Төмпешік сыры
Қазақ даласында әлі сыры ашылмаған, аттары аталмаған қасиетті жерлер жетіп артылады ғой. Ондай жерлер біздің Тобыл өңірінде де жоқ емес. Әулие-көл ауданына іссапарға барғанымызда Аманқарағай кентінің тұрғыны, өлкетанушы Жамантай Уақпаев ақсақал осы ауылда бір қасиетті жердің бар екендігін, соңғы кездері сол жерге келіп сырқаттарына ем алушылар қатарының көбейіп жатқандығын тілге тиек етті. Ол кісінің айтуына қарағанда, осы төмпешіктің үстіне тұрған адам жер астынан келетін сәуле ар-қылы бойына энергия жинап, дертіне шипа табатын көрінеді.
–Бұл жердің қасиеті жайлы естіп, бірнеше күн ем алып жатқандарды өз көзіммен көрдім. Қасиетті жер жайлы мен де жас күнімнен білуші едім. Әскерден келген жылдары аяғым өзінен-өзі күп болып ісіп кетті, содан басылмаған соң осы жерге келдім, адам айтса нанғысыз, аяғымдағы ісік қайтып, дертім өздігінен жазылып кеткен еді. Жалғыз мен ғана емес, сырттан келушілер де көп. Былтыр Қостанайдан Серік деген зейнеткер әйелімен бірге келді. Ол Аманқарағай жерінде осындай аномальды жердің бар екендігі туралы 1966 жылы "Знамя Победы" газетінен оқып, білген екен. Бірнеше жыл бұрын осы маңайда қайыңның жапырағын теріп жүргенде төмпешік үстінде отырған орыс жігітін көрдім, ол сонау Ташкенттен келді. Есімі Владимир, Ташкенттегі ұшақ жасайтын аэрозаводтың инженері екен. Ұзақ жылдан бері жүрегі ауыратын оған дәрігерлер өмірінің аз ғана қал-ғанын айтыпты. Бірде "Сарыағаш" курортында ем алып жат-қан оған бір кісі осы Аманқарағай жерінде қасиетті бір нүктенің бар екендігін айтыпты, жаны қысылғанда адам баласы не істемейді, содан сұрастырып жүріп, осы жерді тауып алған көрінеді. Ол тіпті, осында күзетші болып жұмысқа орналасты, екі жыл бойы осы жерде күнұзаққа отыратын. Міне, қызық, екі жылдан кейін еліне барып кардиограммаға түскенде баяғы "өлесің" деген дәрігерлер оған денсаулығының жақсарғандығын айтқан. Денсаулығы түзелген соң, екі жылдан кейін ол еліне кетті. Бұл жерге Рудный, Лисаков, Қарабалық, Меңдіқара, Сарыкөлден, тіпті Астана мен Қарағандыдан келгендерді де көрдім. Тіпті, Қостанай мен Рудныйдан екі экстрасенс келді. Біреуі қазақ әйел екен, ол осы жерге тұрды да, шамалыдан кейін "ой, қасиетті жер екен, мына жерден ақ сәжделі адамдар өтіп бара жатыр" деген еді. Ал қыздарын ертіп келген орыс әйелі де әлгі жерді алақанымен ұстады да, қасиеттілігін сезді білем, сол жерге қыздарын отырғызып қойды. Ол әйел бұл жерге үш-төрт келді. Былтыр жазда Қостанайдан Ғани деген жігіт келді, әйелінің бауырына операция жасаған екен. Осы жерде тұрған келіншегі бір мезетте табаны ысып, қолдарына қан жүгіріп, басқаша бір күй кешкенін айтқан еді. Қарабалық ауданының Тоғызақ ауылынан саусақтары бүгіліп қалған бір шал келді, ол ұзақ жылдар бойы элеваторда лаборант болып істеген екен. Бірнеше рет осы жерге келіп, шипасын сезген ол кейін денсаулығының жақсарғандығын айтты. Мен үнемі осында келген адамдармен тілдесіп, қандай әсер алатындығын, шипасы тиімді ме, соның бәрін сұрап алуға тырысамын. Көп адамдардан бір құдіреттің күшімен осы жердің дерттеріне шипа болғандығын естідім. Бір қызығы, жаздың күндері бұл жерде бірде-бір жәндік болмайды, 2-3 метрдей жерде құмырсқалар толып жүреді. Меніңше, бұл жер шынымен де қасиетті жер, мұндай аномальды жерлердің астынан берілетін сәуле адамға үлкен әсер етеді, ол көп жағдайда адам-ға білінбеуі де мүмкін, – дейді Аманқарағай кентінің тұрғыны Жамантай ақсақал.
Қ. МАРАТ.
Хорошая статья побольше таких пишите спасибо!!!