Тұғыры биік үш рәміз

Бүгін мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ал "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленіп келеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, тұғыры биік символ. Мемлекеттік рәміздер еліміздің атын биіктетіп, бүкіл әлемге әйгілей түседі. Осы рәміздеріміздің туындауы жолында талай жан еңбек еткен. Әр бірінің өз авторы, әр детальдің маңызы бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттік рәміздерге аса мән берген. Әнұран сөздерін өңдеуге белсене араласқан. Бұл туралы облыстық тарихи-өлкетану музейінің арнайы жасақталған залында қызықты деректер жетерлік.
– Көрмеде осы мемлекеттік рәміздердің бірінші редакциясының үлгі плакаты, әнұранның бастапқы сөзіне өзгертулер енгізген парағының көшірмелері қойылған. Онымен қоса Елбасының өз қолымен жазған күнделік жазбалары да сақталған. Оларды оқи отырып, көшбасшысының ел тағдырына алаңдап, толғана жазба қалдырғанын сезінуге болады. Көрмеден осындай құнды дүниелерді көруге болады. Осынау мемлекеттік үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындалған. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланып, бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты деген деректер бар. Сонымен қатар, осы залда Елбасы туралы мәліметтер және де Қазақстанның қалыптасуына қатысты маңызды кезеңдер де көрсетілген. Біз бұлар туралы келушілерге кеңінен әңгімелеп, таныстырамыз, – дейді музей директорының орынбасары Эльмира Алшымова.
Бүгінгі мерекеге орай музей қызметкерлері онлайн түрде "Тарих аясындағы үш рәміз" атты зияткерлік-танымдық ойынын өткізеді. Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытып, рәміздердің пайда болуы мен тарихтағы маңызы жайлы түсініктерін кеңейте түседі. Шараға Меңдіқара ауданы Архипов орта мектебінің оқушылары қатысады. Жас ұрпаққа музей қызметкерлері ҚР рәміздерінің тарихы жайлы айтып, сұрақтар қоя отырып, танымдарын аша түспек.
Суретті түсірген Б.Ахметбеков.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓