Теміржан ТӨЛЕУБАЕВ: «Жер байлық» – ең басты
Біздің тілшіміз Қостанай облысы бойынша жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық инспекция басшысы Теміржан Төлеубаевқа жолығып, ең басты байлық – жерді пайдалану жөніндегі жұртты толғандырып жүрген көкейтесті сауалдарға қатысты әңгіме өрбіткен еді. Төменде сол сұхбатты жариялап отырмыз.
– Өңірде жүргізіліп жатқан жерлерді түгендеу жұмыстары туралы әңгімелеп берсеңіз. Егістік пен жайылымдық жерлерді игеру қалай жүргізіліп жатыр?
– 2012 жылы жалпы аумағы 3055,6 мың га ауыл шаруашылық мақсатындағы жер түгендеу жұмыстары жүргізілді. Түгендеу жұмыстарын жүргізу барысында жалпы аумағы 21,5 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланылмайтыны анықталды, соның ішінде 16,1 мың га егістік. Атап айтқанда, Мендіқара ауданында 3,3 мың га, Таран ауданында 4,7 мың га, Қостанай ауданында 0,8 мың га, Сарыкөл ауданында 8,7 мың га, Ұзынкөл ауданында 0,2 мың га.
2013 жылы жалпы аумағы 3373,6 мың га ауыл шаруашылық мақсатындағы жерді түгендеу жүргізілді. Түгендеу жұмыстарын жүргізу барысында жалпы аумағы 208,6 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланылмайтыны анықталды, соның ішінде 27,09 мың га егістік және 181,5 мың га жайылым жерлер. Атап айтқанда, Алтынсарин ауданында 14,98 мың га, Қамысты ауданында 129,5 мың га, Қарабалық ауданында 22,1 мың га, Науырзым ауданында 41,9 мың га.
Ағымдағы жылы жалпы аумағы 3896,4 мың га Аманкелді, Әулиекөл, Жанкелдин, Қарасу аудандарында, Арқалық, Қостанай, Рудный қалаларында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізіледі.
– Жер кодексінің 92 бабында мақсатты пайдаланылмаған жер учаскесін меншік иесінен мәжбүрлеп алып қою туралы айтылған. Қостанай облысындағы осы заңның орындалуы қалай?
– Егер ауыл шаруашылығы өндiрiсiне не тұрғын үй құрылысына немесе өзге де құрылысқа арналған жер учаскесi екi жыл iшiнде тиiстi мақсатында пайдаланылмаса, ал ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер пайдалану құқығында берілген жер учаскесі алғаш рет жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау анықталған кезден бастап есептелетін бесжылдық кезеңде жалпы алғанда екі жыл пайдаланылмаса, онда мұндай жер учаскесi Жер кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады.
Меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жердегі жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі.
Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз қойылғанға дейін кемінде бір жыл бұрын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттігі туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейін және осы уақыт ішінде жер учаскесінің меншік иесі не жер пайдаланушы осындай учаскені нысаналы мақсаты бойынша пайдалану жөнінде қажетті шаралар қолданбаған жағдайда ғана берілуі мүмкін.
– Мемлекет мал басын көбейтіп, ет экспортын еселеуді көздеп отыр. Бірақ мал ұстағанмен, оны жаятын жер жоқ. Осыған не дер едіңіз?
– 2013 жылы жер инспекциясы жайылымдық жерді тиімді пайдалануға бақылау жүргізді. Жүргізілген тексерістердің нәтижесінде берілген жайылымдық жерлерді заңнаманы бұза отырып пайдаланып жатқан 59 жер пайдаланушы анықталды. Атап айтқанда, жер пайдаланушыларда қара мал басының болмауы кең таралған, яғни жайылым өзінің мақсаты бойынша пайдаланылмай жатыр. Сонымен қатар, жыртылған жайылымдар да анықталды. Қолданыстағы заңнаманы бұза отырып пайдаланылған жайылымдардың жалпы ауданы – 244,3 мың га. Жер пайдаланушыларға заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді, барлық мәселе бақылауға алынды.
Сондай-ақ 2013 жылы мен 2014 жылдың өткен кезеңінде инспекция елді мекендердің жерінен жер телімдерін беру фактісі бойынша Мендіқара, Науырзым, Сарыкөл, Алтынсарин, Федоров аудандарындағы ауылдық округтерінің әкімдіктеріне қатысты 28 тексеріс жүргізді. Бастапқыда аталған жерлер жергілікті тұрғындардың малын бағу үшін арналған болатын. Тексерістердің қорытындысы бойынша, ауыл әкімдеріне жалпы аумағы 20,374 мың га жер учаскелерін беру жөніндегі 57 шешімдердің күшін жою туралы 28 нұсқама берілді.
Қазіргі таңда, берілген нұсқамаларды орындау бойынша округтердің әкімдерімен жұмыс жүргізілуде, соның ішінде жалпы аумағы 13720,9 га 35 жер телімі бойынша 35 шешімнің күші жойылды. Аталған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Түгендеу шаралары нәтижесінде облыстың қай аймақтарында жер пайдаланылмай бос жатыр?
– Жоғарыда атап өткендей, 2012 жылы түгендеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жалпы аумағы 21,5 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланылмайтыны анықталды. Жүргізілген тексерістер барысында жалпы аумағы 17,7 мың га ауыл шаруашылық айналымына тартылды, 3,8 мың га инспекцияның бақылауына алынды.
2013 жылдың түгендеу нәтижелері бойынша жалпы аумағы 208,6 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланылмайтыны анықталды. Тексерістерді жүргізу барысында 146,7 мың га аумағында жерді пайдаланбау фактісі расталды, қазір бұл инспекцияның бақылауында.
Сонымен қатар жүргізілген тексерістердің нәтижелері бойынша жер учаскілерін пайдаланбай жатқан субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер учаскелері мәселесіне келсек. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүзеге асырылуы қалай?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы № 726 қаулысымен бекітілген "Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру ережесiне" және ҚР Жер кодексінің 50 бабының 2 тармағына сәйкес жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға жеке меншікке жеке тұрғын үй құрылысы үшiн – 0,1 га, ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн – 0,25 га мөлшерде тегін беріледі.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері тұрғын үй құрылысқа арналған алаңдардан бөліп беріледі. Жер телімдері игерілгеннен кейін ғана ол жер пайдаланушыға жеке меншікке беріледі, яғни жеке тұрғын үйді пайдалануға қосу актіге қол қой-ғаннан кейін.
Қазіргі таңда, Қостанай қаласы бойынша 14 мыңнан астам азамат кезекте тұр, ал жеке тұрғын үй құрылысы үшін дайындалған алаңдар тек екеу ғана, бұлар солтүстік-батыс тұрғын ауданы және Дружба кенті.
2014-2015 жылдарға Қонай кентінде 300 га алаңда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге жоспар құрылған. Заречный, Мичурин, Затобол қала маңы кенттерінде де жеке тұрғын үй құрылысы үшін дайындалған алаңдар бар.
– Жеке меншікке жерді сатуда заң бұзушылық оқиғалары болды ма? Болса, заңсыз сатылған телімдер саны, көлемі қанша? Оның себеп-салдары қандай?
– Жер инспекциясының функцияларының бірі – жер заңнамасы саласында жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шешімдерінің заңдылығына бақылау жасау болып табылады. Түрлі деңгейдегі әкімдіктерге қатысты тексерістерді жүргізу барысында жеке меншікке жерлерді сатуда заң бұзушылықтар анықталмады.
– Болашақ нысанның іргетасын құйып, жан-жағын қоршап тастау жер телімін мақсатты пайдалануға жатады ма?
– Жоғарыда мен атап өткендей, объектiнi пайдалануға қосу туралы актіге қол қойғаннан кейін ғана құрылысқа берілген жер учаскесі игерілген деп саналады. ҚР Жер кодексінің 92 бабына сәйкес құрылыс үшін берілген жер учаскесiн игеру кемінде екі жыл мерзімге белгіленеді. Егер жер учаскесі екі жыл пайдаланылмаса (берілген кезден 4 жыл), онда меншiк иесiнен мәжбүрлеп алып қойылуға жатады.
Менің ойымша, тек іргетасты орнатып және оны қоршау – жер телімін өзінің нысаналы мақсаты бойынша пайдалану фактісі болып табылмайды. Сондай-ақ жалдау шартына сәйкес жер пайдаланушы жер телімін берілген кезден бастап бір айдың ішінде қоршауға міндетті.
– Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша 18 жасқа толған әрбір азаматқа қанша сотық жер тиесілі?
– Жоғарыда мен атап өткендей, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы № 726 қаулысымен бекітілген "Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру ережесiне" және ҚР Жер кодексінің 50 бабының 2 тармағына сәйкес жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға жеке меншікке жеке тұрғын үй құрылысы үшiн – 0,1 га, ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн – 0,25 га мөлшерде тегін беріледі. Егер жер учаскесі бекітілген ең жоғары мөлшерінен асатын болса, онда учаскенің асатын бөлігі ақылы негізде беріледі. Бірақ жер телімі 10 сотықтан артық болмау қажет. Қостанай қаласында 1 шаршы метр 1357 теңге құрайды. Жер учаскенің орналасқан жеріне байланысты түзету коэффициенттері қолданылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.