Екі қарабас атан
Дулаттың ішіндегі Қасқарау батыр Қаракерейдің ішіндегі құдаларына қырық кісі нөкерлерімен қыдырып барыпты. Бір құрсақтан шыққан жалғыз қарындасы Нұрлығайыммен (Қағаз) көрісіп, құдаларымен қауышып, Қасқарау батыр ел аралап, мауқын басқан соң еліне қайтатын болады. Құдалары Қасқарау батыр қайтамыз деген соң "не бұйымтайыңыз бар" деп сұрайды. "Маған көп ештеңенің керегі жоқ, тек ана екі қарабас атанға көзім түсті" депті.
Таң ата түйелер өріске шығарда құдасы екі қарабас атанды қазыққа байлап кетеді. Бір уақытта тысқа шыққан Қасқарау батыр көріп, үйге кіріп, намаз оқып, таңғы астан соң батасын беріп кетейік, – деп далаға шықса, манағы байлаулы тұрған орындарында түйелер жоқ! Сұрап білсе, қарындасы Қағаз босатып жіберіпті. Мұны естіген Қасқарау батыр қатты ашуланып, қарындасы Қағазды шақыртып алады.
Ал, ағасының мінезін білетін Қағаз үйдегі үш баласын далаға өзімен бірге алып шығады. Сонда ағасы қылышын қынабынан суырып алып:
– Ей, Қағаз! "Қарындасы адал ер – бақытты" деуші еді, сен маған сырты жүн , іші боқ екі хайуанды қимағаның не? – депті.
Сонда қарындасы:
– Көке, екі қарабас атан – малымның құты, мына үш жиенің – елімнің құты. Қалауыңыз бас-қа болса, бәрін де берейін, бірақ "Келіні адал ел – бақытты" деген де бар, соны да ұмытпаңыз,– депті, ағасынан қаймықпастан.
– Әттең-ай, Қағаз, басыңды кесіп кетем бе деген едім, жанында тұрған мына үш балаңды қимадым,– депті. Ат үстінде тұрып қылышымен өзінің астындағы атының кекілін бірақ кесіпті де, жүріп кетіпті. Қазақта аттың кекілін кескен адам енді бұдан былай сені көрсетпесін дегенді білдіреді.
Сөйтсе, ағалы-қарындасты екеуінің адам, мал танитын көріпкелдік қасиеттері бар екен.
Қасқарау батырдың қарындасы Қағаз "Есентай, Тарғап өзенін Көке, көрмеспін қайтып, сеземін көке. Арқада күнде жауса да жаңбыр, өртеніп жүр ғой өзегім Көке! Алатау мекен, алыста көкем. Қанатым жоқ қой, Мен қалай жетем, көке!" – деп, елін аңсап Жылкелді, Бикелді, Бижігіт деген балаларын бауырына басып алып, ағасын сағын-ғанда егіліп жылап отырады екен. "Қарындасы адал ер – бақытты, келіні адал ел – бақытты" деген сөз содан қалса керек.