Еңбек етпесең, елге өкпелеме
Қалалық жәрмеңкеде 500-ден астам бос жұмыс орыны ұсынылды
Елбасының бастамасымен қолға алынған "Жұмыспен қамту– 2020" мемлекеттік бағдарламасы жұмыссыздардың жұ-мыспен қамтылуына ықпал етіп, еліміздегі әлеуметтік жағдайды жақсартуды көздейді. Аталған бағдарлама 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Осы бағыттар негізінде Рудный қаласында жыл басынан бері бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Солардың бірі – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығы бірлесіп ұйымдас-тырған бос орындар жәрмеңкесі. Шараға "ССКӨБ" АҚ, "Рудныйсоколовстрой" ЖШС, "Арасан" ЖШС, "Казогнеупор зауыты" ЖШС, "Железорудный ЖЭК" МҚК, "Рахат" МҚК, "Злак+М" ЖШС, "Грандстрой–2010" ЖШС, "Стройпромгрупп–2030" ЖШС, "Мебель Парк" ЖШС сияқты 30-ға жуық кәсіпорын мен жергілікті банк филиалдары қатысып, экономист, заңгер, инженер, бағдарламашы, офис-менеджер, технолог, құрылысшы, жүргізуші, ағаш және темір ұстасы іспетті еңбек нарығында зор сұранысқа мамандықтар бойынша 100-ге жуық бос жұмыс орынын ұсынды. Оның сыртында 400-ден астам бос жұмыс орыны жайлы ақпарат арнайы тақталарға орналастырылды. Ал орталық мамандары келушілерге кәсіби бағдар мен жұмысқа жолдама беріп қана қоймай, олардың түйіндемелерін де дайындауға атса- лысты.
Жәрмеңкеге ұзын саны 800-ден астам адам қатысты. Олардың дені қалаға іргелес жатқан елді мекендердің тұрғындары, ал бір бөлігі жұмыс орнын ауыстырғысы келгендер. Мәселен, жас маман Ұлпан Сабырова ұялы телефон сататын фирмада жұмыс істейді.
– Дипломым бойынша іс-қағаздарын жүргізу маманымын. Сондықтан өз мамандығыма қатысты жұмыс тапқым келеді. Ал жұмыс іздеп кәсіпорындар мен мекемелерге бару көп уақытты талап етеді және де басшылардың қабылдауында болу өте қиын мәселе. Сол себепті, бүгінгі жәрмеңкенің мен үшін маңызы зор. Әзірге 5 компанияға өз түйіндемемді қалдырып, әңгімелесуге шақырту алдым. Сәті түссе, жақын арада жұмысқа тұрам деген ойдамын, – дейді жас маман.
Шарада жұмыс берушілер ғана емес, қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарды тегін кәсіптік оқыту курстарына да қабылдады. Сонымен қатар оралмандарға арналған кеңес беру бұрышы да ұйымдастырылды.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша жұмыспен қамту орталығының мамандары 356 үміткерді кәсіпорындарға жолдамамен әңгімелесуге жіберді.
Қуаныш ДОСПАН.