Бақытын биден тапқан
Әр адамның маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Оның қай жаққа өзгеруіне адам өзі себеп бола алады. Әрбіріміз өмірде алда не күтіп тұрғанынан бейхабармыз. Айтайын дегенім, облыстық қарттар мен мүгедектер үйіндегі жандар он ұйықтаса да осы үйді паналаймын деп ойламаған болар. Бүгінде жалпы үлгідегі интернат үйі 300-ден аса адамды өз бауырына басып, қажетті ем-домын жасап келеді. Мұндағы жандардың өмірі әр қилы болғанына қарамастан олар сырлас, бауырлас әрі мұңдас жандар. Олар жайлы сөз қозғағанда жүрегің селт етпей қоймайды. Күні бойы мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға қызмет көрсететін әлеуметтік жұмыстар жөніндегі мамандарға да жүктелген міндет аса жауапты. Көңілі жас баладай нәзік болған адамдармен жұмыс істеу де оңай емес.– Қарттар үйіне алғаш келген күннен бастап осындағы жандарға жақсы көңіл-күй сыйлаймын, – деген Мадия Төлегенқызы мүмкіндігі шектеулі жандарға билеуді үйретуді алғаш ұсынған жанның бірі. Араға 6 жыл салып мұнда билеушілер қатары көбейіп, қалалық түрлі іс-шараларда әдемі би қойылымдары көпшіліктің көңілінен шығып жүр.
– Біздің жұмысымыз мүмкіндігі шектеулі жандармен тікелей байланысты болғандықтан, өміріне кішкене болса да қызыққа толы, көңілді минуттар сыйлау үшін оларды биге қатысуға шақырған едім. Өзім кәсіпқой биші де емеспін. Оларды мүмкіндігі шектеулі жандар деуге аузым бармады. Өйткені, мұндағы жандардың барлығы шығармашыққа жақын. Ән-би десе кәсіпқойлардан кем түспейді. Өмір қаншалықты өзінің ызғарын сездіргенмен, олар бір орында тоқтап қалмай, өмір үшін күресіп келеді, – дейді Мадия Рыспаева.
Мойындау қажет, арбаға таңылған жандарға би билеу оңай емес. Сондықтан қимылдарды орындау барысында өздеріне ыңғайлы жағын қарастырып, көрерменге естен кетпес әсер сыйлап, өздері де би билегенде қанаттанып кететіндері рас. Ақ халаттылардың айтуынша, мүгедектерді оңалту үшін тек медициналық тұрғыдан емес, осындай жылдам қозғалысқа бейімдейтін және көңіл сергітетін үйірмелердің көп болғаны дұрыс. Шығармашылық арқылы олар өздерін толыққанды адам ретінде сезіне алады. Мысалы, интернаттағы би үйірмесінің тұрақты қатысушысы, әрі қалалық жарыстарда Мадия Төлегенқызымен бірге түрлі би қымылдарын үйреніп алғандардың бірі Серік Танабаев. Ол бисіз өмірімді елестете алмаймын дейді.
– Мен билеген кезде өзімнің мүгедек екенімді ұмытып кетемін. Қанаты бар құс құсап ұшып кететін сияқтымын. Шабыттанып, би билеген сайын көңілім таудай көтеріліп қалады. Әуенге беріліп би билейтінім сонша, арбада отырғанымды ұмытып кететін сәттер де болды. Сол себепті, адам бір орында өзімен-өзі қоғамнан алыстап кетуіне болмайды. Қайта өмірде кездесетін сынақтардан абыроймен өтіп, мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланған жөн. Басында сахнаға шығуға қарсылдық білдіріп, кәдімгідей ұялатынмын. Ұстазым, би әлеміне жетелеп келген Мадия Рыспаеваға мың алғыс. Сол кісінің арқасында қорқынышым сейіліп, көрерменнің қошеметімен сахнаға шыққан сайын шабыттанып кететін болдым. Әсіресе, сахна төріндегі түрлі шамдар жанғанда залда отырған адамдарды көре бермейсің, бар ойың орындалып жатқан ән мен би қимылдары жақсы шықса екен дейсің. Осы уақытқа дейін әр түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билерін меңгеріп алдым. Әрі арбада отырып орындау маған түк емес. Мен өзімді қоғамның толыққанды азаматы ретінде сезінемін. Өзім сияқты арбаға таңылған жандарға «өмірден күдер үзбеңіздер» дегім келеді. Біз де бақытты болуға лайық жандармыз. Біз де қоғамның бір мүшесіміз.Серік өзін мүгедекпін деп санамайды. Көп ізденгіш, парасатты ойы ұшқыр азамат. Өмірде қандай өзгеріс орын алмасын, оның барлығын жақсылыққа балайды. Айта кеткен жөн, Серік бүгінде отбасын құрып Жанна есімді ақ құсын қолына қондырған. Романтикаға толы екі ғашықтың тарихын интернат үйінің тұрғындары жақсы біледі. Неке қию рәсімінде Серік пен Жанна сезімге толы жас жұбайлар биімен, өздерін де, жақындарын да бір қуантты. Жаннаның айтуынша, Серікпен танысуына да осы би себеп болған екен.
– Біз ғаламтор арқылы таныстық. Ол мені өзі тауып алды. Кездесіп жүріп оның биін тамашаладым. Шынымды айтсам, қатты әсерленіп кеттім. Үш рет кездесуден кейін Серік мені өзімен бірге алып кетті. Ол кезде мен Лисаков қаласында тұратынмын. Міне, екеуіміз үйленіп отау құрдық. Қазір бақыттымын. Оның биге деген көзқарасын ерекше бағалаймын, – дейді ол.
Серік пен Жаннаның бір-біріне деген ерекше ықыласын байқамау мүмкін емес. Көздері бақыттан бал-бұл жанған олардың махаббатына біз де куә болдық. Қазіргі таңда жас жұбайлар алда келе жатқан мейрамдарда бірге өнер көрсету үшін дайындықты бастап жіберді. Әрине, оларға би билеуде жан-жақты көмектесіп жүрген жандар қатарында Мадия Төлегенқызы бар.Жалпы алғанда, Рудный қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың басым бөлігі «Алма піс, аузыма түс» деген пікірден аулақ. Біреуге салмағымды түсірмейін деп, өз күндерін өздері көруге дағдыланған. Олардың арасында түрлі жарыстарда көзге түсіп жүргендері қаншама. Әсіресе, спорт саласында тек кеншілер шаһарының ғана емес, республикалық байқаулар мен жарыстарда облыс намысын қорғап жүргендігін тілге тиек еткен жөн. Өздерінің мүгедектіктерін сылтауратып отырған жоқ, қайта ізденіп, түрлі кәсіпті меңгеріп алғандықтары кімді болса да ойландырары сөзсіз. Көзі ашық, көкірегі ояу, рухани жағынан бай мұндай жандардың шығармашылығын бағаламауға болмас. Тағдырдың басқа салған көптеген сынақтарынан сүрінбей өтіп, өздерінің адамилық қасиетін жоғалтпай, ертеңгі күнге нық сеніммен қарайтын мүмкіндігі шектеусіз жандарға ешқашан еңселеріңіз түспесін дейміз.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ