Пайдалы кеңес
Суық тиіп – ауырғанда үй жағдайында-ақ біраз емдеу әдістерін қолдануға болады. Соның бірі – қыша (горчичник) қою.
Қыша – бетіне қыша ұнтағы жапсырылған қалың қағаз. Ол өзінің құрамындағы эфир, қыша майы арқылы теріні тітіркендіріп, қан тамырларын кеңейтеді. Сондықтан суық тиіп қабынған жерді қыздырып, қан айналымын жақсартып, тез жазылуына көмектеседі. Көбіне өкпеге, қолқаға, нерв жүйесіне суық тигенде, кенет қан тамыры тартылғанда (спазма) қыша қойылады.
Қыша қояр алдында үстінен жабатын матаны немесе сүлгіні, бір ыдысқа жылылығы 23-25 градустай су әзірлеп алады. Қыша қоятын жерге жұқа қағазды не дәке жайып. Соның үстінен ұнтағы бар жағы суға малынған қыша қағазын жапсырып, 10-15 минут ұстайды. Уақыты жеткен соң қыша қағазды алып, орнын жылы суға малынған шүберекпен, соңынан құрғақ шүберекпен сүртіп, жылылап орап не жауып жылы ұстайды.
Қыша қағазы аптекада сатылады. Оны сақтау мерзімі – 8-11 ай. Құрғақ, күн түспейтін жерге сақтайды. Ал уақыты өтіп кетсе, қолға ұстағанда-ақ ұнтағы үгітіліп, денені қыздырмайды.
Қыша қойғанда тез жазылады екенмін деп өте көп ұстауға болмайды, себебі күйдіріп жібереді.
Есте сақтайтын тағы бір нәрсе: тері ауруы не жарасы бар жерге қыша қағазын қоюға болмайды.
Кейде қажет кезінде дайын қыша қағазы болмай қалғанда, үйде қыша ұнтағы болса, оның 1 ас қасығындай мөлшерде бидай ұнына қосып, үстінен 45-50 градус ыстық су құйып, қоймалжың болғанша араластырады. Оны 30 градусқа дейін суытып, сонан соң қағаз бетіне не дәкеге жағып, ауырған жерге қояды. Бұл дайын қыша қағазынан гөрі қатты қыздырады, сондықтан оны көп ұстауға болмайды.
Сондай-ақ суық тиіп ауырғанда қыша ұнтағын ыстық суға салып, аяқты булау да пайдалы. Ол үшін 2 қасық қыша ұнтағын, бір шелек ыстық суға ерітіп, аяқты тізеге дейін батырып 20-30 минут үстінен жылылап жауып отырады. Соңынан ыстық сумен шайып, құрғатып сүртіп, жылы ұстаған жөн.
* * *
Банка қою. Суық тиіп ауырғанда арқаға банка төңкеру де тиімді. Сол сияқты оны қабырға аралық нерв жүйесі қабынғанда, құяң болғанда да пайдаланылады. Тек тері ауруы бар, туберкулез, орталық нерв жүйесі зақымдан-ған, ісік ауруы бар адамдарға қолдануға болмайды.
Алдымен банканың іші-сыртын жақсылап жуып, құрғата сүртеді, бүтіндігін тексеріп алады. Тері күймес үшін арқаға вазелин майын жағады. Спиртке не эфирге малынған мақта түйіншегін темір қысқышпен ұстап, отпен тұтандырады. Сол қолымен банканы, оң қолымен жанған мақтаны қысқышпен ұстап, әрқайсысының ішін қыздырып, бір-бірлеп төңкере береді. Оны 15-20 минут ұстайды. Сол уақыт ішінде банка төңкерген жер қызылкүрең болып көтеріледі. Оны денеден алу үшін бір қолмен теріні басып, екіншісімен банканы бір жағына сәл батыра қисайтып тарту керек. Банканы омыртқаның, жауырынның, омыраудың үстіне төңкеруге болмайды, негізінде арқаға, белге, кеудеге қояды.
* * *
Компресс жасау. Оның қыздырғыш және суытқан екі түрі бар. Қыздыратын компресс тереңде жатқан қан тамырларын кеңейтіп, қан айналысын жақсартады, қабынған жердің жазылуына көмектеседі.
Бір литр ыстықтау суға екі қасық қыша ұнтағын ерітіп, сол ерітіндіге салып сығып алған шүберекті ауырған жерге жапсырып, компресс жасауға да болады. Оны да үстінен қалың сүлгімен жауып жылы ұстау керек.
Компресс жасағанда таза жұмсақ дәке, су өткізбейтін жылтыр қағаз және мақта, спирт, су пайдаланылады.
Ыстық сумен араласқан спирт не одеколонға дәкені салып, сығып алады да, денеге өте ұқыптылықпен жапсырады. Үстіне әлгі су өткізбейтін жылтыр қағазды, оның үстіне мақта салып қымтап жауып қояды. Спирт, арақ, одеколонның тез ұшып кететін қасиетін ескеріп, оны бірнеше рет қайталауға болады. Компресті он екі сағатқа дейін созуға болады, бірақ жиі қоя берсе теріні тітіркендіруі мүмкін.
Суытқыш компресті дененің бір жері жарақаттанғанда, әлдеқалай соғып алып дене көгергенде, сондай-ақ қан тоқтамай аққанда пайдаланылады. Ол үшін өте салқын суға малынған дәкені сығып тастап, ауырған жерге 2-3 минуттай басып тұрады.