АБЫРОЙЫ АСҚАН асыл азамат

Орал Мұхамеджанов туралы сөз
мухамеджанов  оӘрбір жақсы адам – өзі өмір сүрген орта үшін рухани байлықтың бірі де бірегейі емес пе?! Өйткені, ондай адамдар жан-жағына жақсылық нұрын шашып, көптің ұйытқысы, тілекшісі болады. Марқұм Орал Байғонысұлы осындай ардақты азамат еді. Ол барлық жағынан сұлу адам болды. Оның кісілігі мен кішілігі, ақкөңілділігі мен елгезектігі, жаны мен тәнінің үндестігі, білімі мен парасатының байлығы, адалдығы мен әділдігі, әншілігі мен әдебиетшілігі, жүрген жүрісі мен тұрған тұрысы өзіне де, қауымға да әрдайым жарасып тұратын. Қандай ортада болсын ол өзінің бойының биіктігімен ғана емес, ойының биіктігімен де оқшау тұратын. 
 
Сабыржан АХМЕТОВ,
"Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері,
Аманкелді ауданының
Құрметті азаматы
Әдетте көпке жағу оңай емес. Біреу-лерге ұнасаң, енді біреулерге жақпай жатасың… Ал Орал Байғонысұлы болса – көпшіліктің көңілінен шыққан азамат болды. Оның мұндай құрметке ие болуы – адалдығы мен әділдігінің, инабаттылығының арқасы болар деп ойлаймын. Өйткені ол қашан болсын өзін көпшіліктен жоғары қойған емес. Әрдайым кішіпейіл еді. Бастықтығын ешкімге сездірмеуге тырысатын. Ол өзіне кезінде Қазақстанның бірінші басшысы болған Жұмабай Шаяхметовтың: "Кім болсаң да халықтан үлкен емессің! Егер бағың жанып, мекемеге немесе одан да жоғары қызметке тағайындалсаң, өзіңнің бастық екеніңді сездіруші болма!" деген аталы сөзін басты бағдар, асыл мұрат  етіп ұстанған азамат еді. Кейде басымыз қосылып қалғанда, әралуан тақырыпқа әңгіме қозғағанда Орал Байғонысұлы Ж.Шаяхметовтың осы сөзін бізге үнемі үлгі қылып айтып отыратын.
Мен Орекеңмен 1992 жылдың ақпан айынан таныс-біліспін. Оған дейін біздің жолдарымыз тоқайласқан емес. Ол Арқалық ауданында, кейін Арқалық қаласында қызмет істеді, мен болсам Сарыторғай ауылында, кейін аудан орталығында өндіріс саласында басшылық қызметтерде болдым. Танысып-білісуіміз – Орекеңнің 1992 жылдың 12 ақпаны күні Аманкелді ауданына әкім болып тағайындалуына байланысты болды. Оған дейін бірер рет сыртынан көргенім болмаса, жақын аралас-құраластықта болмаған едім. Алайда, біздер тез табысып кеттік. Өйткені, Орекең – жаны жайсаң, пейілі кең, жүрегі дархан азамат екен. Бәрімізді өзінің кең құшағына сыйғыза білді.
Орекеңнің Аманкелді ауданына әкім болып тағайындалуы – күтпеген оқиға болды. Себебі, бұл кезде әкім боп тағайындалуға лайықты ауданның өз азаматтары да бар болатын. Алайда, билікке талас деп аталатын жаман әдет ол азаматтардың жолдарын кесті. Сол кездегі Торғай облысының әкімі Сергей Кулагин ауданға әкім тағайындамас бұрын өзінің орынбасарларын жіберді. Ондағы мақсат – ауданда қалыптасып отырған жағдайды білу болатын. Нәтижесінде облыс әкімі ауданға  – бұрын мұнда болмаған, бірақ облыста жауапты қызметтер атқарған Орал Байғонысұлын Аманкелдінің алғашқы әкімі етіп жіберді. Орекең өзіне жүктелген бұл міндетті абыроймен атқарды. Ауданда ынтымақ-бірлікті орнатты. Кадрлар арасындағы айтыс-тартысты жойып, қолайлы жағдай қалыптастырды. Әрине, ол – қиын кез еді. Орекең сол қиын уақытқа сай қызмет жасады. Өзінің жылы жүзімен, иманды сөзімен аудан халқының тілін тапты. Көптен оқшауланбай, әрдайым халықтың ортасында болды. Жасы үлкенді де, жасы кішіні де жөнімен сыйлай білді. Ешкіммен айтысып-тартыспады. Қатты сөзге бармады, қудаламады.Ондайға мүлдем жол берген жоқ. Келіспегендерді келістірді, керіскендерді татуластырды. Ал бұл дегеніңіз – сол кез үшін ауадай қажет нәрсе еді. Анығында Орекең – сол бір қиын кезге сай болған әкім еді!
Ол ауданның рухани дамуына бірінші кезекте мән берді. Орекеңнің басшылығымен аудандық баспаханадан бірнеше кітаптар шығарылды. ХХ ғасырдың 20-30-40-50 жылдарында қуғын-сүргінге түскен ақындардың және ескерусіз қалған ертедегі ақындардың да мерейтойларын өткізуді қолға алды. Сонымен бірге олардың кітаптарын шығару ісіне маңыз берді. Атап айтқанда: Мәтібай Сарбасұлының, Сейдахмет Бейсенұлының және ХХ ғасырдың 20-50 жылдарында "Халық жауы" атанып, тұтқындалып, абақтыда отырған, айдауда болған Файзолла Сатыбалдыұлының кітаптарын шығартып, мерейтойларын өткіздірді. Сонымен қатар, 1992 жылдың 22 наурызы күні кезінде "Батпаққара көтерілісіне" қатысып, айдауда болып қайтқан, белгілі ел ағасы Мұқан Әбеуұлының 100 жасқа толған торқалы тойын тойлатты және тірлігінде бір кітабы да шықпаған айтыскер ақын Сәт Есенбаевтың туғанына 100 жыл тол-ған тойын өткіздіріп, оның да кітабын шығартты.
Дәл осы жылы аудан орталығындағы Сатыбалды ишан атындағы мешітті өзі бас болып салдыртты.
Бұл – аудан халқының намысын оятып, еңсесін тіктеген оқиғалар болды. Ал 1993 жылы облыс әкімі С.В.Кулагинмен келісе отырып, ауданда 100 үй құрылысын жүргіздірді. Бұл жерде Сергей Витальевичтің іскерлігі мен жаңашылдығын атап өткен орынды. Егер ол кісі болмағанда, Орекеңнің Аманкелдіге 100 үй салу жөніндегі  бастамасы жүзеге аспайтын еді. Бұл да – аудан халқы үшін ерекше оқиға болды. Үйлері құлаудың алдында аз-ақ тұрған соғыс және еңбек ардагерлеріне және үйсіз-күйсіз жүрген мекеме басшылары мен мамандарға, жас- тарға жаңа үй берілді. Кезінде бұл оқиғаны Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерік Асанбаев пен Қазақстан Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі Сергей Терещенко келіп, көздерімен көріп, Орекеңнің ыждағатты ісіне жоғары баға берді.
Міне, осылайша Орекең бас-аяғы 2 жылдың ішінде Аманкелді ауданында айта жүрер жаңалықты шаруалар тындырды.
1994 жылдың басында ол Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Бірақ аудан халқы Орекеңді қимады. Өйткені, аманкелділіктер Орекең арқылы аудан-ға жаңа жетістіктер, жарқын істер тілеген еді. "Ол әлі де 4-5 жыл әкім болып қызмет жасаса, талай-талай жақсылықтарға қолымыз жетеді" деп ойлады. Бірақ, тағдырдың қалауына кім не істей алады. Депутат болып сайлануы – оның бағын жандырды. Осы кезде ол барша республика жұртшылығына танылды. Өзінің екі тілге бірдей жүйріктігімен, кемеңгерлігімен, өнерпаздығымен депутаттар ортасында да айрықша танылып, тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көзіне түсті. Адамды бір көргеннен-ақ қателеспей тани білетін кемеңгер Елбасымыз Орал Байғонысұлының азаматтығын, адалдығын, ақыл-ойының тереңдігін лайықты бағалай білді. Соның нәтижесінде Орекең 2004 жылы қараша айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып сайланды.
Кейін дәл осы қызметке екінші рет тағы сайланды. Осы қызметте жүрген кездерінде ол тек қана Аманкелді ауданының халқына ғана емес, Қостанай облысының дамуына да лайықты ықпал жасады. Қолынан келген жақсылығын аянып қалған жоқ. Содан болар, Торғай мен Қостанайдың барша халқы Орал Байғонысұлын айрықша жақсы көрді. Халық қателеспейді ғой. Орекең осы құрметке әбден лайық еді.
Кейін Орекең әкім болған Аманкелді ауданында тағдырдың жазуымен мен бір емес, екі рет әкім болдым. 20 жыл-ға созылған әкімдік қызметімнің тура 10 жылы – өзім туып-өскен Аманкелді ауданында өтті. Осы кезде Орекең маған өзінің ақыл-кеңесін беріп, іс-тәжірибесімен бөлісті. Тумасақ та туғандай болып, сыйласып кеттік. Жан дүние-міздің жарастығы – біздің достығымызды берік етті. Ол өте қарапайым болатын. Кеуде керу дегенді білмейтін. Отырған жерде мәжілістің көркі болатын. Халық әндерін және кейінгі композиторлардың туындыларын бар жанымен беріле орындайтын. Егер ол әншілік жолын қуғанда еліміздің күміс көмей, жез таңдай опера әншілерінің бірі болары анық еді. Бірақ, тағдыр оның таланына мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасауды сыйлады. Ол бұл қызметте де қатардағы маманнан – республикамыздың бетке ұстар басшыларының біріне дейінгі жолдан өтті. Әрдайым абыройдың үстінде болды. Мерейі өсіп, мәртебесі көтерілсе де асып-таспады, қиындық көргенде абдырап-саспады. Әрдайым шынайы қазаққа тән сабырлы мінезінен айнымады.
Ол – өте кең адам еді. Өзіне жамандық жасаған адамдардың өзін құрметтей білетін. Кекшіл емес, көпшіл бол-ғандықтан әрдайым халқының қолдауына ие болды. Орекеңді Аманкелді ауданының, асса Торғай-Қостанай елінің еңкейген кәрісінен бастап, еңбектеген баласына дейін жақсы білді, сыйлады, аға тұтты, пана тұтты.  Ол да халқын қадірлей білді. Әрдайым оның алдына басын иді. 
Ол халқына әлі де керек еді, әлі де ұлтымыз үшін талай-талай өркенді істерді жүзеге асыратын еді. Амал не, Алла тағаланың оған берген ғұмыры – 65 жас екен. Осы жаста мына дүние-мен қоштасып, бақилыққа аттанып кетті. "Орекең қайтыс болды" деген әрі қаралы, әрі суық хабарды естігенде біздің өзіміздің де, еліміздің де қабыр-ғасы қайысты. Өлімге қимайтын азамат еді, бірақ ажал адам таңдаған ба? Бұрынғы ақсақалдар: "Е, құдайым, кейінгі бала-шаға, келін-кепшікке рәсуа қылмай, сан соқтыра ажал бере гөр!" деп тілейтін. Онда біз баламыз ғой, "бұл кісілердің мына сөзі не сөз" – деп ойлаушы едік. Сөйтсек, ақсақалдар бәрін білген екен ғой, сан   соқтырар өлім дегені – халқын өкіндіретін ажал екен ғой. Дәл осы сөзді бертінде Торғай елінің абыз ақсақалы Әулие Оспан қожаның немересі Ғазиз қажы Әмірханұлы ағамыздың аузынан да естіп едім. Сол жолы сан соқтырар өлім дегенінің мәнін – Орекеңнің өзімен бірге Ғазекең арқылы терең сезінген едік. Ия, Орекеңнің ажалы – тек біздің ғана емес, туған елінің де санын соқтырып кетті. "Ол әлі де өмір сүруі керек еді" деп ел қиналды. Бәріміз де өкіндік. Ол туған Отанының мәңгі есінде болмақ. Халқы оны ешқашан ұмытпайды. Аты ардақталып, еңбегі еленіп, құрметтелетін болады.
Суретте: О.Б.Мұхамеджанов.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓