Өліп тірілген адам
Бұндай іс екінің бірінің қолынан келе бере ме. Әсіресе оның взводындағы Оспанов деген жерлесінің көз алдында қайтыс болған сәтін суреттеп жазған жерлерін көңіл толқуынсыз оқу мүмкін емес.
Сөзінің арасында Павел Васильевич:
– "Ғалихан, сен бүгін соғыста қаза болған взвод командирі, кіші сержант Даценко Павел Васильевичпен сөйлесіп отырсың" – деп сәл күліп алды да, "Боздақтар" кітабының екінші томының 427 бетін ашты.
Онда: Даценко Павел Васильевич, 1925 года рождения, уроженец пос. Владимировка, украинец, младший сержант ПП 414547. Погиб в бою 29.01.44. Похоронен в 400 метрах юго-восточнее д.Соболица на перекрестке тракта Печерского района Полесской области" деп көрсетіліпті. Осындай қара қағаз "марқұмның" үйіне де келіпті.
– Павел Васильевич, мынау бір қызық оқиға екен, тірі адамды қалай өлгендердің қатарына қосуға болады, –деп сұрадым. Оқиға былай болыпты:
П.Даценко 1944 жылы қаң-тардың 29 жұлдызында 93 гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамындағы 285 полк Ресей, Украина және Белорусь жерінің түйісінде ойламаған жерден неміс десанттарымен ұрысқа кіріседі. Бұрынғы неміс әскерлерінің шебіне келіп бекін-ген Павел Васильевичтің взводына немістер жиілете артиллериядан оқ жаудырады. Бірінші снаряд бұлардың қор-ғаныс шебінен асып, ал екінші снаряд бұларға жетпей жарылады. Ал, үшінші оқ артиллерия-ның қалыптасқан заңдылығы бойынша осыларға дәл тиюге тиіс екен. Бұны артиллеристер "вилка"/шанышқы/ деп атапты. Жаңағы үшінші снаряд орын ауыстырмақшы болып жүгіріп бара жатқан Павел Васильевичтің жанына келіп жарылып, оны жартылай құмға көміп тастайды. Шала жансар ол осы жерде кешке дейін жатады.
Кешке келген өліктерді жинап, жерлеуге тиіс батальонның жауынгерлері Павел Васильевичтің тек қана куәлігін алып, оның өлі, не тірі екеніне көз жеткізбей кетіп қалады. Сонымен есепте бұл кісі "мәйіт" болып кете барады.
"Өмірде жақсы адамдар көп қой", – дейді ол. 30 қаңтар күні біздің танк армиямыз кеше кескілескен ұрыс болған осы майдан шебіне келіпті. Т-34 машинасының механик-жүргізушісі "өліп жатқан" Павел Васильевичтің қолындағы жарқырап көрініп жатқан сағатқа көзі түседі. Өлген кісіге сағаттың керегі жоқ қой деп ойлаған ол, оның қолымнан сағатты шешіп алып жатқанда, білегінен нашар қан тамырының соққысын сезеді. Танкист Павел Васильевичтің сырт көйлегінің қалтасынан оның әкесінің жазған үшбұрышты хатын көреді. Әдреске қарап, жаралының Қостанай жерінің азаматы екеніне көзі жеткен ол, хаттың сырт жағына қарындашпен: "Мен сенің жерлесіңмін, менің мекенжайым: "Троицк қаласы, Кирпичная көшесі 13 үй, Сәляфуддинов Фарид", – деп жазады. Шайқас даласында тірі жауынгер жатқанын Фарид танк полкінің госпиталіне хабарлапты. Одан санитарлар келіп әскери ауруханаға алып кетеді, онда аз күн емделіп жатқаннан кейін ол қайта майдан-ға жіберіледі. "Бұл мені өлім тырнағынан алып қалған шын мәніндегі құтқарушым еді", –деп есіне алады Фаридты Павел Васильевич.
1946 жылы Фаридті іздеп Павел Васильевич Троицк қаласына барыпты. Қолында сол үшбұрышты хат. Сол көше, ағаштан боратылып салынған сол адрестегі үй, есік алдындағы кішкентай орындықта басына тақия киіп отырған талдырмаш татар шалы. Жөн сұрасып, алдында іздеп жүрген кісісі отырғанына көзі жеткен ол, жаңағы бейтаныс кісіге үш бұрышты хатты ұсынады. Бұл жерде о дүниеден келіп тұрған майдангер жерлесін көргендегі Фаридтің қуанышын айтып жеткізу қиын, дейді ол. Көздің жасына да ерік бердік, Фарид жібермей бір-екі күн қонақ қылды, жан-ұясымен таныстырды, жақындары жиналды, кішігірім той жасады, тірі болса бір келер деп сақтаған менің қол сағатымды берді. Бұл сағатты мен оған қайта сыйға тарттым, – дейді Павел Васильевич. Осы соңғы жылдарға дейін олар жақын бірге туған туыстардай аралас-құралас болып тұрыпты.
Ясса түбінде контузия алып, емделіп шыққан ол Венгрияны, Румынияны, Чехословакияны неміс басқыншыларынан босатуға қатысады. Сонымен Павел Васильевич үшін соғыс Вена қаласының солтүстік-батысынан 45 шақырымдай жерде аяқталады. Бұл жерде олар Одақтастардың армиясымен кездеседі.
– Павел Васильевич, Сіздің соғыс алаңында көрсеткен ерліктеріңіз бір ұзақ дастан, оны мына еңбегіңізде баяндапсыз, ал енді Сіздің көрінбейтін майданда жасаған қызметіңізге тоқталып кетсек. Бұл салада да Сіз алдыңғы қатарда болғаныңыздың мен де бір куәсі. Сіз өз жұмысыңыз туралы облыстық басқарма бастығына ғана тікелей есеп беріп, Сізді талай рет республикалық комитеттің басшылары тыңдағанын естігеніміз бар еді. Сізге біздер сол кезде үлкен тәжірибелі, қарт чекист ретінде зор ілтипатпен қарайтын едік. Осы МҚМ/МГБ/ органына қашан келдіңіз және бұл салада қызмет істеп жүргеніңізде есте қаларлықтай қандай оқиғалар болды, соны айтып беріңізші, – деп өтініш жасадым.
1946 жылдың қазан айында әскер қатарынан демобилизацияланғаннан ол қысқа мер-зімді Петропавл қаласындағы бухгалтерлер курсын тәмамдайды, кейін осы Қостанай өңірінде осы мамандығы бойынша қызмет жасайды.
1950 жылдың наурыз айында ол Қостанай қалалық әскери комиссариатына шақырылып, оған әскери қызметті әрі қарай жалғастыра беру туралы ұсыныс жасалыпты. Әскери комиссар оған бұл жолы мемлекеттік қауіпсіздік органының жабық мектебіне жіберу туралы ұсыныс жасайды. Сонымен Павел Васильевич 1950 жылы Ташкент қаласындағы Одақтық МҚМ қарсы барлау мектебіне оқуға түсіп, оны 1952 жылы үздік бітіріп шығады. Тәжірибені Алматы қаласында өткеннен кейін, ол екі жылдай МҚМ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасында тергеуші болып қызмет жасайды.
Көпшілік біле бермеуі мүмкін, сол кезде бұрынғы Боровой ауданы /қазіргі Меңдіқара/ Татьяновка деген кенттің маңайында ұзақ жылдар құпия үлкен әскери полигон болды. Бұл жерде бүкіл Одақ бойынша әскери округтер нысананы дәл көздейтін ең жаңа деген техникалық құралдарын сынақтан өткізетін-ді. Бұл объектінің құпиялылығы тікелей Мәскеу-дің құзырында болса, біздер оның айналасында ғана оперативтік жұмыс жүргізетінбіз.
Күндердің бір күні, Орталықтан жұмыс бағытын меңзейтін хабар/ориентировка/ келіп түсті. Онда АҚШ-тың барлау органына біздің осы объектіде қандай сынақтар жүргізілгендігі және олардың нәтижелері белгілі болғандығы туралы айтылыпты. Мысалы, 1954 жылдың шілде айында жүргізілген сынақта, жүз снарядтың 75-і нысанаға тигендігі туралы және полигонның басқа да құпия деректері АҚШ-тың ОББ /ЦРУ/органына белгілі болғандығы баяндалыпты.
Ғалихан Мәулетов