СӨЗ ӘЛЕМІ

Соз алемеБіз өз ойымызды  сөз арқылы білдіреміз. Ал сөз, тіл болмаса бір-бірімізді қалай ұғынар едік? Біз өзіміздің ана тілімізді қаншалықты жақсы білеміз?  Тіл –  өлшеусіз қазына, асыл мұрамыз. Олай болса, өрісі кең сөз әлеміне саяхат жасап көрелік…
 
Дерек
Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын жарық көрген он томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне" 66,9 мың атау сөз бен 24 мың сөз тіркесі енгізілген. 
2011 жылы жарыққа шыққан 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде 150 мың сөз бен сөз тіркесі қамтылған.
 2013 жылғы бір томдық  "Қазақ сөздігінде" 106 мың атау сөз бен 483003 мың сөз тіркесі, барлығы 154,3 мыңнан астам лексикалық бірлік қамтылған.
Түркі тілдерінің ішінде қазақ тілі ең бай тіл саналады.  "Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі" 80 мың сөз бен сөз тіркесін, "Қырғыз тілінің сөздігі" қырғыздардың 50 мың сөз бен сөз айқышын қамтыған. Түріктердің "Түрікше сөздіктерінде" 92 292 сөз бен 122423 сөз мағынасы келтірілген.
Қазақ тілі – әлемдегі сөйлеушісі ең көп 70 тілдің бірі.                                                      
 
Таныс сөздер төркіні
Ағайын. Бұл сөз аға және іні деген жеке сөздерден құралған. Қазір де аға-іні деген қос сөз қазақ тілінде жеке қолданылады. Қазақ тілінде аға мен іні сөздері кірігіп, ағайын болып өзгеріп кеткен. О басында "жасы үлкен және кіші ағайындар" деген мағынаны білдірсе, кейін жалпы туған-туысқан мағынасында қолданылатын болған.
Ауыл. Бұл сөздің төркіні көне түрікше ағ -"қоршау, ішіне алу" деген етістікпен байланысты болу керек. Кейін оған зат есімнің -ыл/іл жұрнағы қосылып, ағыл-"мал тұратын қора" деген сөз пайда болған. Осы мағынада қазір де қолданылатын оғыл (өзбекше), агіл (түрікше) деген сөздер бар. Ал кейбір түркі тілдерінде сөздің мағынасы кеңейіп, "мал қорасы бар үй ия болмаса бірнеше қоралы үй, қыстақ" деген қосымша мағынаға ие болған. Қазақ тілінде екі дауысты дыбыстың арасындағы ғ дыбысы у дыбысына ауысқан.
 
Әңгімелесуші деген мамандық бар
Интернет басылымдары әлемдегі ең қызық мамандықтардың  тізімін  жасапты.  Соларды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Токиода бір мамандық түрі пайда болыпты. Ол – қарапайым әңгімелесуші. Миллиондаған халқы бар үлкен қалада жалғызсырап жүрген кез-келген адам әңгімелесушінің көмегіне жүгіне алады. Бұл үшін кісі көп шоғырланған көшелерде арнайы дүңгіршектер орнатылған. Кәсіби әңгімешілер аптасына 10 мыңға жуық адам ның сырына қанығады екен.Ал, Жапонияда SMS-хаттар жазушылардың беделі басым.
Өздерін райтер деп атайтын бұлардың  жазушыдан айырмашылығы – SMS-хаттар дайындайтындығында. Ұялы байланыс операторларының айтуынша, жапондықтар күніге бір-біріне 2 млрд-қа жуық хабарлама жібереді екен. Ал, жазғыштар ерекше хат үшін 1 цент "қаламақы" сұрайтын көрінеді.
 
Сөздің атасы мен анасы
Қаздауысты Қазыбектің атағы шығып тұрған кезде ауылына бір саудагер келіпті.
– Би, бір сөз сұрайын деп едім. Бір керуен едік, өзара дауластық та, ойластық та, бірақ шешуі таба алмай қойдық. "Сөздің атасы кім, анасы кім?"– депті.
Қазыбек ойланып жауап бергенше: "Япырай, бұл сөзді саудагер ғана білмейді екен десек, қазақтың Қазыбегі де білмейді екен ғой, биыл таппасаңыз ендігі жылы табарсыз", – деп шығып кетіпті.
Қазыбек орнынан тұрып, іле-шала сыртқа шықса, саудагер асығыс атқа мініп қалған екен.
–  Япырай, артыңа қарамай асығыс аттанғаның не? Әлгі сөздің шешуін іздеп, ендігі жылы екі келіп, саудаңнан қаларсың, артыңа қарамайтын болып кет. Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық! Жолың  болсын,  жүрген  же-ріңде айта жүр, – депті.
 
Сирек қолданылатын сөздер
Жәдікеш –  ұғымтал, сезімтал, жадында сақтағыш.
Жәлде – аяу, мүсіркеу.
Жәркелеш – жарамсақ, жағымпаз.
Жекей – сәнді, әсем.
Желеуке – жас келіншек киетін киім.
Жемелек – өрілген бұрым ұшын бекітетін жіп.
Жыға – соғыста киетін бас киім.
Зәки – адал, таза, ақ көңіл.
Зәнталақ – арамза, қараниет.
Зипа – әдемі, сұлу, көрікті.
Кәжең –  жаңбырға киетін сулық киім.
Кәкима – әйелдер киетін биік өкшелі етік.
 
Қаңтар
Қаңтар – күннің қаңтарылып байланатын, одан әрі тұқырып қысқара алмайтын айы.
Түс кезінде Күн көзі аспанның оңтүстік жағында және сол күнгі ең биік деңгейде болады. Бұл деңгей күн сайын өзгереді. Оның жыл ішіндегі ең биік қалыпта болатын уақыты – жазғы күн тоқырау (22 маусым), ең төмен қалыпта болатын  уақыты – қысқы күн тоқырау (22 желтоқсан). Қаңтарулы аттың басының жерге жетпейтіні сияқты қаңтардағы Күн көзі де одан әрі төмендеп көкжиекке жақындай алмайды. Ғасырлар бойы аспанды бақылап, жазық далада өмір сүрген қазақ халқы Күн қозғалысының бұл ерекшелігін ерте заманда аңғарған. Осы бақылаулардың нәтижесінде "қаңтар" атауы шыққан.
Қаңтарда күн қысқарып, түн ұзарып болады. Осыған сәйкес болғандықтан ежелгі түркі тілінде безбен таразының таяғы да "қаңтар" деп аталған, өйткені безбеннің бір басы көтеріліп, екінші басы төмендеп барып, теңесіп тоқтайды.
 
Нәзір
Нәзір (салт, ырым). Күрделі жұмысты бастағанда (мысалы, үй салғанда) бұрын әр адам "Тәңірім, ісімді оңдай көр" деп "нәзір" жасаған.
Нәзір  дегеніміз ауылдастарын шақырып, бір малын сойып, өзінің бастағалы отырған ісінің мән-жайын айтып, әруақтарға дұға оқытып, көпшіліктен бата тілейді. Жиналғандар оған "Алла риза болсын, тілегің қабыл болсын, ісің оңға бассын" деген сияқты ізгі, баталы сөздерін айтып, ризалық көңілдерін білдіреді.
 
Алтыннан қымбат сөз айтсаң,
Ақымақ құлақ салмайды
Айтылған пайдалы кеңестің парқын аңғара бермейтін кейбір сөз танымас жетесіздерге айтылатын қанатты сөз, халық нақылы. Термеден үзінді:
Алтыннан қымбат сөз айтсаң,
Ақымақ құлақ салмайды,
Ақмағамбетті аңдатсаң
Қыр соңыңнан қалмайды…
М.ҚАБДРАХМЕТОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓