Комиссияның кезекті отырысы өтті
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Жанкелдин ауданының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия түсіндіру жұмыстарын аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Н.Иванов атындағы орта мектептерінен бастады. Шараны өткізудегі басты мақсат кәмелеттік жасқа толмағандарды қадағалап, тәртіп бұзушылық пен қылмыстарды болдырмау, сондай-ақ оқушылармен және ата-аналар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу.
Аталмыш жиынға аудан әкімнің орынбасары Т.Әубәкіров, білім беру бөлімінің бас маманы А.Раисова, білім беру бөлімінің басшысы Н.Сейдахметов, ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Әбішева, білім беру бөлімінің заңгері А.Қасымұлы, аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Ж.Нұрғазин, ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы А.Мұқатов, ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы А.Тұрсынбек қатысты.
Кездесу барысында комиссия төрағасы Түбекбай Ғабсалықұлы: "біздің басты мақсатымыз сіздермен пікірлесіп, әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу. Себебі қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, жастар тәрбиесіне басымдылық беріліп отыр. Осы мақсатта облыс орталығында да жастар орталығы жұмыс жасайды. Кәмелет жасқа толмағандар арасында әкімшілік құқық бұзушылық біздің ауданда белең алып отыр. Осының салдарынан басқа аудандарға қарағанда облыс бойынша екінші орындамыз. Бұл дегеніміз біздің елдігімізге үлкен сын", – деді.
Ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция майоры Жасұлан Сұлтанбекұлы осы орайда өз ойын бүкпесіз ашық жеткізді. Заң органдарының міндеті үркітіп, қорқыту емес. Тәртіпке шақырып, еліміздің тыныштығын сақтау. Оқушылардың жіберген қателігі ата-аналар, ұстаздар, психолог мамандар мен учаскелік инспекторлардың кінәсі. Олай дейтінім қылмысты болдырмау мақсатында оқушылармен түсінік жұмыстарын уақытылы жүргізу екенін баса айтты.
Аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметі бойынша өткен жылы жасөспірімдер арасында анықталған әкімшілік құқық бұзушылық кәмелет жасқа толмағандар арасында көптеп кездесіп отыр. Жалпы аудан бойынша оның ішінде мектеп оқушыларын алатын болсақ, 56 оқушы түрлі себептермен әкімшілік құқық бұзушылыққа барған. Жасөспірімдердің ата-аналарына ескертетін жәйт, балаларының жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарамаған жағдайда балалар заңның барлық қатаң жүйесімен жазаланады.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.
Жанкелдин ауданы.