40 жыл тәтті өмір
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында дәл осындай атаумен көрме ашылды. Ол еліміздің солтүстік өңіріндегі ең ірі кондитерлік өнімдер шығаратын «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының 40 жылдығына арналып отыр. Бір айға созылатын көрмеге кәсіпорынның алғашқы құрылған сәтінен бастап қазіргі таңдағы қол жеткізген табыстарынан сыр шертетін деректер мен суреттер, түрлі бұйымдар қойылған.
Жоғарыда аталған көрменің ашылуына «Баян Сұлу» кондитер фабрикасының жалпы мәселелер бойынша директоры Александр Пыльский қатысып, сөз сөйледі.
Оның айтуына қарағанда, елімізде кондитерлік өнім өндіретін мүйізі қарағайда ірі кәсіпорындар баршылық. Олардың ішінде алдымен ауызға ілігетіні «Рахат», «Баянсұлу», Қарағанды кондитер фабрикасы. Бүгінде олар Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерін тәтті өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
Сондай-ақ, жыл сайын Ресейге 60 мың тоннадан астам кондитерлік өнім жөнелтеді. Бастысы қалың ормандай Қытай халқы біздің тәттілерімізге құмарта бастады. «Қазақстанда жасалған» («Made in Kazakhstan») деген белгісі бар кәмпиттер Қытай дүкендерінің сөрелерін жайғаса бастағанына да көп уақыт өте қоймапты.
Мешіт Ғазиз
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков