Белгісіз күш пе, әлде…

Бірде қызық жағдай болды. Үлкен әжеміз үйімізде қонды. Ол кісі әулетіміздегі сыйлы кісілердің бірі. Көргені де, білгені де мол. Баланың түн ауа мазасызданғанын көріп, іле-шала қолына алды. Ыдысқа су құйып алып, барлық тұтқаларды сүртіп өзінше шүкіріп берді. Сәлден соң балпанақтай балапаным тәтті ұйқыға батты. Аң-таң болған менің кейпімді көрген кейуана: "Балаңа кісінің көзі тиген ғой. Үлкендердің көзқарасы, тілі кішкентай сәбиге ауыр тиеді. Періште сәбиді сырт көзден қорғап жүр" деп ақылын айтты.
Осы сөз әлі есімде. Кейін де балалы болдық. Әжемнің көзі жоқ болса да сол жолы айтқан сөздерін жадымда мәңгі сақтап қалдым. Және балалар мазасыздана бастаса бар білгенімше көргенімді істейтін болдым. Бұл не сонда, тылсым күш пе, әлде, біз білмейтін таңғажайып дүниелер бар ма?
Шынар ӘБЕНОВА.
Қостанай қаласы.
Жас сәбиді көз тиюден емдеуді – "үшкіру", "түкіру" деп атайды. Көптеген халықтар бірқатар магиялық және діни әдет-ғұрыптарды орындағанында түкіру, үшкіруді кеңінен қолданады. Олар осылай істесе, ауру адамның бойын жайлаған жын-шайтанды қашырып, дертінен аластауға болады деп ойлаған, оған халық та сенген.