Жұртшылыққа жақпағаны не?
Лисаков қаласындағы бөбекжай құрылысына ұлттық қордан 150 млн. және облыстық қазынадан 16 млн.660 мың теңге бөлінді. Жалпы құны – 650 млн.теңгені құрайды. Қаланың 2-шағын ауданында бой көтермек бұл мекеме 280 орынға шақталады. Бұл жайлы мәлімет қалалық «Лисаковск-онлайн» ақпараттық сайтында жария болды.
Өкінішке қарай, құрылыс жоспары жайынан жергілікті жұрт тағы да аз ақпараттандырылған болып шықты. Жұмыс басталған маңға таяу қоныс тепкен тұрғындар зәулім ағаштардың кесіліп, балалар алаңының сырып тасталғанына наразылық байқатуда. Кейбірі кір жаятын, киім кептіретін кермелердің де «рұқсатсыз» бұзылғанына байбалам салуда. Шынымен-ақ, нысан құрылысына даярланып қойылған алаңқай әлем-тапырық болып жатыр. Кісі шошырлық көрініс.
Осы ретте тұрғындар базынасына да түсіністікпен қарауға болатындай. Себебі бұл жерде кімнің қандай жұмыс жүргізетіні туралы не мәтіндік, не графикалық ақпарат жоқ. Егер хабардар етілсе, сабырға келер ме еді? Абат маңның ат-жөнсіз ат-көпірін шығарудың мәнісін тұрғындарға тәптіштеп беруге мердігерлер де асықпайтын секілді. «Түбі көрер, тосын сый болсын» дегені шығар…
Жандос Жүсіпбек