Отан үшін от кешкен Шәкір Қолдасбаев туралы әңгіме

шакир колдасбаевУақыт өткен сайын соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің қатары азайып бара жатыр. Оларға құрмет көрсетіп, ел үшін жасаған ерен ерліктерін еске алу біздің парызымыз. Осы орайда Отан үшін от кешкен азаматтардың бірі  Шәкір Айтмағамбет-ұлы туралы әңгімелемекпін.
Шәкір Айтмағамбетұлымен Арқалық қаласында кездестім. Мінезі тұйық, өте байсалды жан еді. Оның сөйлеген сөзінен-ақ өмір мектебінің қиын-қыстау сатыларынан өткендігі білініп тұратын.
Соғыс және еңбек ардагері Шәкір Қолдасбаев 1913 жылы қазіргі Аманкелді ауданында туған. 1932 жылы Қостанай қаласындағы педагогикалық институттың  2 жылдық курсын аяқтап, мектептерде мұғалім болып қызмет жасаған.  1942 жылы Аманкелді аудандық әскери комиссариаты әскерге шақырып, Свердловск қаласындағы училищеге курсанттық оқуға жіберіледі. Бұл училищені аяқтаған соң, Оңтүстік  Батыс майданының рота командирінің саяси бөлімі жөніндегі орынбасарлық қызметіне жіберіледі. 1943 жылдың шілде айынан бастап Харьковтағы танк училищесінің тыңдаушысы, 1944 жылдың қыркүйек айынан бастап соғыс майданында, ІІ Украина майданының механикаландырылған бөлімінің арнаулы құрамында  Румыниядағы, Вен-гриядағы соғыстарға қатысады. 1944 жылдың желтоқсан айында жараланып, Орехово-Зуево қаласының әскери ауруханасында емделеді. 1945 жылдың наурыз айында денсаулығына байланысты әскери қызметтен босайды. Елге келген соң Қарағанды облысының Осакаровка аудандық партия комитетінің  хатшысы, Ұлытау ауданында аудандық атқару комитетінің төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облысының  Шәуілдір және Киров аудандарында аудандық партия комитетінің екінші хатшылық жұмыстарын атқарады. ҰОС-дағы ерлігі үшін Еңбек Қызыл Ту ордені, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы "Германияны жеңгені туралы" медалі, "Тың және тыңайған жерді игергені үшін"  үш  мерекелік   медалімен  наградталған. Шәкір Қолдасбаев соғыстан кейінгі жылдары туған жерінде еңбек етіп, 1973 жылы дүниеден озды. Оның артында қалған ұрпағы ата жолын  жалғап ұстаздық қызмет етуде. Шәкір Айтмағамбетұлының қызы Зинаида  бұл күндері Нәзипа Құлжановадан кейінгі Торғай, Қостанай, Ақмола өңірлеріндегі  ғалым қыздарымыздың бірі екенін қалың ел біледі. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Зинаида Шәкірқызы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында қарапайым оқытушыдан бастап кафедра  басқарып, декандыққа дейін көтерілді. Шәкір Айтмағамбетұлының Асқарынан өрбіген ұрпақтар да ұстаздық жолды таңдаған.
Еркін ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, еңбек ардагері.
 Арқалық қаласы.
суретте:  Шәкір Айтмағамбетұлы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓