Газетіме ризамын!
Газеттің былтырғы және биылғы жылғы шыққан сандарын қарап шықтым. Әрине, сынау немесе керекті материал іздеу мақсатында емес. "Мне до "Қостанай таңы" – "как пешком до солнца". Расына келсем, сынағанда қандай! Сынайын деп те емес, мін болса да ілгерілеу болса да көрініп тұрады емес пе. Адамның бет жүзінен көрініп тұр-ғандайын. "Қайдан білдің?" деп қайран қалған балаға "Түріңде жазулы тұр ғой, түріңде!" деп жатады ересектер, сол секілді.
Бірнеше жыл бұрын мардымсыздау материалдарымды жіберіп, бас редакторға звондайтыным, батылдық емес, аңғырттық секілді. Жал-пы, тіршілікте кішілік, қарапайымдылық жетпейді. Сондықтан жағалай рөл ойнау, суырып салма ақыннан бетер табан астынан шығара салып қойылымдар қою күн-де ұшырасып жатады. Оған да дарын керек-ақ.
Жалпы, "Қостанай таңы" газетінің тілшілерінің ішінде маған ұнайтындары біреу емес. Жастардан Шұғаның, Айтолқынның жазғаны жақсы. Менің мақтағаныма олар мұқтаж емес, десе де орайы келген соң. Ал тәжірибелі кісі-лерден Д.Әбішевті позитивті, парасатты қалам иесі деп есептеймін. Ал Сәкең… тұрған бір салмақ. Салмақ жетіспейтін үлкеннен сақтасын. Осы бір байыптылығы, асқан мәдениеттілігі аса қымбат. Қайсысы жақсы емес, бәрі де осал емес адамдар.
Отставкадағы полковник Абай Қажидың, Әлібек Ыбраевтың, Қыдырбек Қиыс-ханұлының, Мешіт Ғазизұлының, Нұрболат Мешітбаевтың жазғандары жақсы. Ал бағасы баяғыда беріліп қойылған белгілі адамдардың арасынан С.Оспанов, А.Шаяхмет, Ә.Беркеновалардың дүниелерін құнды деп есептеймін. Оспановтың суретшілігі мінсіз. Төгіліп тұрған жырлары нағыз жыр, қас шебердің туындылары, жырларын ел мойындаған. Жалпы кез келген өлеңді жыр деп дәріптеуге болмайды. Беркенова – ең алдымен патриот қыз. Және оның өткірлігі тәнті қылады. Тауып айтады. Авторлардан П.Сүйінкинаның орны бөлек. Ол кісінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы, сіңіріп жүрген еңбегі зор.
Оқырман болған соң пікір білдірдім. Журналисттерге, зиялы қауым өкілдеріне баға, өнер иелеріне автограф бергенді жек көрмеймін.
Ділнар Дүйсенғали.
Меңдіқара ауданы.
Жақсының аты өшпейді
Менің атам Сейдахмет Камалов ел ішіне танымал ұстаз, соғыс ардагері. 1901 жылдың қаңтар айының 1-ші жұлдызында қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Шилі ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірісімен білім іздеп, ел аралап Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлынан білімін жалғастырған. "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға" – деп Абай атамыз айтқандай, ең ал-ғаш ұстаздық қызметін 1926 жылы топырағына аунап өскен туған жері "Шилі" ауылында бастауыш сынып мамандығы бойынша бастайды. Ал 1933 жылы Жанкелдин ауданының бастауыш мектебінен Аманкелді ауданының балалар үйі және Аманкелді мектебіне жұмысы ауыстырады. Ақ сақалды қария ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып, өз ісінің майталман шебері болған.
1931-1932 жылдары елмен бірге алапат аштыққа шыдамдылықпен төзе білген. 1938 жылы Үкіжан әжеммен некеге отырған. 1942 жылы 1-ші тамызда майданға аттанып, 1945 жылы Жеңіс туын желбіретіп бауырларымен бірге елге оралады. Зейнеткерлік жасқа келгенше ел ішінде жауапты қызметтер атқарған.
Тоқсанның бірін көрсетіп 1992 жылы Нау-рыз айының 5-ші жұлдызында өмірден өткен. Атамның артынан ерген інісі Мұратқали әкем де туған ел, жер үшін аянбай еңбек еткен, бір емес екі соғысқа қатысқан санаулы ардагерлеріміздің бірі. Ол кісінің Арқалық қаласына жасаған еңбегін ел жатқа біледі. Қалалық мешітке мұхтасиф Әлмұхамед атын әперді. Торғай гуманитарлық колледжіне Нәзипа Құлжанованың есімін бергізді. Осының бәрі оңайлықпен келген жоқ. Айтыс-тартыс, дау-дамай аз болмаған деседі. Соның бәрін шыдамдылықпен жеңіп шықты. Халық оны "Тарихты тап басып жеткізуде көп еңбек сіңірген жан" деп таниды. Қазір Мұратқали қария тоқсанда. Қарттығына байланысты жазуды қойғанымен, көкірегі ояу. Елі үшін үлес қосқан аяулы жандардың есімдері халық жадында мәңгі сақталады.
Айдана Серік,
"Қостанай таңы" газетінің жас тілшісі.
Арқалық қаласы.
Құдашамның тілегі…
Мен қарт та болсам, біреудің оғаш сөйлеп, қате басқанын байқап отырамын.
Бірде мені, бәйбішем екеумізді құдағиым Сахан немере қызын ұзатар тойына шақырған еді.
Той жүріп жатыр, асаба жігіт кезегімен той иелеріне тілек беріп жатты. Сондай кезек ұзатылып бара жатқан Жансая атты қыздың нағашы апасына берілді. Сонда жаңағы құдашамыз "сыйлы бол, барған жеріңде шайыңды қайнатып беріп, суып қалса, ысытып беретін болсын" деген тілегі жүрегіме қанжар салғандай болды. Келін сыйлы болу үшін енесіне шайын қайнаттырып ішер ме?! Ондай келін барған жерінде қалай сыйлы болу керек? Қайта ата-енесінің шайын өзі қайнатып, суыса ысытып беру керек емес пе. Бұл ақылға сыймайтын тілек, қайта сен диванда отыр, күйеу бала кір жуып тамағыңды дайындап берсін демегеніне де шүкір. Мүмкін айтар ма еді? Қайтер еді, егер микрофон үзіліп кетпесе.
Ал мен болсам құдашам Жансаяны да күйеу бала Дарқанды есті, ақылды жандар, бұған кешіріммен қарар деген ойдамын.
Асаба жігіт құдаларға кезек беремін дегенде кезек маған келді.
Сонда көпшілікке естірте: "Осында жас отау иелеріне тілек айтушылардың ішінде, әсіресе, бір елге келін болып бара жатқан Жансая қызымызға оғаш тілек айтып, теріс кеңес бергеніндей болды. Бірақ қазір мен оған ештеңе айта алмаймын. Түбі газет оқитын кісі болса не айтқанын газеттен оқыр. Қате пікір айтқанын өзі де түсінер" дедім.
Ал газет оқырмандары бұған сіздер қалай қарайсыздар?
Жолдыбай Шәкірұлы.
зейнеткер.
Қостанай қаласы.
Ақтарыла айтсам……
Қайда біздің басқадан озғанымыз? Кейде осы айтыста қалыс қалғанымыз көрініп тұрады. Рухани өсу жолы тарылды ма? Қайда біздің дүлдүл Нұржан, Нұрқанымыз? Қашанда аталардың басқан жолының рухы биік. Талапты, өсер ұрпақ қайдасыңдар? Ата-баба қасқа жолында енді ешкім қайтып жүрмей ме? Жер үстінде жалғыз қазақ қалса да, домбырасы қоса қалады.
"Көп жасағаннан, көпті көрген артық" деген халық постулатының шындығын сездім. Жасымда Аманкелді ауданында мұғалім болдым. Ел іші тұнып тұрған талант: әнші, күйші. Дарындар ауылда ғой. Әсіресе, айтыскер ақын сол ортадан шығары сөзсіз. Тұрған орта ылғи қазақ. Азаннан тұрғаннан әр адам түн бола жарғақ басын жастыққа тигізгенше таза ана тілінде сөйлейді. Шықса айтыскер ақындар Жанкелдин, Аманкелді өңірінен шығар. Қайтсін, Қостанайдың кей өңірінде ана тіліміз "вакум" тіліне айналып барады. Не камералық, үй іші, зал, барған театр ішінде, көшеге шықса жұрт басқа тілде сөйлейді. Сөйлесін, дәл осы ортадан айтыскер ақын шықпайды. Ахмет – өлеңші атамыз Дәңгірбай ауылында өлең жолдарында айтып отырғаны есімде қалды: "Түзет дініңді, көркейт тіліңді," – деп. Көш жүре түзеледі.
Соңғы жылдары қайтадан айтыс өнерінің бағы жанды. Ұлттық өнеріміз ел көңілімнен шығуда. Кейде қазылар алқасы Айбек Қалиевті дұрыс бағаламайды. Айлаға салу бар. Ол Арқалықта тұрса да астаналық көретін сияқты. Айбек – нұрлы ақын. Терең білімді. Оның бабалар үнімен сәлемдесуі үлкен әсер етеді. Ата тарих тұлғаларын жұрт алдына аян етеді. Рухы күшті.
Ж.Уақбаев.
Аманқарағай кенті,
Әулиекөл ауданы.
Қайран, менің қарттарым
Адамның қадірін жарық дүниеден өткеннен соң біліп жатамыз. Көзі тірісінде мақтап, мадақтауды естен шығарып аламыз. Бұл мақаламызда әлдеқашан бақилық болған ардақты азаматтар, Тау Құсмұрын ауылының қариялары Ыбырай баласы Шәкім, Мешел баласы Елібай, Көпей баласы Әуесхан туралы әңгімелемекпіз.
Елібай атамыз соғыс ардагері. ҰОС-да басынан жарақат алып, елге оралған. Ауыл адамдарының қатарына қосылған соң мал шаруашылығында аянбай еңбек етті, зейнеткерлікке шықты. Өзі шапшаң кісі болатын. Әңгімесі жұртты ұйытып әкетуші еді. Ақсақал 85 жасына дейін аттан түспеді. Өмірінің соңғы екі жылын Құсмұрын станциясындағы баласының қолында өткізді. Тоқсанға қараған шағында дүниеден озды.
Келесі кейіпкеріміз – Әуесхан Көпеев. Бұл кісі де жастайынан еңбекке араласып, совхоздың малын бағып, зейнеткерлікке шыққан. Еңбек ардагері, бес баланың әкесі. Ұл-қыздары ержетіп, өз алдарына отау тіккен. Бұл кісінің жастық шағы өте ауыр болған деседі. Ақсақал жоқшылық пен аштықты басынан өткерген.
Тау Құсмұрын Тағышыларының ішінде қалған үлкені Шәкім ата. Оның әкесі Ыбырай ақсақал 105 жасқа келіп қайтыс болған. Әкесі емші, молда, ақыл иесі, дарынды кісі болыпты. Сол Ыбырай ақсақал кезіне Сәбит Мұқановқа "Аққан жұлдыз" романын жазуға себепкер болған деген әңгіме бар. Сәбит Мұқанов Тағышы руынан шыққан молда әрі ақын Әлібек Молдахметов деген кісінің үйінде жатып Шоқан Уәлиханов туралы роман жазған болатын. Сол кезде С.Мұқанов Тағышының үлкен молдасы, балгер-емші Сыздық ақсақалдан арабша құран кітаптарын алып, таспаға бастырып, көбейтіп шығарған. Бұл туралы Сыздық молданың баласы Неғмат ағамыз айтып отыратын. Сол кісілердің көзі тірісінде С.Мұқанов "Аққан жұлдыз" романын жазды емес пе. Бірақ әлі күнге дейін Шоқанның туған жері Құсмұрын көлінің етегіндегі "Хан жатқан" деген жер екендігін дәлелдей алмай отырмыз. Романдағы орыстардың казармасы болған жер Шоқанның Ақарал-ға барып, қасқырдың апанына тығылғаны, осының бәрі тайға таңба басқандай белгілі.
Ашаршылық жылдары әкелеріміз Құсмұрын көлінің аң-құсын аулап күн көріпті. Құнарлы жерге бау-бақша салуды көздеген орыстар жергілікті тұрғындарды ығыстырмақшы бол-ған. Жер үшін таласта Ыбырай ақсақалдың інісі Мәди орыс казармасының солдаттарының қолынан қаза тауыпты. Елім, жерім деп өмірден өткен азаматтардың бірі осы Ыбырай шалдың баласы Шәкім атай еді. Ол кісі кезінде бізді ауыл сыртындағы қорымға ертіп апарып "мына жерде Шоқан аталарың жатыр. Кезінде би болған, Тағышы руынан шыққан" деген болатын. Көзінің тірісінде қорымға шарбақ қойғызып, мрамор тасқа аты-жөнін жаздырған еді. Сол кісінің жанында Төре руынан 4-5 қорым бар. Қазір бәрі де жайылып кеткен қоршау тастар. Құлап жатқан арабша жазылған құлпытасты қорымның басына қайта тұрғызып қойдық. Бірақ кімге қойылғанын әлі біле алмай отырмыз. Негізі сол Шоқан ұрпақтарының қорымы болар деген ой бар.
Ділдәбек Елекеев.
Әулиекөл ауданы.
Газетіме ризамын!
Жазған: kostanaytany · 16.01.2015
Қайран, менің қарттарым атты мақалада жазылған тағышы руынан шыққан Шоқан деген қай Шоқан екен?