Өнегесі өшпейді
Соғысты көрмеген ұрпақ оның қандай қасірет пен қайғы, өкініш пен өксік әкелгенін сезіне де бермейтініміз анық. Әйтеуір, үлкен аталарымыз бен әжелеріміздің айтқан естеліктерінен, кинодан, жазылған тарих беттерінен білеміз. Сонау 1941-1945 жылғы неміс-фашистерге қарсы соғысты, оның зардабы мен ауыртпалығын көргендер "Қарақтарым-ай, біз көргенді сендер көрмей-ақ қойыңдар, ел-жұрт аманшылықта болсын, тыныштығымыз бұзылмасын" деп айтып отырғаны. Енді міне, сол соғыста аталарымыз бен ағаларымыздың жауды жеңіп шыққанына жетпіс жыл да толмақ екен.
– Атам Махмұт соғыс туралы онша көп айта бермейтін. Тіпті өзінің туған-туыстары жайлы да онша сөз қозғамайтын. 1941 жыл-ғы неміс-фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысы басталғанынан 1945 жылға дейін болды. Егер сұрай қалсақ, "ой, жарықтарым-ай, оның қажеті не, біз көргенді сендер көрмеңдер, соғыстың несі жақсы дейсің, міне, мына тыныштық, бейбітшілік өмірімізге қуанайық, елімізге, халқымызға адал еңбектеніп, жемісімізді көрейік, сендердің амандықтарыңды тілейік" дейтін. Қайта атам небір қазақтың нақыл сөздер мен толғауларды, мақал мен мәтелдерді, Абай атамыздың өлеңдерін жатқа айтып, бізге үйретіп отыратын. Баламыз ғой, кейде тыңдап, кейде ойынға кетеміз. Бір қоңыр дәптері бар болатын, соған үнемі бірдеңе жазатын-ды. Сол дәптерді тауып алдым. Махмұт атам сол дәптеріне, ғылым, білім, тәрбие, өнеге туралы мақалдарды, насихаттық толғаулар, шешендік сөздерді тізіп, жаза берген. Оқып отырып, атамның сондай асыл сөздерді жазып кеткеніне қатты қуандым. Бүгінде атамыз арамызда жоқ. Ол кісінің арамызда болмаған жылдары бізден алыстай бергенімен, асыл бейнесі көкірегімізде жарқырай береді екен. Сізге сөзімнің басында атам соғыс, өзінің отбасы жайлы көп айтпайтын-ды деп едім ғой. Енді қарап отырсам, атам Махмұт Молдағалиев 1916 жылғы 13 наурызда сол кездегі Қостанай облысы Торғай ауданының (Жанкелдин ауданы) № 6 Бәйтемір ауылында, ауқатты отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Молдағали, шешесі Ұлбөпе және атасы Әбілда Қараби ауқатты шаруа болған, сол кезде молда жалдап, балаларымен немерелерінің сауатын ашқан екен. 20 ғасырдың 30 жылдарындағы солақай саясаттың әсерінен дәулетті бай адамдардың мүліктерін тәркілеу кезінде үлкен атамыз Әбілданың мал-мүлкі тәркіленіп, он жылға сотталады. Ал, баласы Молдағали амалсыздан Өзбекстанға қоныс аударған. Сол жақта атамыз Махмұт 1935-1937 жылдар аралығында Өзбек ССР-нің Навоий облысының Кенминх аудан орталығында бастауыш мектебінде мұғалім болып істеді. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін атам туған ел қайдасың деп, өз еліне келді. 1938 жылы маусым айында Торғай АТК жалпы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1941 жылғы Ұлы Отан соғысы басталғанда әскерге Торғай АӘК-нан шақырылып, 1941-1943 жылдар аралығында кавалерия полкінде, содан кейін 1943-1945 жылдарда кавалерия дивизиясы қатарында болады. Украин майданындағы ұрыстар-ға қатысқан. Қатардағы жауынгер ретінде 197 кавалериялық полкінде қызмет атқарды. 1943 жылы сол жақ білегіне оқ тиіп, жарақат та алды. Атам соның бірін де айтқан емес. Екі сөзінің бірінде "ел қатарлы соғысқа бардық, біркісідей соғыстық, жауды жеңдік" дейтін де қоятын. Жауынгерлік ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" және соғыстан кейінгі жеңістің мерекелік 7 медальмен марапатталды. Міне, осы марапаттардан атамның қандай жауынгер болғанын ұққандаймын. Ал, соғыстан соң, бейбіт күндерде атам 1 май орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді. Мәртебелі мамандық иесі болды. Содан кейін көп жыл аудан шаруашылықтарында жұмыс істеп, 1976 жылы зейнеткерлікке шықты. Атамыз Махмұт пен әжеміз Қоңырша екеуі жеті бала тәрбиелеп, он немере сүйіп, 1994 жылы қайтыс болды. Балаларын жақсылап өсірді, білім берді. Бізге, немерелеріне өнегелі тәрбие берді, атамның сондай керемет, қарапайым, адал жан болғанын мақтан тұтамын, – дейді бізге өз әңгімесінде Махмұт атамыздың немересі Әсемгүл.
Гүлназым Сағитова