“Быды-быдыны” былдырлаткан
Дамир Әбішевтің шығармашылық кеші өтті
Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада журналист, публицист-жазушы, сатирик ақын Дамир Әбішевтің 70 жылдығына арналған "Сөз өнерінің сайыпқыраны" атты шығармашылық кеші өтті. Газетіміздің оқырмандары Дамир ағамызды бұрыннан жақсы біледі. Себебі, оның "Қостанай таңы" немесе республикалық баспа беттерінде жарияланған өзекті мәселелерді қозғаған фельетондары мен сықақ әңгімелеріне, өлеңдеріне қанық. Дамир Әбішев қазақ баспасөзінің қарлығашына айналған "Қостанай таңында" осы уақытқа дейін табан аудармай қызмет етіп келе жатыр. Оның шығармашылық кешіне әріптес інілері мен қарындастары, жалпы, өнер сүйер қауым тегіс жиналды.
Қалибек Деріпсалдин,
композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:
– Дамир ағам туралы көп айтуға болады. Бұл кісінің әріптесі Сәлім Меңдібаев ағамыздың "Дәкең бүгінгінің Бейімбеті" деген сөзімен толық келісемін. Расында да, Дәкең – Дамир ағамыз бүгінгінің Бейімбеті. Әр жазған шығармаларындағы "Қисық, Сылқым, Көбік, Көкіректері" арамызда жүрген бүгінгінің келбеті емес пе?! Сәуір айындағы "Қостанай таңы" газетінің "Быды-быды" сатиралық бетіндегі Дәкеңнің фельетон жанрында жазған "Бұл "қазақ" неғып жатыр?", "Ал, мынау шал неғып тұр?" шығармаларын оқып, тіпті, риза болдым. Міне, Дәкең осындай жұрт тереңін бойлай алмаған "томпақ" дүниелерді көкірек көзімен көріп, тың тақырыпқа айналдырып, шебер салыстыра жазып, құбылтып көрсетеді. Бұл Дәкеңнің өзіндік бір жазу ерекшелігі, ойлау философиясы.
Қазір ағам өзін жетпіске келдім деп тұрған жоқ. Әлі сол қылшылдаған қырықтамын деп қояды. Иә, Дәке, ең бастысы – Сіздің осы көңіліңіз қартаймасын! Жазарыңыз көп болып, махаббатыңыз сөнбесін!
Беген Көпешов,
қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Мен Дамирдің батылдығына, қаламгерлік қарымдылығына қайранмын! Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес уақытында Қостанайда қазақ мектептерінің ашылуын көздеп, сенсациялық (сол кезде бұл тақырыпқа ешкім баруға жүрегі дауаламаған) мақала жазған. Екеуміз осы мәселені әбден зерттеп болғаннан кейін оған ескерткенмін де, бірақ ол "ағасы-ау, "аққа – құдай жақ" деген ғой, ақиқатын айтсақ, кім бізді айыптар. Қайта маған ақыл-кеңес берген Сізге кесірі тиіп кетпесе болғаны ғой", – деген-ді. Сөйтіп, Дамирдің мақаласы жарқ ете қап, билік шалқасынан түсті. Түссе де, көндігіп, ақыры, ептеп-септеп қазақ мектептерін аша бастады. Міне, бұл Дамирдің ерен еңбегі. Оған тісі батпағандар, мені сылтауратып қызметтен кетуіме себеп тапты. Бірақ, мен қызметтен кетіп жатсам да, бұл мәселеге еш ренжіген жоқпын. Қайта керісінше, қуандым, қазақ мектептерінің ашылып, оған бала санының артқандығына.
Дамир кезінде қолына домбырасын құшақтап айтысқа да қатысты. Айтыста да өткір-өткір шымшыма шумақтарын шегедей қадады билікке. Кейбіреулер "ой, мынауың кім айылын жимайтын" деп те сыртынан қаңқу таратты. Оған қыңқ ететін Дамир бар ма?..
Міне, мен білетін Дамир осы!..
Күләш Байдалина,
сатирик жазушы:
– Мен бүгін Дәкеңді мақтап емес, Дәкеңмен мақтануға келдім. Қанша мақтануға тұратын азаматтарымызды кейде біз өмір қалтарыстарында қалдырып қоямыз. Бұл жарамайды. Кітапхана қызметкерлерінің Дәкеңдей қаламгер азаматты құрметтеп жатқанына ризамын. Маған дейін де әріптестерім кеңінен талқылап айтты ғой. Оны қайталаудың қажеті де жоқ шығар. Мен тек қана аз жазса да, саз жазатын Дәкеңе шығармашылық табыс тілеймін!
Дамир Әбішев,
Журналист, сатирик жазушы:
– Осы кешті ұйымдастырған кітапхана басшылығына және жүргізіп отырған Айгүл қарындасыма дән ризамын. Алғашында, "Қайтесіңдер… Мен бір асып- тасқан жазушы да емеспін… Әйтеуір, көңілдегі ойымды қағазға түсіргенім болмаса" дегендей ой айтқан едім. Бірақ, қоярда-қоймай, "Аға, Сіздей сатирик жазушыларымыз өңірде аз ғой. Және де елімізге белгілі "Бауыржан шоу", "Терісқақпай", "Тамаша", "Шаншар" сияқты сатиралық театрлар туындыларыңызға қойылым қойды. Сіз белгілі адамсыз. Бұл жарамайды",– деп көндірді. Міне, соның нәтижесінде бүгін қалың оқырманмен жүздесіп отырмын. Бұларыңа рақмет. Сол құрметтеріңізге орай әріптесім, "Егемен Қазақстан" газетінің жорналшысы Қайсар Әлімнің "Қос айқай" және өзімнің "Қисықтың хикаялары" кітаптарын тарту етейін. "Қос айқайды" сонау Астанадан Қайсар өзі арнайы беріп жіберді.
…Иә, "жазушының қаруы – қалам" – дегендей, сатираның сарбазына айналған, тілі уытты, алмас қылыштай кесіп түсер өткір Дамир Әбішев шығармашылығына берген замандастарының, әріптестерінің бағасы осы, ағайын! Ендеше, оқырмандары бар да әлі де "Қостанай таңынан" Дамир Әбішевтің шығармалары, оның кейіпкерлері сөйлей бермек…
Жұмағали Арғынбаев,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, сатирик жазушы:
– Бұл азаматпен ұзақ жыл "Қостанай таңында" бірге қызмет еттік. Дәкеңнің студент кездеріндегі тағдыры менікімен өте ұқсас. Бұл кісі сияқты мен де сол кездегі орысшыл саясатқа қарсы болдым. Сол үшін де оқудан шығып қала жаздадық. Өз басым Дәкеңнің жазған "Қисықтың хикаялары" топтамаларын оқудан жалыққан емеспін. Сондағы әр туындысына жүректің көзімен қарай білсек, қоғамдағы жиіркенішті кейіпкерлерді көре біліп, оны тұқыртқан авторға "Мәләдес! Жарайсың! Қап, бәлем, сол керек!" деп айызың қанып отырады.
Сатира жанры – өте қиын жанр. Екінің бірінің тісі мен қолы бата бермейтін жанр. Міне, сондықтан бұл жанрда тер төгіп, жанары жазудан шаршамайтын біз сияқтыларға айтылар сын да, қойылар талап та жоғары.
Әлібек ЫбЫраЙ,
журналист, "Қостанай таңы" газетінің тілшісі:
– Естеріңізде болса, "Қостанай таңы" басылымының сәуір айындағы алғашқы санында Дәкеңнің шығармашылығына арнап айқарма бет бердік. Сонда Дәкең жайында кеңінен қалам тербеген едік. Оны қайталаудың қажеті бола қоймас. Бірақ, сонда да мен Дәкеңнің азаматтық тұлғасы мен оның қарапайым қалпын айта кетейін. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында Дәкең "Дәмір-думан" атты әзіл-оспақ театрын құрды. Біздер (өнерпаз жандар) ол кісімен өңіріміздің бірталай жерін аралап гастрөлге шықтық. Өнерімізге тәнті болған халық ақша-пұлмен есептесе алмаса да, азық-түлікпен бізді қарық қылып жатты. Себебі, ол кезең жалпы, ел экономикасындағы ауыр шақ еді. Сондай бір гастрөлге шыққан біздерге Дәкең өз шаңырағына жетпесе де, өнер көрсеткен әртістердің қамын ойлап, барлығына қажетінше үлестіріп, таратып беретін.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
Кітапхананың Дәкеңе сыйлық тартуы