Түркістанға жеткізген үш күн
Сәуірдің он тоғызыншы жұлдызы. Сағат кешкі алты жарым. Тура бес минуттан соң киелі шаһар Түркістан қаласына аттанғалы тұрмын. Себебі болашақ журналистер арасындағы республикалық пән олимпиадасының кезекті додасы бастау алады. Сәт-сапар тілеген үзеңгілес қауымның өзі бұл оқиғаның ерекше болатынын сездіріп тұрғандай. Уақыттың сырғуымен туған елден аттанып, жаңа естеліктерге жол тарттым. Жүрдек пойызға мінген сәттен бастап6 көңілім мен көкейімдегі ішкі сезім ұштасқанда жан-дүниемнің сыр-шері де тоқтаусыз төгілері хақ.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан қасиетті мекенге жетуге үш күн бар. Пойыздың шуылдаған дауысы, орта жастағы көршілерім сапар кезіндегі әңгіменің өрбуіне септігін тигізбек. Көз үйренген, облыс табиғаты тың әсер қалдыруы екі талай. Қостанай-Шу бағытындағы пойыздың халі сол қалпы. Жол-жөнекей кездескен жолаушылар әртүрлі елеулі оқиғалармен бөлісіп, есте қалған әсем сәттермен әрлеуде. Ал санаммен жалғыз қалсам, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының аманатын орындау ойдан кетер емес. Сапарымның басты мақсаты – аманатқа қиянат жасамай, білім жарысында топ жару.
Ойымды жинақтап, естеліктерді ескеріп, мақсатымды нақтылыған сәтте кенет пойыз жылдамдығын баяулатып, көрші купеден айқай-шудың дауысы баршаны елең еткізді. Мәселенің мән-жайын саралауға жергілікті тәртіп сақшыларының келгені байқалды. Бойымды қорқыныш сезімі билеп, даудың шешіміне араласпауды жөн санадым. Уақыт созылуымен мәселе анықталды. Дін жолындағы мұсылман қария мен орыс ұлтының өкілі қасиетті Рамазан айының шарттары жайында шиеленіскен түйіннің шешімін таппай әлек.
Үш күндік ұзақ жолдың бел ортасы – Қарағанды шаһарына келіп жеттік. Пойыз кешігіп, белгіленген орынға әзер жетті. Жүрек жалғау үшін бекеттен түсудің өзі шымшытырман оқиғамен ұштасып, ерекше өтті. Жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақтай адам арасында жүргенде күннің нұр сәулесі түсіп тұрған бөліктен пойыздың жылжуын аңғарған едік. Жиған-тергенді тастап, бет алды вагонға жүгіре бастадық. Санаулы секундттар қалғанда өз орнымызға жетіп, жолда қалу қаупі сейілді.
Уақыттың зымырауымен діттеген Шу станциясына түнгі үш шамасында ат басын тіредік. Қаланың көне вокзалының тыныс-тіршілігімен танысып, Түркістан шаһарына сапарды жалғастырдық. Таңның атысымен жарқырап ұясынан шыққан күннің көзі менің жанарыма әсем сәтті сыйлады. Арқасын кеңге жайған жазықтар, қарасаң шегі жоқ алып таулар мен жоталар шағын ауылды қорғап тұрғандай. Тіпті топыраққа тегіс шыққан жасыл шөптің көркі ерекше көз тартады. Бар жанарды жаулап, аспанмен таласа бой көтерген таулар қанша биік болғанымен, Ахмет атамыздың аманатын арқалаған біздей жастардың талабы одан да жоғары.
Жетпіс екі сағатты арқа тастап, еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласына жеттік. Жаңа заман мен көненің көзін байланыстыра білген киелі орданың болашағы жарқын. Олимпияданың алғашқы күнінен көптеген әсерлі сәттер жадымда мәңгі сақтаулы. Бастапқы сайыс кезеңдерін тәмәмдап, әр қазаққа тән қасиет, киелі Түркістанның қонақжайлығын байқадық. Қаланың көз тамсандырар көрікті жерлерінен бастау алған, жанды дауыстағы шығармашылық кешке дейінгі ұласқан сезім естен еш уақыт кетпес. Дәл осы сәтте бір-бірінен оза шапқан, 16 сайыскердің арасында жүлдеге таласудамыз. Бағымыз бен бабымыз қатарласып, Ахмет бабамыздың аманатын орындап, кеш батысымен туған елдің түтініне қайта оралмақпыз. Доданың аяқталатыны еске келсе, сағыныш сезімі бойымды баурап алады.
Оразгали Нургалиев,
А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай өңірлік университетінің 4-курс студенті