Болашақ тізгіні – ЖАСТАРДА
Қостанайлық оқушылар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты жаңа Жолдауын талқылады.
Аталмыш кездесуге қаламыздағы №5 мектептің 11 сынып оқушылары және облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанат Мырзабаева қатысты. Ортаңғы буын өкілдері шәкірттерге маңызды құжаттың мазмұнын түсіндірді.
– Былтырғы жылдың 11 қарашасында Ұлт Көшбасшысы Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жариялаған болатын. Мазмұны – терең, бағыты – айқын, стратегиялық мәні – зор құжатта ұрпақ тәрбиесі, ел тарихы, әлеуметтік ахуал және экономика туралы айтылған. Дүниені дағдарыс жайлаған уақытта егемен еліміз ұлы жолды бетке алды. Ол – Мәңгілік елге бастар бағыт, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ж.Мырзабаева.
Қаладағы "Құрылыс құрылымдық бөлімшесінің" кітапханашысы Ботакөз Дүйсембаеваның айтуынша, мұндай іс-шараның оқушыларға берері мол. Жеткіншектер мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ахуалынан хабардар болуы керек. Себебі, ертеңгі күннің иелері, болашақтың тізгінін ұстар толқын – бүгінгі жастар емес пе?!
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: шәкірттер Жолдауды оқуда;
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.