Вакцинаның маңызы жоғары
Мемлекет басшысы екпенің маңыздылығы туралы «1 ақпан күні Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы жаппай вакцина салу басталды. Біз індетке қарсы әлемдік тәжірибені қолданып отырмыз. Вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы. Азаматтарды вакциналау шығындарының барлығын мемлекет көтереді. Вакцина салуға денсаулығы жарамайтын азаматтардан басқалары, жаппай пандемия жағдайында екпенің аса маңызды және қажетті екенін түсінеді деп ойлаймын», – деген еді. Қазіргі кезде вакцинация туралы түрлі әңгімелер айтылып жатқаны жасырын емес. Бірақ сол жандардың дені індет дендеген сайын оны жеңудің бірден бір жол екпе алу керек екенін түсіне бастаған сыңайлы. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келе жатқан тәсіл. Мұны дәрігерлер мен мамандар түсіндіруде.
Науырзым аудандық ауруханасы осы уақытқа дейін аудан халқының 47 пайызына вакцина салған. Басында келуге қорқып, күмәнмен қарағандар қазір өздері келіп екпе салдыруда екен.
– Мұнда сонау 1988 жылдан бері еңбек етіп келемін. Қазіргі уақытта аудан бойынша 2397 адам вакцина алды. Адамдар басында дұрыс қабылдамады. Қазір олай емес. Өздері келіп, вакцина алуда. Күніне елуге жуық адамнан алады. Ауруханада екі кабинетте қабылдап жатырмыз. Шалғай ауылдарға арнайы көлік шығып, халықты қабылдады. Бірақ вакциналар бір температурада тұруы керек. Соны да ескереміз. Сондықан ауруханаға келіп алғаны дұрыс. Вирусты жеңу үшін вакцина алу керек. Осыны түсінуіміз керек. Әр жерде анықталмаған теріс ақпаратттарға сенбеген жөн. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, соғұрлым ауру қоздырғыштың адамнан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Мұның бәрі де зерттелген. Егер халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетіп, мына жағдайдан тезірек шығар едік, – дейді аудандық аурухананың бас медбикесі Айшагүл Құлманова.
Ауруханада жұбайымен бірге келіп екпе алып жатқан жанның бірі Сабырбек Наренов. Осы уақытқа дейін екі ойлы болып жүргенін жасырмайды. Бірақ қазіргі жағдайды көре отырып, кейінге қалдыруға болмайтынын түсініпті.
– Отбасымызбен отырып, ойланып, екпе алу керек деп шешім қабылдадық. Қорқатын ештеңесі жоқ. Көбіміз үйде отырып алып ұялы телефонға үңілеміз. Онда небір ақпараттар тарап жатыр. Қайсысы рас, қайсысы жалған екенін біліп болмайды. Ондайға сенбеу керек. Бала туғаннан бастап түрлі ауруға шалдықпасын деп екпе салдырамыз ғой. Бұл да сол сияқты ауруға қарсы ем жолы деп қабылдау керек, – дейді отағасы.
Вакциналау дегеніміз не? Вакциналау – адам инфекция қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакциналау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзімділікті арттырады және иммундық жүйеңізді күшейтеді. Аурулар сияқты вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелер жасауға үйретеді. Алайда вакцинада тек ауру қоздырғыштарының – ауру тудырмайтын және онымен асқыну қаупін тудырмайтын қоздырғыштарының өлтірілген немесе әлсіреген түрі ғана бар. Вакциналардың көбісі инемен егіледі, дегенмен ауызға салынатын және мұрын аэрозольдері де бар. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасып, бірнеше жыл бойы сақталады. (врезка)
– Қазір вируспен күресудің жалғыз амалы – екпе салдыру екенін түсініп жатыр. Вакцинациялау ұжымдық иммунитет қалыптастырады. Қазір екпе салдырып жатқан адамдардың саны да артып келеді. Аурудың таралуына жол бермеу үшін осындай жауапкершілікті әрбір азамат сезінуі тиіс. Сонда біз халық болып вирусқа қарсы тұра аламыз. Менен екпе алмас бұрын дәрігердің қабылдауында болады. Олар бәрін түсіндіріп, денсаулығын тексереді. Содан кейін барып біз екпе саламыз, – дейді аурухана медбикесі Жаңылсын Сансызбаева.
Самғат Бабыров ауданға келген жас маман. Ветеринарлық дәрігер. Бүгін вакцинаның екінші компонентін алуға келіп тұр.
– Осы ауданның тұрғынымын. Екпе туралы айтылғанда-ақ алу керек екенін түсіндім. Алдымен дәрігердің қабылдауында болдым. Денсаулығымда еш ақау жоқ. Дәрігер вакцина дегеніміз не, оның әсері қалай болады, қандай күтім болу керек екенін дұрыстап түсіндірді. Бірінші компонентін алғанда еш ауырсыну болмады. Жеңіл қабылдадым. Енді, міне, екіншісін алуға келіп тұрмын. Жалпы вакцинаның пайдасы ол біріншіден организмде иммунитет қалыптастыру және ауруды болдырмау. Әр адам өзі жауапкершілікпен қарап, дұрыс шешім қабылдағаны дұрыс, – дейді Самғат.
Аурухана дәлізінде тұрғандар қатары толығуда. Бұл дегеніміз халық вакцинаның қажетін түсінуде.
– Күніне елуге жуық адам екпе алады. Тоқтаусыз қабылдап жатырмыз. Адамдар алдымен терапевтке барып, тексерістен өтеді. Өзіңіз байқағандай, ол үшін екпе кабинетінің жанында тағы бір кабинетте қабылдау жүріп жатыр. Мұнда дәрігер вакцина алуға рұқсат береді. Алдымен эпиданамнез жинайды. Қан қысымы, салмағы тексеріледі. Сатурация жасалып, тыныс алу сапасы, демікпесі бар-жоғы анықталады. Дене қызуы өлшеніп, терісінде бөртпелердің болмауы ескеріледі. Тамағы мен бездерін қарайды. Егер осының бәрі қанағаттанарлық деңгейде болса ғана екпе алуға рұсат беріледі, – дейді екпе салып жатқан медбике Гузель Ақсауытова.
Науырзым ауданы.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.