Сусыз өмір жоқ
немесе белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев туралы сөз
Арқада Торғай алқабын да табиғаттың өзі жасаған "Сарықопа" атты мемлекеттік қорық бар. Бұл қазіргі Қостанай облысы Жанкелдин (бұрынғы Торғай) ауданына қарайды. Суы бал татыған, балығы тайдай тулаған, "қамысын сиыр сүйкеніп жыға алмайтын" (Нұрхан Ахметбеков), аққу-қаздары қаңқылдап әндетіп шулаған, мал-жанға өте қолайлы да жайлы қоныс.
Халық ақыны Ғафу Қайырбеков:
Салқын самал Сарықопаның даласы,
Дертке шипа жұпар иіс ауасы, – деп жырға қосқан.
Сарықопаға құятын Теке өзенінің төменгі ағысында Тармақ деген жерде Қыпшақбай суатында 1934 жылы 27 мамырда Нариман Қыпшақбайұлы дүниеге келді.
"Әкесі Қыпшақбай сөзге шешен, алғыр, ұйымдастыру қабілеті өте жоғары, ашық, ақжар-қын, еліне адал қызмет жасаған азамат еді", – дейді елдегі көз көрген қариялар.
Ауылдың шолақ атқамінер әкімдері "бұл 1937 жылы сотталған халық жауы Бөлекбаев Есмағамбеттің (ел ішінде "Бетше" дейтін) туған ағасы деп" ақыры қоймай жүріп Қыпшақбайды соттатты. Шиеттей алты бала шулап, жетім қалды. Аналары Ақшөкен бұдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Балаларды Қыпшақбайдың інісі Смағұл қамқорлыққа алды: үлкендері мектепте оқитын, ал Нариман мен Сардарбек әлі мектепке де бармаған болатын. Нариман Қыпшақбайұлы өзінің "Әке аманаты" (Алматы, 2012 ж.) кітабында былай деп жазады:
"Мені бастауыш мектепке бірінші класқа Сәдіман ағам қолымнан жетектеп апарып, алып кетіп жүрді. 1947 жылы ауылдан төрт жылдық мектепті бітірерде, оқуға деген құштарлық Таңатқан Досмағамбетұлы екеу-мізді ауылдан жүз шақырым жердегі Торғай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке мемлекеттік емтихан өткізуге жаяу аттануға жетеледі. Қазір өмір жолымыздың басындағы ең маңызды, дұрыс шешім осы болды-ау деп ойлаймын. Емтиханды Торғайда жақсы тапсырып, қазіргі Қызбел совхозының орталығындағы Ақсуат жеті жылдық мектебінде бесінші және алтыншы класстарды ойдағыдай бітірдік. Талай жақсы мұғалімдер сабақ берді, әсіресе, ерекше есте қалған ұстаздарым: Батырхан Шалғынбаев, Ғафу Қайырбеков, Сапарғали Омарбеков және тағы басқалар…
Жетіншіден бастап оныншы класты Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин мектебінде оқып бітірдік. Сол кезде мектеп директорлары: Хамидолла Хусаинов, кейіннен Кәкім Анапин болды. Мұғалімдер: Хайырбек Алматов, Халық Қосқалов, Мәлике Нұрмағамбетова, Сарбас Қапсұлтанов және басқа жоғарғы білімді мамандар дәріс оқыды. Онжылдықты өте жақсы бітірдік, оның ішінде Таңатқан Досмағамбетов, Ғайыпназар Қойшин, Адик Искаков және мен төртеуімізді мұғалімдер үздік оқушылар ретінде осы мектеп тарихында бірінші рет медальға ұсынды" (38-39 беттер).
Өзі жазғанындай "онжылдықты өте жақсы" бітірген Нәкең жоғарғы білім алу үшін оқу іздеп Алматыға аттанады. Ол кезде қазіргідей тура жол жоқ, "Мойынты-Шу" теміржолы әлі бітпеген. Алматыға жету үшін Челябі, Қорған, Омбы, Новосибирь, Барнаул, Рубцовск, Семей арқылы екі рет пойыздарды ауыстырып, бір жеті жол жүріп Алматыға жетіп, сол 1953 жылы Нариман Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтының гидромелиоративный факультетіне оқуға түседі. Инженерлік мамандықтар дайындайтын факультеттердің ішіндегі ең қиын факультет осы екен. Мұнда жер, су, ауылшаруашылығы, құрылыс, техника, көпір, жол салу, су қоймаларын салу, бөгет (плотина), гидроэлектростанция салу, егін шаруашылығы, құрылыс материалдары ғылымдарының негіздері, су алқаптарын тиімді пайдалану, өндірісті сумен жабдықтау, халықты ауызсумен жабдықтау, жайлымдарды суландыру т.б. өмірге қажетті өзекті мәселелердің бәрін оқытады екен.
4-ші курстан кейін Бұхтырма гидроэлектростанциясын салу жұмыстарына қатысып өндірістік практиканы сонда өткізеді. Сөйтіп, институтта оқып жүргенде су шаруашылығының әр саласында өндірістік тәжірибе жинақтайды.
1958 жылы институтты абыройлы ақтап, инженер-гидротехник деген мамандық алады да жолдамамен жұбайы Нұржамал (ол да инженер-гидротехник, институтты бірге бітірген) екеуі Шелек ауданаралық жер суару басқармасына жұмысқа жіберіледі. Жұмысты ұқыпты, тиянақты іс-теумен қатар білімділігі мен көзге түсіп, бір жылдан кейін аға инженерліктен Түрген алқабы су қорлары басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады.
1960 жылы Су шаруашылығы Министрлігі Н.Қыпшақбаевты өзінің аппаратына жұмысқа алады, алғашында аға инженер, бас инженер, кейіннен су пайдалану және су құрылыстарын жөндеу жұмыстары бөлімінің бастығы етіп тағайындайды. Осы кезден бастап республика бойынша су пайдалану және гидротехникалық су-құрылыс жүйелерін тиімді пайдалану мәселелерін шешумен айналысады, республикалық және республикааралық ғылыми-техникалық кеңестерге қатысып, олардың су бөлісу (Шу өзені) мәселелерін шешеді, Бұхтырма, Өскемен су қоймаларын тиімді пайдалану ережелерін жасайды.
Н.Қыпшақбаевтың іскерлігін, білімділігін, жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайтындығын және турашыл, адалдығын, білікті маман екендігін байқаған Су шаруашылығы министрлігі 1969 жылы оны Семей облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасының бастығы етіп тағайындайды. Ол бұл жұмыста Семейге қатысты Ертіс өзенінің орта ағысын тиімді пайдалану мәселелерін шешу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізеді, облыстың су шаруашылығын дұрыс, тиімді ұйымдастырды.
Н.Қыпшақбаевтың жұмысқа үлкен жауапкершілікпен беріліп істейтін және дұрыс шешімін таба білетін еңбекқор екенін байқаған Үкімет басшылары оны 1981 жылы Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі етіп тағайындайды. Министерствоның жұмысын одан әрі жандандырып, су шаруашылығын тиімді басқару және қорғау шараларын, экономикалық пайдасын арттырудың жолдарын, елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау мәселелері дұрыс шешімдерін табады, жылына 700-900 км су құбырлар жүйесін салып, 3 жылдың ішінде 3500 км-ге жеткізіп, бірталай елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Алматы облысының экономикасын көтеру мақсатында Бартоғай су қоймасы мен Д.А.Қонаев атындағы үлкен Алматы каналы, Илек өзенінде Ақтөбе, Қандысу өзенінде Қандысу су қоймаларын салдырды. Өндірістік ірі қалаларды ауыл шаруашылық өнімдерімен жабдықтау мақсатында суармалы егістік жер көлемін 2,2 млн.га дейін, мал жайлымдарын суландыру 129 млн. га дейін жеткізді. Бұл Қазақстанда бұрын қол жетпеген көрсеткіштер болатын. Осындай су шаруашылындағы үлкен орындалған жұмыстардың нәтижесінде елімізде жылына 360 мың тонна мақта, 680 мың тонна күріш, 2 млн. тонна қант қызылшасы, 575 мың тонна жүгері өнімдерін алуға қол жеткізді.
Су шаруашалығы жұмыстарымен қатар Н.Қыпшақбаев үлкен ғылыми және қоғамдық жұмыстармен айналысты. Ол 1984-1988 жж. КСРО Ғылым және техникалық мемлекеттік комитетінің және Ғылым акаде- миясының президиумының мүшесі, Су шаруашылығы министрлігің ғылыми-техникалық кеңесінің және көптеген журналдардың редакция алқаларының мүшесі ретінде баспасөз бетте-рінде көптеген су шаруашылығы жөнінде жалпы саны 100-ден асатын мақала жариялады.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің (1985-1990жж.) депутаты, Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшесі, 11 жыл Қазақстан Үкіметінің мүшесі болды. 1980 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі" құрметті атағы берілді.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жүргенде "Арал теңізі жағалауында тұратын халықтардың жағдайын және экологиясын жақсарту" (1998ж.), "Шуші-Боровой курорт аймағының су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану" (1989ж.) туралы мәселелер көтеріп, оның оң шешім табу жолдарын ұсынды.
КСРО ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғанда ел экономикасын басқаруды түбірінен қайта құруға байланысты мемлекеттік су шаруашылығын басқарудың жаңаша түрін ұйымдастыру үшін Н.Қыпшақбаев басқарған бір топ мамандар "Қазақстан су шаруашылығын басқарудың концеп-циясын" жасап, Үкіметке ұсынды. Соның негізінде Президенттің Жарлығымен "Қазақстан Республикасы су ресурстары мемлекеттік комитеті" құрылып, оның төрағасы болып Н.Қыпшақбаев тағайындалды (29.12.1990ж).
2003 жылдан Ресей Федерациясы су шаруашылығы ғылыми проблемалары академиясының мүшесі. Н.Қыпшақбаевтың мемлекет және халық алдындағы еңбегі бағаланып, ол Еңбек Қызыл Ту (1981ж.), екі рет "Құрмет Белгісі" (1973, 1976ж.), "Құрмет" орденімен (2001ж.) марапатталды.
1996 жылдан бүгінге дейін Н.Қыпшақбаев Орталық Азия сушаруашылығы проблемаларының мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының ғылыми-информациялық орталығы Қазақ фи-лиалының директоры болып қызмет істеп келеді.
Н.Қыпшақбаевтың соңғы жылдары (2012, 2013ж.) жасаған үлкен азаматтық, адамгершілік істерінің бірі – ол халық жауы деп 1937 жылы сотталып, Комсомольск-на-Амуре қаласында түрмеде 1942 жылы қаза болған, кейіннен 1957 жылы ақталған әкесінің туған інісі – Бөлекбаев Бетшенің құжаттарын Орталық архивтен, Қостанайдың КГБ архивтерінен іздестіріп, тауып алып, бейітін іздеп Комсомольск-на-Амуре қаласына барып, түрменің тұрған жерін, сүйегінің жерленген жерін тауып, оған елден апарған топырағын салып, басына ескерткіш орнатып, дұға бағыштады.
Одан кейін әкесі Қыпшақбайдың бейітін іздеп, ол кісі түрмеде отырған Улан-Уде қаласына барады. Ол кісінің қайтыс болған түрменің орнын, сүйегі жерленген қорымды тауып, елден апарған топырағын салып, бейітінен топырақ алып, басына ескерткіш қойып, дұға бағыштайды.
Жасының үлғайғанына қарамастан халқына аянбай әлі еңбек етіп жүрген еліміздің асыл да ардақты азаматы Қыпшақбайұлы Нариманға ұзақ жасай беріңіз деп тілейміз.
Таңатқан Досмағамбетұлы,
профессор.
Алматы қаласы.