Ашамайдан – автоорындыққа немесе “Жол жүрісі туралы” заңға енгізілген өзгерістер нені көздейді?

"Негізі, осы автоорындық дегенге туадан бесік көрген қазақтың балалары тез үйреніп кетіп жатыр",  – дейді бір ағамыз. Мыс-қыл да болса – батпандай емес пе. Алты жастан ашамайға мініп, он үшінде отау тігіп, елін жаудан қорғаған бозбаланы он екі жасқа дейін тапжылтпай орындыққа байлаттырып қойған заман-ай!
IMG_3887зҚой жылының басы естен кетпес оқиғаларға толы болды. 1 қаңтардан бастап, елімізде "Жол жүрісі туралы" заң қайта жанданып, бірқатар тармақ өзгерді. Соның ішінде, әсіресе, елдімекендердің ішінде де көлік шамын күндіз-түні жағып жүру, жоғарыда айтқан 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы автоорындыққа отырғызу мәселесі қоғамды дүр сілкіндірді. Біз осы мәселелер жөнінде көлік иеле-рімен тілдескенімізде, барлығы "заңның көліктегі балалар орындығын міндеттеу тармағын енгізу ерте, тым болмаса, алдын ала ішкі істер қызметі тарапынан  нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілген жоқ, оның үстіне, тиісті балаға кресло табу қиындап кетті" дейді. Кейбірі бұл заңның жемқорлықты одан сайын үдете түсетінін жасырмады.
Орынтақ тапшылығына байланысты облыс орталығындағы бірқатар автодүкендерді аралап көрдік. Мәселен, "Авто Планета" дүкеніндегі сатушылар аса қатты дүрбелеңнің жоқ екендігін, орындықтардың қалыпты күйде саудаланып жатқанын айтты. Ондағы неміс тауарларының бағалары да келісті – 6 мыңнан 36 мың теңге аралығы. Келесі бар-ған жеріміз көтерме базардағы "Форсаж" дүкені. Ресейден әке-лінген автоорындықтардың орташа бағасы 12-13, ал бустер 4 мың теңгеден. Мұнда қаңтардың алғашқы күндері тек орындық іздеген адамдар сабылып кетіпті. 6-7 қаңтар күндері 80 кресло  сатылған.
Егер жол ережесін бұзған жағдайда полиция қызметкері сізді тоқтатар болса, көліктен түспей, оны күту де жаңа ережеде қарас-тырылған. Алайда басқа адамға көлікті сеніп тапсыру мәселесі жүргізушілердің қалтасы мен уақытын біршама жеңілдетіп отыр. Дегенмен мұндай тәсілдің де шыжығы бар. Оны сөз арасында айтамыз.
Бұдан былай мотокөлік, квадроцикл, скутерлер де тіркеуге алынатын болды. Ондай көлік құралына 16 жастан бастап "А-1" категориялы жүргізуші куәлігін оқып алып, арнайы қорғаныш бас киімін киіп отыра бересіз. Тек қасыңызға жолаушы алып жүре алмайсыз.
Өзгертілген, толықтырылған және жаңадан енгізілген бап- тарға байланысты ел арасында әлі де екіұдай пікірлердің бары анық. Соңғы он күннің ішінде маңызын жоғалтпай тұрған қызу пікірталас та – жол ережелері туралы заң. Осы сауалдар түсінікті болу үшін облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Юрий Панасенкодан неғұрлым қарапайым тілде қысқа жауаптар алып көрдік.
– Юрий Юрьевич, алдымен автоорындыққа отыратын баланың жасын полицейлердің қалай анықтайтынын білгіміз келеді. Кейбір он жастағылардың дене тұрқы он үш-он төрт жасар бала секілді көрінеді, ал кейбір балалардың керісінше, бойы мен түр-әлпеті өзінің жасына анағұрлым келмей жатады.
– Бұл жерде баланың дене бітімін дәлелдеуден гөрі, әрбір көлік тізгініндегі жүргізуші, әсіресе, ата-ана қауіпсіздік жағына көбірек мән беру керек. Алдыңғы орындыққа арналған арнайы орынтақ сәбилер, нәрестелер, жасөспірімдер үшін жасалған. Бұдан бөлек, көліктің артқы орындығына арналған орынтақтар, арнайы қондырғы белдіктер, олар бір-бірімен байланысты-рылған. Осыны қолданасыз, болды. Сол себепті, ересек адамнан бөлек, 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы қондырғыларда тасымалдау заңда нақты жазылған. Бұдан бұрын ересек адам-дар көлікте балаларды алдында отырғызып алып жүре беретін. Мысалы, қазір егер жүргізушіні қоспағанда, екі ересек адам мен үш бала болса, онда қалайда бір адам артық болып саналады.
– Балаларға арналған көлік-тегі орынтақтардың пошымына байланысты белгілі бір стандарт бар ма?
– Әсіресе, орындықтарды баланың жасы мен дене бітіміне қарай аласыз ғой. Ал негізінде арнайы қондырғылар бірнеше топқа бөлінеді. Солардың стандарты былай анықталады. "Нөлдік" тобындағылар бар, олар – автобесіктер. Онда жаңа туғаннан алты айға дейінгі, салмағы он келіден аспайтын сәбилер тасымалданады. "0+" тобы бір жасқа дейінгі, салмағы 13 келіден аспайтын балаларға ар-налған. "1" тобы салмағы 9-18 ке-лі аралығындағы төрт жасқа дейінгілер, "2" тобы 15-25 келі салмағы бар жеті жасқа дейінгі. "3" тобы 12 жасқа дейінгі, салмағы 22-36 келі балалар үшін қарастырылған.
– Арнайы қондырғысыз бала тасымалдайтындарға салынатын айыппұл мөлшері қанша?
– Алғашқы реткі айыппұл – 5, екінші жолы 10 АЕК. Егер заңды үш рет бұзса, онда жүргізуші куәлігінен айырылады. Яғни, бұл жолы жүргізушінің емтихан тапсыруға дейінгі жазасы қарастырылған.
– Ал көлік ішінде міндетті түрде басқа қандай құралдар болуы керек?
– Дәрі-дәрмек қобдишасы, өрт сөндіру құралы (сыйымдылығы 2 литрден кем болмау керек), апат орнындағы ескерту белгісі. Міне, бұлардың біреуі болмаса, айыппұл төлеуіңізге тура келеді. Қазір дәрі-дәрмек қобдишасы жөнінде де біраз әңгімелер өрбіп жатыр. Айталық, қобдишада он үш түрлі қажетті дәрілік және жараны таңу заттары болу қажет. Ал олардың біреуі болмаса, оған бола айыппұл салынбайды. Негізінен қобдишада көбірек бинт, дәрілер болса, заңға қайшы келмейді. Ол да азаматтардың өзіне байланысты. Ал егер қобдишаның өзі ғана бар, іші бос болса, онда ол жоқ деп саналып, жүргізуші жазаға тартылады.
– Ел арасында полиция көлікті тоқтатқаннан кейін жүргізушіге қарай дереу бармауға, сондай-ақ, еш себепсіз тоқтатуға, тоқтатқан себебін айтпауға құқылы екен деген сөздер желдей есіп жүр. Осы қаншалықты рас?
– Осы бір қаңқу сөзді кім шығарып алғаны белгісіз, ел арасында айтылып жүр. Жол-патрульдік полиция өкілі жол ережесін бұзған немесе арнайы алдын-алу шаралары, мысалы, көлік ұрланған жағдайда, тыйым салынған заттарды тексеру мақсатында болмаса, себепсіз көлікті тоқтатуға құқығы жоқ. Көлікті тоқтатып, алдымен өзін таныстырады, не себепті тоқтат-қаны туралы баяндап беруі тиіс.
– Көліктің қозғалыс жылдамдығы да өзгерді ғой?
– Жаңа ереже бойынша елдімекендердің сыртында жеңіл көліктер жылдамдықты сағатына 100 шақырымнан асырмау керек. Ал біздің облысымызда тек Қостанай мен Рудный арасындағы екі бөлек автокөлік жолында сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Еліміз бойынша жалғыз ғана Астана-Шучинск арасында жылдамдық 140. Басқа көлік түрлеріне тіркемелері бар ауыр және шағын жүк көліктері үшін бұрынғы 70 және 90 шақырымдық жылдамдық сол күйі қалды.
– Елдімекеннің сыртынан бөлек, ішінде де күндіз-түні жарықпен жүру туралы заң ережесі де қызу талқылануда…
– Автокөліктер шамдарын жағып жүрген кездерде жол апаттарының төмендегені ескерілді. Кез келген көлік елдімекен ішінде тәулік бойы жақын қашықтықтағы жарық шамын жағып жүруге тиіс. Сондай-ақ,тұманға қарсы жарықпен де жүруге рұқсат барын айта кеткен жөн. Ал соңғы шыққан кейбір көліктердің шамдарының астындағы қиғаш келген күндізгі жарық шамдармен жүруге болмайды.
– Енді әңгімені сенімхатқа ойыстырсақ, бұл жөнінде айтарыңыз?
– Қазір бұрынғыдай нотариус арқылы сенімхат берудің қажеті жоқ, оның қарапайым түрі енгізіліп отыр. Жалпы, меншік иесі басқа адамға көлігін сеніп тапсырғанда, алдымен екінші тараптың құжаттары сай болу керек. Көлік иесі сақтандыру полисіне сеніп тапсырып тұрған азаматтың аты-жөнін енгізуге міндетті.
– Ал заңда көпшіліктің көңілінен шығардай қандай жеңілдіктері бар?
– Әкімшілік жазаға қатысты, бұдан былай ереже бұзып, қолдарына хаттама алған көлік жүргізушілері жеті тәулік ішінде айыппұлды төлесе, онда оларға 50 пайыз жеңілдік жасалмақ. Бірақ мұндай норма автоматты қадағалау құрылғылары түсір-ген жағдайда қарастырылмаған, яғни, жылдамдық өлшеу құралына түсіп қалса. Сонымен қатар, айыппұл мөлшеріне жеңілдік жол-көлік апатына себепкер болғандар мен жүргізуші куәлігінен айырылғандарға жасалмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Түйін
7 қаңтардан бері жол сақшылары жүргізушілердің "басынан сипап, еркелігін көтеріп" келе жатыр. Әзірге жаңа заң тармақтары бойынша жаппай жазаланып жатқан ешкім жоқ, ескертумен ғана шектелуде. Дегенмен заңның аты – заң, оның да орындалуы міндеттеледі.
10413342_817366421657264_6773224393429033851_nАл Парламент депутаттары балалар автоорындықтары туралы тармақты бір жылға шегере тұруды сұрап отыр. Әсіресе, орындыққа 6 жасқа дейінгі балаларды отырғызып, 12 жасқа дейінгі аралықта бұл норманы міндетті емес ұсыныс ретінде қарастыру туралы ұсыныс білдірді. Автоорындық заңдағы міндетті баптардың қатарынан бір жылға дейін алынып тасталса, онда онсыз да көлік ішінде артық жүкті қаны сүймейтін жүргізушілер дауға ең көп себепкер болған дүниені жыл он екі ай үйінде сақтай тұруы әбден мүмкін. Ал егер заң осы сірескен күйі өзгермей, күшінде қалып жатса, "қылша мойным – талша" деп мойынсұнудан басқа амал қалмайды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓