Елінің ерен құрметі. Ұзынкөлде Тәтіқара жырау мен Жолшара әулиеге ескерткіш орнатылды
Қастер тұтқан
Облысымыздың астықты аймақтарының біріне жататын Ұзынкөл ауданы – 75 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Той – аудан орталығындағы алаңда бой көтерген Тәтіқара жырау мен Жолшара әулиеге арналған ескерт-кіштерді ашу рәсімінен бастау алды. Салтанатты жиында сөз алған ақын Ақылбек Шаяхметов тарихи деректерге жүгіне отырып, Абылай ханның ақылшысы, жыршысы жайлы ойын ортаға салды. "Тәтіқара жырау батырлардың қалмаққа қарсы жорықтарына қатысып, олардың ерлік істерін мадақтаған, толғауларында жауынгерлерді табандылыққа, төзімділікке үндеген. Қытай басқыншылары мен Абылай сарбаздары арасында өткен соғысты сипаттаған "Қамыстың басы майда, түбі сайда", "Кебеже қарын, кең құрсақ" іспетті жалынды жырлары Тәтіқара есімін халыққа кеңінен танытты. Өткір мінезді Тәтіқара ел билеген ханның осал жақтарын сынап, батыр-бектердің кемшін тұстарын беттеріне айтып отырған. Осы мінезімен Абылай ханмен араздасқан кезі де болыпты. Десе де, оның бұдан ел алдындағы беделі ортаймаған, қайта арта түскен", – дейді ол.
Тарихи деректерге жүгінсек, Жолшара Тастемір-ұлы ХVІІІ ғасырда Ұзынкөл ауданының өңіріндегі Тау-ағаш (Үкіатқан) маңында өмір сүрген дәулетті, әулие кісілердің бірі болыпты.
Жолшара әулиенің сөзі дуалы бол-ған деседі. Өз елін тосыннан келген жаудан да, табиғат апатынан да қорғап отырған көрінеді. Жолшара әулие жайындағы аңыз әңгіме ел арасында кеңінен тараған. Бұл жайында әулиенің алтыншы ұрпағы Темір Тілемісұлы ақсақал ескерткіштің ашылу салтанатында жиналғандарға кеңінен айтып берген еді. Жалпы алғанда, Тәтіқара жырау мен Жолшара әулиеге арнап ескерткіш тұрғызу мәселесі осыдан бес жыл бұрын көтерілген. Қилы заманда қазіргі Ұзынкөл аумағын мекен еткен ерлердің есімі ескерусіз қалмасын деген ел азаматтары тізе қосып, ескерткіш орнатуды жөн көреді.
Игі іске мұрындық болған Жәлел Сұлтанғазыұлы ақсақалдың айтуына қарағанда, Абылай ханның қасына ерген батыр, жыраулардың барлығына да, қазақ елінің әр түкпірінде ескерткіштер орнатылып, көше, аудан аттары берілген. Солардың арасынан тек Тәтіқара жырау ғана ескерусіз қалған көрінеді. "Осы елдің азаматы болғандықтан ба, Тәтіқара жыраудың белгісіз болып қалғаны шымбайыма қатты батты. Алдымен, ел азаматтарының басын біріктіріп, "осы кісіге құрмет көрсетсек қалай болар екен" – деген ой тастадым. Барлығы да бір ауыздан қолдады. Игі бастамаға аудан әкімі де құптап, өзінің бір айлық жалақысын тұтасымен аударды. Біршама уақыттың ішінде қомақты қаржы жиналып, ескерткішті тұрғызу мүмкін болды. Бастамамызға дем берген ел азаматтарына айтар алғысым шексіз", – дейді ақсақал. Тәттіқара жыраудың атын жаңғыртушылардың бірі – кәсіпкер Ұзақбай Ағайдаров. Ақынның ескерткішін көтереміз дегенді естіген ел ағасы арнайы құрылған қорға 1,5 млн. теңгесін аударыпты.
Оның айтуына қарағанда, Кеңес үкіметі тұсында қазақтың батырлары мен ақындарына мүлдем назар аударылмаған. Мұның есесіне, көрші елдің көсемдері ерекше дәріптелген. "Кеңес заманында Суворов ауылын басқарып тұрған тұсымда жоғарғы жақтың нұсқауымен, елді мекенге Суворовтың ескерткішін орнатқан едім. Көңіліміз қаласа да, қаламаса да дәл осындай керемет құрмет Ленинге де, Чапаевқа да жасалды. Біздің ұлыларымыздың олардан қай жері кем?
Солақай саясаттың салдарынан, ақынымызды ардақтай, батырымызды мадақтай алмадық. Тәуелсіздік тұғырына мінгелі осы олқылықтың орнын толтыру мүмкін болып отыр. Тәттіқара жырау мен Жолшара әулиеге ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысты қуана қолдадым" – дейді ағынан жарыл-ған Ұзақбай Ағайдаров.
Сайран БҰҚАНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері:
"Біздер қазақы ортадан шықсақ та, орысша тәрбиелендік. Кеңес заманында білім біздерге тек өзге тілде берілді. Осыдан да болар, біздер өз тарихымызды білмей өстік. Керісінше, өзге ұлттың тарихын жатқа білетін едік. Өзгелердің ақындары мен жазушыларын, батырларын жіпке тізгенде, өзіміздің ұлыларымыздың бірін де білмедік. Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде, Тәуел-сіздігімізді алып, салтымыз бен дәстүрімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды жаң-ғыртып жатырмыз. Бір кездері ұмыт қалған батырларымыз бен ақындарымызды қайтадан есімізге алудамыз. Бұл біздер үшін, ұрпақ үшін өте қажет. Біздің ұрпағымыз біздің елімізді, жерімізді басқыншылар мен шап-қыншыдардан кімдердің қорғап қалғанын білуі тиіс". Салтанатты жиыннан соң, аудан орталығындағы мешітте арнайы ас берілді. Алланың жердегі үйіне 350 адамның жиылғанын айта кеткен жөн.
Ағылған ақ тілек…
Ұзынкөл ауданының 75 жылдық мерейтойы концерттік бағдарламамен жалғасты. Мерекелік шараның шымылдығын Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манапбек Кәдіров ашқан еді. Осыдан кейін, облыстық үрлемелі аспаптар оркестрі, облыстық филармония әншілері және жергілікті өнерпаздар ән-жырларын төгілтті. Шара барысында, аудан әкімі бірқатар кісіге ауданның құрметті азаматы атағының куәлігін табыстады. Сонымен қатар, еңбегі еленген ел тұрғындарына мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтар берілді. Жергілікті билік өкілінен соң сахнаға көтерілген облыс әкімінің кеңесшісі Сергей Жалыбин ұзынкөлдіктерді төл мерекесімен құттықтап, билік басшыларына Елбасының қолынан алған, аз сериямен арнайы жасалған еліміздің Ата заңы – "ҚР Конституциясын" сыйға тартты. Сондай-ақ, аудандықтарға облыс әкімінің марапаттарын тапсырды.
Бақытты бала мекені . . .
Мерейтой қарсаңында, балаларға да базарлық даяр-ланғанын айта кеткен жөн. Аудан орталығында арнайы демалыс алаңы жасалып, аттракциондар орнатылыпты. Ұзынкөл ауылының әкімі Қайса Құсайыновтың ай-туына қарағанда, тек әткеншектер үшін 12,5 млн. теңге жұмсалған.
Дөңгелене айналатын құрылғыға бір мезгілде 24 бала отыра алады. Аттракцион Павлодар қаласынан әкелініпті. Отанымызда құрастырылған құрылғы сапасы жағынан шетелдіктерден кем түспейтін көрінеді. Ал бағасы ресейліктен анағұрлым арзан. Бұдан өзге субұрқақ, сырғанақ, демалыс және көңіл көтерер орындар жасақталған. Демалыс бағының безендірілуі де ерекше. Кіре беріс-те орнатылған шаңырақ орталықтың шырайын келтіріп тұр. Ал, алып құмырадан төгіліп жатқан күміс мүсіні көңілге қуаныш ұялатады. Осының барлығын екі қапталдағы алтындалған қос барыс күзетіп тұр. Демалыс бағындағы абаттандыру жұмыстары әлі де жүргізілуде. Жергілікті билік өкілдері әлі талай жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.
Еліміздің экономикалық-әлеуметтік өркендеуіне біздің ауданымыз өз үлесін қосып келеді. Жыл сайын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, ша-ғын бизнес нысандары жөндеуден өткізіліп, іске қосылуда. Жа-ңа жұмыс орындарының ашылуының арқасында әлеуметтік сала жақсарып, жұмыссыздық санын азайтып келеміз. Өнеркә-сіп пен ауыл шаруашылығы саласында да жалпы өнім көлемінің елеулі өсуіне қол жет-кіздік. Біздің ауданымыз экономикалық және әлеуметтік инвестициялауға тартымды, даму потенциалы жоғары.
Ұзынкөл ауданының экономикалық жағдайы жыл өткен сайын жақсара түсуде. Бір кездері тек, егін шаруашылығымен айналысып келген аймақта өзге де инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Ауданда жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда бола бастады Елді мекенде әлеуметтік маңызды нысандар бой көтеріп, ел игілігіне ұсынылып жатыр. Осының барлығы да тұрғындардың тұрмыстық әлеуетіне тікелей әсер етуде. Елдің еңсесі көтеріңкі. Осыған қуаныштымын.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.