Байқауға қатыс, бағыңды сына!

Қостанай облысында «Қайырымдылық керуені» ІІ республикалық конкурсына өтініштерді қабылдау басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Конкурсты «Хабар» және «КТК» телеарналарының қолдауымен ҚР Тұңғыш Предиденті Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастыруда. Біздің өңірде байқауды ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Қостанай облысы бойынша атқарушы директоры Балбөпе Ертаеваның айтуынша, жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғырту.DSC_5420
-Қостанай өңірі мейірімді азаматтардың көптігімен мәлім, – деді Б.Ертаева. – Байқау ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғыртуды мақсат тұтады. Екінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл конкурс арқылы Елбасы қоры адамгершілік құндылықтарды, қайырымдылық және гуманизм идеяларын насихаттайды. Біз жүрегі кең азаматтарымызды, бүгінгі күннің нағыз батырларын халыққа көрсетіп, таныстырғымыз келеді. «Қайырымдылық керуені» жобасы азаматтардың үлкен ықыласына ие болғаны қуантады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауды облыс көлемінде өткізу үшін тоғыз адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Оған Балбөпе Ертаевадан өзге Қостанай облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері енді. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен мейірімділікке ынталандырған азаматтар мен ұйымдар қатыса алады. Қайырымдылық қызметін мемлекет қолдауымен (мемлекеттік грант) іске асыратын кәсіпкерлер және жеке тұлғалар қатыса алмайды.
Қостанай облысы іскер әйелдер қауымдастығының басқарма мүшесі Гүлмира Капенова азаматтарды конкурсқа қатысуға шақырады: «Қайырымдылық керуені» біздің елімізде көпшілікке танымал бола бермейтін адамдар, батырлардың көп екенін көрсетеді. Олардың іс-әрекеттері баршамызды таңдандыра отырып, мысал бола алады. Егер сіз мұқтаж адамдарға көмектесіп, қиын жағдайда батылдық танытып, пайдалы іс-шараны өткізуге көмектескен болсаңыз, бұл сайыс сіз үшін!».
Жеңімпаздар келесі жылы ақпан айының соңында – Алғыс айту күнінің қарсаңында белгілі болады.
Айта кету керек, лауреаттар келесі номинациялар бойынша анықталады: «Асар» (номинация қайырымдылық істері ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты тұлғаларды марапаттауға бағытталған); «Туған жер» (туған жеріне білім, экология мен абаттандыру салаларында көмек көрсетіп жүрген жандарға арналған); «Батыл жүрек» (номинация аясында ерлік көрсеткен, қайсарлық танытқан тұлға марапатталады); «Мейірім жолында» (номинация өз еркімен және өтеусіз көмек көрсететін, қайырымдылық жасайтын жанға табыс етіледі).
Былтыр «Қайырымдылық керуені» конкурсының қорытындысы бойынша «Асар» номинациясында Қарағанды облысынан Сымбат Елікбаева, «Туған жер» номинациясында Атырау облысынан Арман Хайруллин, «Батыл жүрек» номинациясында Ақмола облысынан Ұлдана Совет, «Мейірім жолында» номинациясында Алматы қаласынан Расима Темірбаева, «Қайырымдылық  тарихы» номинациясында Солтүстік Қазақстан облысынан Александр Кондратов жеңімпаз атанды.
Конкурс туралы толық ақпаратты ҚР Тұңғыш Президенті Қорының www.fpp.kz  сайтынан, сондай-ақ келесі телефон номерлері  бойынша алуға болады: +7 (7172) 79 15 98, + 7 701 512 55 00 Шамбаева Айман Қасенқызы, «Қазақстанның Іскер Әйелдер Қауымдастығы» РҚБ-нің атқарушы директоры, жоба үйлестірушісі (e-mail: karavan_dobroty@fpp.kz, rauwomen@yandex.ru).
Қостанай облысы бойынша байқау туралы қосымша ақпаратты келесі нөмірлер бойынша алуға болады Иртаева Балбөпе Ғалымжанқызы +7(7142)568566, +77773755080  
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓