Әлеуеті артқан Әулиекөл 6 қарашада ауданда “Қостанай таңының” күндері өтеді Амантай БАЛҒАРИН, Әулиекөл ауданының әкімі: “Атқарылып жатқан істер аз емес”
Әулиекөл жері қашаннан төскейі малға, танабы егінге толы өңірлердің бірі саналады. Береке-бірлігі жарасқан бұл өңірдің халқы да өз аудандарының дәулеті мен сәулетін арттыруға жұдырықтай жұмылып тер төгуде. Міне, осының арқасында Әулиекөлдің әлеуеті артып, экономикасы да ырғақты қарқынмен өрге өрлеп келеді. Ауданда атқарылып жатқан игілікті істер барысы туралы біз аудан әкімі Амантай Балғаринмен тілдескен едік.
– Амантай Кәкімбекұлы, биылғы жайсыз ауа-райының әсіресе жер емген диқандарға кедергі келтіріп жатқаны белгілі. Әулиекөлдіктер де егін орағы кезінде тығырыққа тірелген шығар…
– Иә, дұрыс айтасыз. Биылғы ауа-райының қолайсыздығы жалғыз Қостанай өңіріне ғана емес, еліміздің әсіресе солтүстік аймақтары үшін де қиынға соғып жатыр. Толассыз жауған жаңбыр өз алдына, ерте түскен қар да диқандардың жұмысына кедергі келтіргені рас. Сондықтан, биыл егіннің шығымы тәп-тәуір болғанмен, оны ысырапсыз жинап алуға күн райының қолайсыздығы сеп болуда. Соған қарамастан, біздің аудан егін орағын толық дерлік аяқтады. Осы жылы аудан бойынша 205,3 мың гектар жерге астық дақылдары егілген болатын. Қиын-дықтарға қарамастан, 198 мың тонна астық қамбаға құйылды, әр гектарына орташа есеппен 8,5 центнерден алдық. Келер жылға қажет тұқым қоры да жинақталды, сол себепті бәрі ойдағыдай деп айта аламыз. Әрине, бұл жұмыстарға үкімет тарапынан да көп қолдаудың көрсетілгендігін ерекше айтып өткім келеді
– Облыс экономикасының күре тамыры ауыл шаруашылығы болса, соңғы жылдары соның ішінде негізгі басымдық мал шаруашылығын дамытуға ауып отыр. Әулиекөл ауданында да мал басын асылдандыру жұмыс-тары жақсы жолға қойылған ғой. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?
– Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты ғой. Ал, біздің ауданның негізгі салаларының бірі – егін және мал шаруашылығы. Соның ішінде ауданда жылма жыл мал басын көбейтемін дегендердің құлшынысы артып келеді. Әсіресе, бүгінде шаруашылығы шалқыған "Мәскелеу", "АГФ Диевское", "Тимофеевка-агро" сияқты ірі серіктестіктер мен "Сұлукөл", "Қойшыбаев" тәрізді шаруа қожалықтарының осы саланы дамытуға қосып отырған үлестері қомақты. Қазір мемлекет тарапынан да аграрлық саланы дамытуға ерекше ден қойылуда. Соның арқасында ауылдағы ағайынға мал беріліп, төрт түлікті көбейтуге мүмкіндік молайды. Бұл жүйе агрокешенді дамытуға арналған "Сыбаға", "Құлан", "Алтын асық" бағдарламалары аясында жүзеге асуда. Үстіміздегі жылы аудан бойынша "Сыбаға" бағдарламасы арқылы 232 ірі қара алу жоспарланған болатын, соның 23,3 пайызы орындалып отыр. "Аграрлық-несие корпорациясына" 172 ірі қара сатып алу үшін үш өтініш берілген еді, соның біреуі мақұлданып, "Ырыс" ЖШС 69 бас сатып алатын болды. Ал, "Мустафа" және "Ашықбаев М.А" шаруа қожалығының өтініштері қаралуда. Сондай-ақ, мал басын көбейтуге құлшыныс танытып отырған "Ержанов" жеке кәсіпкерлігі мен "Белгібай" шаруа қожалығы құжаттар жинастыруда. Дегенмен, бұл бағдарлама аясындағы қалған жұмыстар жыл аяғына дейін орындалатын болады. Қой шаруашылығын өркендетуге арналған "Алтын асық" бағдар-ламасы арқылы да 330 ұсақ сатып алу жоспарланып отыр. Осы мақсатта өтініш білдірген екі шаруашылықтың бірі – "Үдербаев" шаруа қожалығының құжаттары мақұлданды. Ал, "Құлан" бағдарламасы бойынша 186 жылқы сатып алу жоспарланған, соның 170 басы "Агроком Лэнд" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі.
– Ауданда басқа да мемлекеттік бағдарламалардың, әсіресе инвестжобалардың жүзеге асу барысы туралы не айтасыз?
– Жалпы, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалы кейбір өңірлермен салыстырғанда көшілгері десек артық айтқандық болмас. Жыл сайын халықтың да әлеуеті артып келеді. Ауданда "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020", "Бизнестің жол картасы – 2020" сияқты мемлекеттік бағдарламалар да өз деңгейінде жүзеге асуда. Мәселен, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы іске қосылғалы бері ауданымызда жеті жоба жүзеге асырылды, соның төртеуі осы жылы іске асып отыр. Тарқатып айтар болсақ, екі жоба ауыл шаруашылығы техника-ларын сатып алуға, екі жоба тігін цехына қажетті құралдар мен жабдықтар сатып алуға бағытталды. Жыл аяғына дейін тағы да екі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Ал, инвестжобаларды жүзеге асыру мақсатында Құшмұрын кентінде "Оңтүстік" жылу қазандығы мен жылу жүйелерінің құрылысы қолға алынған болатын. Жоба құны 2,4 млрд. теңге. Қазіргі таңда жылу жүйелерінің құрылысы толығымен аяқталды, ал жылу қазандығының кейбір жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталатын болады. Сондай-ақ, ангар типінде салынып жатқан спорт залының да құрылысы аяқталды, бұл жобаға 139,1 млн. теңге бөлінген болатын.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында бөлінген 268 млн. теңгеге Чернышев орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды, жаңа кейіпке енген білім ошағы қарашаның басында тапсырылады. Барлық елді мекендердегі мектептер өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай жабдықталған, сондай-ақ, жылу қазандықтарын білім ошағынан сыртқа орналастыру жұмыстары да ақырындап өз шешімін тауып келеді. Бүгінгі күні бұл жоспарды Көктал, Первомай және Мәскелеу мектептері толығымен орындады.
"Өңірлерді дамыту" бағдарламасы арқылы да ауданда 38,9 млн. теңгеге 11 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, Новонежин, Тимофеевка орта мектептеріне, Мәскелеу мен Қарақалпақ ауылдарындағы мәдениет ошақтарына ағымдағы жөндеу жұ-мыстары жасалды. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Мәселен, бізде аудан бойынша балабақшалар жетіспейді, қазірдің өзінде 670 бала кезекте тұр. 2012 жылы аудан орталығында 280 балаға арналған бүлдіршіндер үйін салу жөнінде инвестициялық ұсыныс білдірген едік, бірақ әлі шешілетін түрі жоқ. Ал, жаңа балабақша салуға аудан бюджетінің шамасы жетпейді. Қазір еліміздің әр өңірінде "Балапан" бағдарламасы аясында аудан, қалаларда ба-лабақшалар салынып, шағын орталықтар ашылуда. Міне, біз де осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жақында аудан ор-талығындағы бастауыш мектеп жанынан елу балаға арналған шағын орталық аштық. Алдағы атқарылатын жоспарлар бойын-ша көп жұмыстардың сметалық-жобалық құжаттарын дайындап қойдық. Мәселен, аудан орталығындағы Селантьев орта мектебі, Новонежиндағы мәдениет үйі, Құшмұрындағы балабақша күрделі жөндеуді қажет етеді. Енді жоғары жақтағылар осы ұсынысымызды мақұлдаса, игі болар еді деген үміттеміз.
Жалпы, біздің ауданның алдағы уақытта экономикалық өсуі мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін зор әлеуеті бар. Бірақ, әлі де жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тиімділігін жетілдіру бойынша барлық шаралар қабылдау қажет. Мемлекет тарапынан да мардымды жұмыс жасау үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Сондықтан, біз өз мүмкіндіктерімізді пайдаланып, ауданымыздың экономикасын әріқарай дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз!
– Әңгімеңізге рахмет!