Өліп тірілген адам немесе өмірі ерлікке толы әріптес туралы әңгіме
Күзгі ызғырық желден жапырақтарын жоғалтып жатқан бәйтеректей, сонау сұрапыл соғыста талай қиыншылықтарды бастарынан өткізіп, майдан алаңында Отан үшін қасық қанын төккен нағыз қас батырларымыздың қатары күн сайын азайып барады. Бүгіндері сол қарияларға ыстық сезіммен сый құрметімізді көр-сетіп, дәріптеп отырсақ, ол біздің балалық парызымыз болар еді. Бұл ұрпақты Отан сүйгіштілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде кезек күттір-мейтін өзекті мәселелердің бірі. "Жақсылар жақсымын деп айта алмайды" дегендей, бұл санаттағы ағалардың көпшілігі өз ерліктеріне келгенде сөзге сараң, жалпылама әңгімелерден аспайды. Себебі бүгіндері сол сұрапыл соғыстың жаң-ғырығы бәсеңсіп, оның орнына баяғы бәленшене түгенше рудан шыққан батырлар мен әулиелердің аттары жиі естіліп тұрған кез.
Анау бір күндері ҰҚК органының ардагері полковник Даценко Павел Васильевич ертеректе естелік ретінде мәшенкемен басып жазған, бірақ та бір себептермен аяқталып, жарық көрмеген, "Аяқталмаған әңгіме" атты жақсы бір әңгімесі бар дегенді естіп едім. Бірақ та үйіне барып сөйлесудің реті түспей жүрген-ді, себебі, сонау қан майдан соғыста басынан алған жарақаттың салдарынан оның қос жанары күннен күнге нашарлап бара жатқан болатын. Жан серігі Валентина Яковлевнадан және қызынан айырылып қалған Павел Васильевич қос немересімен тұрып жатыр дегенді еститінмін.
Бұл кісімен ширек ғасырдан астам уақыт бір мекемеде қызметтес болып едім. Ол бай тәжірибелі, адамгершілігі мол, әділ, мансапқорлық деген сияқты қылықтан алшақ, алдыңғы қатардағы оперативтік қызметкерлердің бірі болатын. Бетің, жүзің демей турасын айтып, әсіресе қаракөз әріптестеріне басшылықтың алдында араша түсіп жатқанының талай куәсі болғаным бар еді. Ол кісінің бұл мінезіне таң қалып, бұл ұлты басқа кісі қазақ жігіттеріне неге соншама шыжмай болады деп ойлайтынмын да.
Әлі есімде, бір күні басқарма бастығының кабинетінде Жітіқара бөлімшесінде жедел өкіл болып істейтін Өтебаев Жалмағамбет деген азаматымызға араша түсіп, қатты сөздерге келіп жатқанының куәгері болып едім. Ал, Жалмағамбет болса, білімді инженер, өте сауатты, ұстамды мінезді, қала жұртшылығына беделді болатын. Оперативтік жұмыста жақсы көрсеткіштері бар, спортпен айналысып, республикада күрестен талай жүлдегер болған інімізді күншіл бастығы көре алмай, отырса опақ, тұрса сопақ қылғысы келеді екен. Ал, Павел Васильевич болса, Жолмағамбетке кезінде кепілдеме беріп, осы әскери қызметке тартып, оның бер жағында, оған тәлімгер ретінде оперативтік жұмыстың қыр-сырын меңгеріп кетуіне атсалысып, әрқашанда оған жаны ашып, қамқоршылық жасап,"кіндік әкесіндей" болып кеткен кісі болатын. Ол басқарма бастығымен сөзге келіп: "Егер де оған қиянат жасап, оның басынан бір тал шаш түсіретін болсаңдар, мен шындықты айтып, республикалық МҚК басқармасына ғана емес, Одақтық – Андроповтың өзіне барам" дегенінің куәсі болғандар, көпке дейін осы зілді сөз туралы айтып жүрді. Содан кейін Жалмағамбеттің бағы жанып, ол облыстық басқармаға, соңынан республикалық комитетке жауапты қызметке ауысты. Қазір ол зейнеткер, Алматы қаласында тұрып жатыр, жақында Павел Васильевичті 90 жылдық меретойымен құттықтап, телефон шалыпты.
Жақында сәті түсіп, жоғарыда айтылған қолжазбамен танысу үшін Павел Васильевичтің үйіне бардым. Қария әлі пысық, көзінің нашар көретіндігі болмаса, денсаулығы жаман емес екен. Мені көріп қарт чекист әбігерге түсіп, баладай қуанып қалды. Ол көзін емдетпекші болып Ресейге барғанын, бірақ та ондағы дәрігерлерге көңілі толмай келгенін айтып жатты
Әңгіме басында мен одан:
– Павел Васильевич, Сіздің өмір жолыңыздың көбі осы Қостанай облысында өтіп келеді. Өзіңіз қала іргесіндегі Владимировка деген ауылда туып өсіп, білім алдыңыз, 1942 жылы әскер қатарына шақырылып Пенза қаласындағы артиллерия училищесіне жіберілгенге дейін МТС-та нормалаушы болып жұмыс жасадыңыз. Осы Сіздің жан жолдастарыңыздың көбі қазақ ұлтының өкілдері, мысалы, айталық, туған бауырыңдай жақсы көріп сыйласқан Бержанов Жұмабайды, не Қапышев Нәжікенді алайық, сіздерді әріптестеріңіз осылар бірге туғандар ма дейтін еді ғой, осының себебі неде? – дедім.
– Дұрыс айтасың, Ғалихан, – деді ол. Мысалы, мен үшін жанымдағы жолдасымның бет әлпеті емес, оның ішкі сарайы, адамгершілігі басты критерий. Кешегі қан кешкен майданда да жақын достарым қазақтар болды. Қиын жағдайларда бір-бірімізге қорған болып, өлім аузынан бір-бірімізді талай алып қалған кездерімізді, бір ыдыстан тамақ ішіп, суық окопта бір шинельді жамылып жатқанымызды қалай ұмытайын. Менің взводымда болған, кескілескен бір ұрыста қаза тап-қан Оспанов деген жерлесім осы күнге дейін көз алдымда. Осы майдандас достарым туралы көзім тәуір кезде бір естелік жаза бастап едім, көзім-нің жанары күрт төмендеп кетуіне байланысты бұл жұмысты уақытша тоқтатқан болатынмын, енді, міне, сол еңбегімді аяқтадым деп, маған ескі механикалық машинкемен басылған "Повесть о беспартийном армейском чекисте и его временах" атты көлемді еңбегін ұсынды.
Әріптесімнің өмір жолы туралы бұл естелігін басымды көтермей бірден оқып шықтым. Оқыдым да таң қалдым. Япыр-ау, Павел Васильевич болса тарих мамандығы бойынша институтты сырттай тәмамдаған кісі, жоғары әдеби тілмен мынандай повесть жазғаны ол кісінің жоғары сауаттылығымен қатар, басына түскен қиыншылықтарды ойша зерделеп қағаз бетіне суреттеп түсіргені ғой деп ойладым.
Ғалихан Мәулетов