Боранда

Соқ боран оңнан, солдан да,
Демеймін саған долданба.
Ұли бер алақаншық боп,
Билей бер қырда,  жолдарда!
 
Қыстайғы жатқан үйіліп,
Қуала қарды үйіріп.
Ұғайын күштің не екенін,
Тұрайын саған сүйініп.
 
Соқ тағы да ышқынып,
Қышқырып,
Тулап,
Ысқырып.
…Білгейсің бірақ айқай мен
Долдануда емес күштілік!
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
 
Тілім менің
 
Тілім менің тірегім,
Өмірім деп жүремін.
Мақтанамын шаттанып,
Алып-ұшып жүрегім.
 
Қасиеттім, қымбаттым,
Бабаларды жырлаттың.
Алғаш рет ана деп,
Өз тілімде үн қаттым.
 
Өз тілімде тілдесем,
Әз тілімде сөйлесем,
Сырбаз тілім болмаса,
Адам болып жүрмес ем.
 
Туған жерім
 
Жер жәнәті
Торғайымның аймағы,
Небір игі жақсылардын қайнары.
Ахмет пен Міржақыпты тудырған,
Қазақы өлке бұзылмаған қаймағы.
 
Тарихымды айтар болсам жасырмай,
Ер Жәнібек жауға шапқан жасындай.
Осы жерде туып өскен Шеген би
Шұғылалы қарт Торғайым осындай.
 
Жер бар ма екен Қарғалы мен Тосындай,
Аң мен құсы, әр адамның досындай.
Шипалы су, жидегі мен жыңғылы,
Туған жерім менің міне, осындай.
 
Аталардың орындалып арманы,
Торғайымның арай шашты таңдары,
Мұражайлар қалашығы атанған,
Қарт Торғайым жастарымның қорғаны. 
 
Шеген аулы төрт түлікті алқабы,
Табиғаты алыстан көз тартады.
Өзенінде құрағы мен балығы,
Қырларында табын киік жортады.
 
Арайланып, нұрын шашып ақ таңым,
Артық сенен ешбір мекен таппадым.
Абыройың арта берсін әрқашан,
Шеген аулы көрікті жер, мақтаным. 
 Нағашыбай Сәнімай,
 2-курс студенті.
 
 
 
Қазынамсың, сарқылмайтын мәңгіге
Ана тілім, өзіңе бас иемін,
Бір өзіңсің – қасиеттім, киелім.
Шыр еткеннен сіңген нәрің бойыма,
Туған тілім, қадіріңді білемін.
 
Тілім!
Сенде кеңдігі бар даламның,
Құдіреті бар ұлы ата-бабамның.
Асқақтатсам мәртебеңді әрқашан,
Ақ жолыңда еңбек еткен болармын.
 
Хат тануды сен арқылы үйренсем,
Әлемдегі бар жақсыны игерсем.
Жақсылыққа жақын болған болармын
Жамандықтан сен арқылы жиренсем.
 
Тілім – байлық, бейбітшілік – мерекем,
Өзің барда кірер менің берекем.
Сен жоқ жерде қорғансызбын, мәңгүртпін
Тек сенімен елдігімді жыр етем.
 
Қазынамсың, сарқылмайтын мәңгіге,
Өзің жаздың жүректегі әнді де.
Қазақ болып туғаныма ризамын
Әз тіліммен жар саламын әлемге.
 Ақмарал Талғатбекқызы,
2-курс студенті.
 
 
Тәуелсіздік – асылым!
Алтын бесік – туған жерім, құт берекем, босағам,
Таусылмайтын несібесі әр қазақтың аңсаған.
Тәуелсіздік, ұлттық дәстүр, бұзылмасын тіліміз,
Жамандықтан сақтасыншы елімізді жасаған.
 
Ақындарың,  шешендерің елдігіңді  жырлаған,
Жырауларың, көсемдерің терең ойын толғаған.
Бабалардың ғибратты өсиетінен үлгі алып,
Батырларың ақ найзамен кең өлкемді қорғаған.
 
Тәуелсіздік!
Сенің арқаң мұның бәрі асылым,
Жас өркендер, болашақта атағыңды асырсын.
Көк жүзінде көк байрағың қалықтасын үнемі,
Егемен ел мәңгілікке бейбіт өмір сүреді.
 
Елім десе, елеңдейді лүпілдеген жүрегім,
Жас ұрпақпыз, ертеңіңді көркейтетін тірегің.
Кірпішің боп берік тұрсам кетігіңде үнемі,
Сәби күнгі арманына жеткен екен де мені.
Зарина Арғынбаева,
                    2-курс студенті.
 
Егемен елім
Желтоқсанның соғып өткен ызғары-ай,
Шырылдады қанша қазақ қыздары-ай.
Ерлеріміз алаңдарда "елім-ай" деп сұласа
Бар қазақтың жанарлары мұздады-ай.
 
Тәуелсіздік атты таңы,
О, тоба!
Шарықтады көк туым да бағыма.
Әуелеген әнұранның әр сөзі
Естіледі ыстық болып жаныма.
 
Тәуелсіздік! Биік болғай тұғырың,
Ұзақ болсын, мәңгі-бақи ғұмырың.
Егемен ел!
Бақыт қонған, бақ қонған
Байтақтықты білдіреді ұғымың.
 Жанбота Қабенова,
2-курс студенті.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓