жасаған адамды соттағанда, оның салдары, яғни соттылығы болады. Мұнда ондай жоқ. Демек, жаңағы теріс қылыққа барған жандар бас бостандығынан айырылмайды деген сөз. Осыған байланысты қамауға алуды өзгерттік. Бұрын әкімшілік қамауға алу 45 тәулік болатын еді, енді ол 30-дан 90 тәулікке дейін ұзартылды. Бұл әкімшілік қамау емес, керісінше қылмыстық теріс қылық үшін қамау болып табылады. Тергеуден іс сотқа түсісімен, сот оны қарайды да 30-дан 90 тәулікке дейін қамауға немесе белгілі бір мөлшерде айыппұл салуға, не түзеу және қоғамдық жұмыстарға тартуға шешім шығарып береді. Бірақ осы арада айта кету керек, аталған бұл бап 2017 жылдың 1-ші қаңтарынан ғана күшіне енеді.
– Қылмыстық кодекстегі өзгерістерге қарап отырсақ, сонда жаза да неғұрлым күшейген бе?
– Бұл жерде жаза күшейді деп айтуға келмес. Сондай-ақ, ол жеңілдетілген  де  емес.  Тек жасалған қылмыстың деңгейіне қарай бүгінгі уақыттың талаптарына сай жаза беріледі. Мәселен, біздің қоғамда осыдан жиырма жыл бұрын болмаған "лаңкестік", "терроризм", "экстремизм" дегендер шығып жатыр. Оған қоса "жалған терроризм" деген де бар. Үйлерін-де отырып алып, "бәлен ғимарат-қа жарылғыш зат қойылды!" деп хабарлайды. Солардың талайы ұсталды. Көбісі жастар мен жас-өспірімдер. Осындай тентектік пен бұзықтық немесе еріккеннің ермегінің кесірінен қаншама дүр-белең болады, қаншама адам жұ-мыстарынан қалады. Төтенше жағдайлар, құқық қорғау, қауіп-сіздік органдары босқа сабылып, мемлекетке қаншама зиян келеді. Аталған кодекске енгізілген ауыр қылмыстардан дәрежесі, деңгейі төмен,  зардабы  жеңілірек қылмыстарды теріс қылық әрекеті деп атаймыз. Бұрын олардың бәрі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі құқық бұзушылық ретінде танылатын. Сөйтіп жаңа Қылмыстық кодекске 156 теріс қылық әрекеті енгізілді, оның ішіне 47-сі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен алынды, қалғандары ескі Қылмыстық кодекстегі  қылмыс болып саналған баптардан алынды. Бұрын бұлар, расында, қылмыстық әрекет болып саналса, енді жаңа Кодексте тек теріс қылық болып танылады. Бұл Қылмыстық заңның тек жазалаушылық дәрменін азайта түседі.
Шұға                         
             ҚОҢҚАБАЙ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓