Көршіміз күмәншіл болып шықты
Ресейліктер қолдағы қаражаттарынан қағыламыз деп қауіптеніп отыр. Осыған сай, Федералды салық қызметі шетелдіктермен жұмыс істейтін компанияларына импорттық құжаттарын жіті бақылауға алуын қадап тапсырған. Бұл жайында, ресейлік БАҚ құралдары жарыса жариялауда. Көрші елдің ақпараттарына көз жүгіртсек, қаржылық қауіпті Қазақстан төндіріп тұрған көрінеді.
Ресейдің Бас банкіне сілтеме жасаған "Известия" басылымы қаржылық қауіпті қазақ елінің тудырып отырғанын айтады. "Кедендік Одақ және Еуразиялық экономикалық қауымдастығының құрамындағы Белоруссия мемлекетінен келер қауіп жоқ. Бар бәле – қазақстандық компаниялардың шектеулі импорттық әрекеттерінің астарында жатыр" – деп жазады ресейлік басылым.
Кедендік одақ аясында, тауар – еркін айналымға түскен сәттен, қаржыға қатысты қит-ұрқы әрекет әшкере бола бастаған. Ресейлік қаржыгерлердің уәжіне құлақ асар болсақ, одақ аясында ауыс-түйіс айтарлықтай жеңілдеді: үш елдің тауары шекарадан жеңіл-желпі тіркеумен өткізіле береді. Бар болғаны тауарлық-көліктік тіркеуге алын-ған кез-келген зат бұрынғыша кеденде кідірмейді. Барлығы тамаша! Тек, қазақтар тауарын көрші елге аз апарып, бері қарай көп тасиды. Ресейлік экономистердің көңіліне кірбің салғаны – осы екен…
Ресейдің басты капиталына бас қатырғандар қазақстандықтардың өз елдері аумағындағы қаржылық қам-қарекетін қатаң бақылауға алуды жөн көріпті. Таратып айтқанда, шекара сызығын кесіп өтетін әр тауардың құжаты тексеріліп, түбіртектерінің нақтылығы айқындалады. Одан кейін, тауар тасымалдаушылардың құжат, қағаздары, бағыт-бағдары нысанаға алынып, тиянақты тексерістен өткі-зіледі. Қазақстандық кәсіпкер-дің іс-қимылы, құжаттары күмән туғызған жағдайда, ресейлік банк қызметкерлері тұтынушысынан бас тартуға құқылы. Тіпті, отандастарымыздың әрекетін – "күмәнді қаржыны заңдастыру" ретінде қарастырып, Федералды заңдарының 115-ші бабына да жүгіне алады. Мұндай жағдайда, қазақстандық кәсіпкердің есеп-шоттарына бұғау салынып, үсті-нен іс қозғалады.
Ресей орталық банк өкілдері-нің пайымдауынша, қазақстандықтар күмәнді қаржыларын Ресей арқылы заңдастырып алуда. Біздің кәсіпкерлер тауарларын ресейліктерге өткізген болып, қаржыны Ресейдің қаржы институттары арқылы қазақстандық банктерге аударады екен. Осылайша, салықтан жалтарады, күмәнді ақшаны заңдас-тырады, басқа да әрекеттерге ба-рады. Ресейлік экономистердің екпінінен кейін, ондағы бірқатар банктер талаптарын күшей-тіп, қырағылық танытуда. Енді бірі Кедендік одақ аясындағы елдермен жұмыс істеуді мүлдем тоқтатуды жөн көріпті.
Қос бүйірден қысқан қаржы дағдарысы мен Еуропаның экономикалық бұғауына іліккен Ресейдің қаржы нарығындағы кез-келген әрекеттен секем алар жөні бар. Нарықтық экономикадан төл ақшасы тетік таппай, төмен сырғыған ел – қалай болса да, экономикасының еңсесін көтеруге тырысып бағуда. Онсыз да, қаржысынан құн кетіп, бар тауа-ры арзанға кетіп жатқан мемлекет – басты капиталын қорғаудың бір амалы осы деп түсінген сыңайлы. Қазақстандықтардың қытығына тиген Ресейдің бұл қа-дамы – Кедендік Одақтың күш алуына кедергісін келтірмесе болғаны.
Жұматай
Кәкімжанов