Ұлттық тағам – сүзбе
Өзге халықтардың тағамдарынан ерекшеленетін қазақтың ұлттық ас мәзірлерінің бірі – сүзбе. Бір қарағанда, айранды сүзгеннен алынатын сияқты көрінетін астың бұл түрін әзірлеу біз ойлағандай емес екен. Газетіміздің бұл жолғы қонағы Қамысты ауданы Қарабатыр ауылының тұрғыны Шәмшақызы Жазихан. Кейіпкеріміз ұлттық тағамымыз сүзбенің қалай дайындалатынын айтып береді.
– Қазақ халқы сүзбені сақталуы ұзақ әрі үсіп кетпейтін болғандықтан, қысқы мезгілге даярлайды. Сүзбе тәбетті ашады, майды басады. Сол себепті оны сорпаға қосады. Сүзбенің әзірленуі әр өңірде әртүрлі. Мен өзімнің сүзбе жасау тәжірибеммен бөлісейін:
– Сүзбе малдың күздікүнгі сүтінен жасалады. Қаймағы алынбаған сүтті алдымен пісіріп, одан айран ұйытамыз. Ұйыған айранды 3-4 сағаттан кейін жылыдай мата дорбаға құйып, оны сары судан айырады. Бір тәулікте айранның сары суы әбден ағады да, қою сүзбе дайын болады. Содан кейін әркім оны қалауынша тұздап, салқындатады. Сүзбенің бабында болуы бастапқыда айранды дер кезінде, яғни жылыдай сүзгеннен.