Қонысбек БЕКАЙДАРОВ: “Киноны өз ынтамызбен түсірдік”

SAM_4159"Қостанай таңының"  оқырмандарының есінде болса, өткен жылы І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бекайдаровтың фильм түсіруді қолға алғаны туралы елден сүйінші сұраған едік. Жақында сол туынды үлкен экранға шығарылмақ.
– Қонысбек аға, кино түсіру туралы ой қалай туды? Қалай дегенмен,  тұтас  бір  көркем туынды жасауға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Әсіресе, біздің Қостанайдың жағдайында мынадай сүбелі дүние істеу дегеніңіз айға қол созғанмен бірдей ғой…
– Институтты бітіріп, театрға жұмысқа орналасқаннан кейін "Шіркін, киноға түссем ғой!" дей-тін арманым  болатын. Бірақ, шалғайдағы актерлерді киноға түсуге шақыра бермейді. Кейін біз аға буын өкілдері атана бастаған тұста соңымыздан ерген бір топ жаңа толқын, жас актерлер  шықты. Олардың көбі облыстық театрларда аз-кем жұмыс істегеннен кейін Алматыға кеткісі келеді. Ол жақта танымал болудың түрлі тетіктері көп қой. Соны армандайды. Өстіп жүргенде менде мынадай идея пайда болды: неге осы Қостанайдан шағын киностудия ашпасқа. Бірақ, қалай, қайтіп? Бірер көзтаныс азаматтарға айтып көріп едім, олар қайтесің соны деді. Қысқасы, қолдайтын адам болмады. Дегенмен,  менің әлгіндегі ойым ертелі-кеш мазамды қашырды. Сол екі ортада менің Олжас дейтін балам Алматыдағы өнер институтын тәмамдап, бір топ жолдастарымен Ақтауға театр ашуға кеткен. Елге шақырып едім, ол жолдастарымен бірге болуды қалады. Арада жылжып уақыттар өтіп жатты. Бір күні ұлыма қоңырау шалып, "Елге қарай жақында, жанымда бол. Жақсы бір дүние жасайық", – деген ойымды біл-дірдім. Бұл жолы ол әке сөзін екі еткен жоқ. Келіп театрда бір-екі жыл жұмыс істеді. Екеуміз әкелі-балалы һәм әріптес ретінде ақылдастық. Күндердің күнінде "Алау" телеарнасының операторы Хамза Нүрпейісов деген жігіт маған бұйымтайын айта ке-ліпті. "Аға, мен өзімді кино саласында сынап көргім келеді. Сіз театрда істейсіз ғой, не айтасыз?", дейді. "Ойбуу, шырағым-ай, кино түсіру оңай емес қой, егер жап-жақсы бастаған істі орта жолдан қиынсынып тастап кетсең, одан әрмен қарай не қыламыз?" – деймін мен іштегі күдігімді жасырмай. "Жоқ, аға, мен үйтпеймін!" Көзінен от жанып тұрған жігіт екен. Шын көңі-лімен айтып тұрғаннан кейін бе-тін қайтарғаным жоқ. "Болсын, – дедім, – ендеше бастаймыз!" Қуана-қуана ол кетті. Келесі  күні Хамза інім тағы қоңыраулатты, "Аға, қашан кірісеміз?" – деп.
_DSC0845– Содан бірден кірісіп кеттіңіздер ме?
– Қайдан! Кино түсіру үшін алдымен бір жақсы сценарий керек. Қолымызда үш нұсқадан бір нұсқа жоқ. Содан ал кеп шапқылайын. Осында өнер мен әдебиетке жақын жүрген азаматтарға қолқа салдым. Олар бастарын ала қашады. "Қонысжан-ау, ол жағы бізге беймәлімдеу ғой, қалай болар екен", – деп қорқа соқты. Ұрыста тұрыс жоқ, есіме Жезқазғанда тұратын Кенжебай Ахметов деген азамат түсе  кетті. Ол  өзі филолог болғанмен, драматургия саласында да үлесі бар жігіт. Баяғыда "Абай" спектаклін қойған кезде М.Әуезовтың "Абай жолы" романынан "Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым", – деген өлең жолдарын алып, шағын құрама көрініс жасағанымыз бар. Спектакльді Алматыға апарып көрсеткенімізде, жоғары бағаға ие болып, тіпті Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еді. Сол жігітке телефон шалдым. Қарсы болған жоқ, айналасы бірер аптаның ішінде дайын сценарийді қолыма ұстатты. Қарап, оқып шықтық. Әп-әдемі дүние. Атын "Саяқ батыр" деп қойыпты. Бұл былай енді: оқиға желісіне  он жетінші  ғасырдағы  қазақ-жоңғар шапқыншылығы арқау болады.  Негізі,  фильмдегі басты кейіпкер – Саяқ  сол кездегі қазақ батырларының жиынтық образы.  Онда шағын бір қазақ ауылындағы батырдың баянды махаббаты бейнеленген. Қалғаны әзірге құпия түрінде қала тұрсын.
– Біз сөзбен айтқанда, фильмнің сценарийі көңілім-нен шықты дейсіз ғой. Ал енді бұған актерлерді қалай іріктедіңіздер әлде  арнайы кастинг жарияланды ма?
– Ондай іріктеу болған жоқ мүлде. Мұндағы әртістердің қарым-қабілетін жақсы білемін. Басты рөлде қарағандылық Қайрат Кемалов деген актер ойнады. Сосын тағы бір басты персонаждардың бірін Астанадағы өнер академиясының үшінші курсында оқитын  қыз бала сомдады. Қалғандары өзіміздің жігіттер. Айбол Шәкіржанов, оның кішкентай ұлы Санжар, Әлімхан Мырзахан, Зәмзәгүл Балтабаева, Ақдәмен Досановалардың көмегіне иек арттым. Фархад, Қуаныш деген жігіттерге де бір-бір рөл бұйырды. Құдайға шүкір, шетінен ел таныған есімдер ғой бұл азаматтар. Өздеріне бекітілген рөлдерді жап-жақсы алып шықты. Өзім жоңғар батырының рөлін ойнадым.
Киноға бөлініп жатқан бір тиын ақша жоқ. Мұны түсірілім алдында барлық қыз-жігіттерге түсіндіріп айттым. "Бәрін өз ынтамызбен түсіруіміз керек. Өзі-міздің өнерге деген махаббатымыздан тууы қажет. Ең болмаса, артымызда бір із қалдырайық", – деп. Мұны біз істемесек, кім істейді? Әркімнің бойында өзінің туған жеріне, еліне деген патриоттық сезімі болуы шарт. Тәубә, экономикамыз дамып жатыр, енді сонымен қоса өнер де алға басса екен деген ой ғой менікі.
IMG_20141130_023830– Қонысбек аға, түсірілім кезінде қандай да бір қиындықтар туындаған жоқ па?  Мұны сұрап отырғаным, бүгінде қар-жы-қаражатсыз  ауқымды дү-ние жасау оңай емес. Кинода декорация деген бар. Басқа да құрал-жабдық, тұрмыстық заттарды да  аз қажет етпейді. Мұның бәрін Сіз қалай таптыңыз?
– Әрине, бізде де аз-кем іркі-лістер болғанын жасырмаймын. Тіпті, киіз үйлерді табудың өзі бір ақырет болды. Әуелде беремін деген кісілер кейін өз уәделерінен айнып қалды. Кино түсіретін алаң іздеп жүргенде есіме Меңдіқара ауданының Жанкелдин ауылында тұратын Ерлан Айсағалиев есімді азамат түсе кетті. Аралас-құралас боп жүрген азамат қой. Соған қоңырау шалсам, трубканы үйдегі келін алып тұр. "Мынауыңыз күшті екен! Ой, аға, келіңіздер,  түсіріңіздер! Ауылдағы үлкен кісілердің де бір жәрдемі тиер", – деп қуанып кетті. Киноны сол ауылдың жанында, Тобыл өзенінің жағасында түсірдік. Сол жақтан киіз үйлер де табылды, оның барлық жабдықтарын да жергілікті тұрғындардан жинап алдық. Фильмге  әртістермен қатар жергілікті тұр-ғындарды тарттық. Ауылдағы жекенің жылқылары, Ерлан інім-нің малын пайдаландық.
– Киноны түсіру қанша уақытқа созылды?
– Онда жылдың екі мезгілі көрсетіледі. Түсіру жұмыстарын біз былтырғы наурыз айында бастағанбыз. Нүктесін қыркүйек айында қойдық. Әйтеуір, түсіру жұмыстары кезінде ауа-райы жақсы болды. Киноны түсіруге небәрі бір-айдай ғана уақыт кеті. Бәрінен бұрын фильмді түсірер кезде біраз кібіртіктеп қалдық. Негізі, киноны әр ракурсынан түсіру керек. Осы жағынан келгенде қолымыз  жіпсіз байланды. Меншігімізде Хамзаның жалғыз камерасы мен микрофонынан өзге құрал болған жоқ. Барлығын сонымен түсірдік. 2014-11-27_06.45.42Әдетте түсіру тобы бірнеше адамнан құралады емес пе. Бізде оның бірі болған жоқ. Фильмнің продюссері өзіммін. Қоюшы режиссер Олжас. Қоюшы оператор Хамза Нүрпейісов. Болды. Кейде ойлайсың, әттеген-ай, біздің қолымызда кино түсіруге лайықты қондырғылар болғанда талай дүние жасауға болар еді. Мәселен, кейбір көріністерді тікұшақпен түсіргің келеді…
Арманымыз сол, шағын болса да бір киностудия ашу болып тұр.
– Енді  фильмді  үлкен экранға қашан шығармақшысыз?  
– Әзірге, бәрін монтаждап бі-тірдік. Тек, ұсақ-түйек шаруалары қалды. 16 желтоқсан қарсаңында тұсаукесерін жасаймыз ба деп едік. Оған үлгермедік. Құ-дай қаласа, осы қаңтар айының ішінде өткіземіз бе деп отырмыз. Жалпы, фильм өзімнің көңі-лімнен шықты. Бағасын енді ха-лық бере жатар.
– Рахмет, Қонысбек аға! Патша көңілді көрермендеріңіз енді Сіздің сол тырнақалды туындыңызды тағатсыздана күтеді.
Әңгімелескен,
 Айбек КӘДІРҰЛЫ.
Суреттерде: "Саяқ батыр" фильмінің  продюссері,  актер  Қонысбек  Бекайдаров; фильмнен көріністер.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓