Қарттар үйін мекен етіп…
Қария – қара шаңырақтың киесі. Халқымыз ықылым заманнан бері жасы үлкенге қарсы шығып, жолын кеспеген. Уақыт керуені көшкен сайын қоғамның да тарпаң қылықтарын көріп жатамыз. Қартайған шақта қызықтарын көрсетудің орнына қабырғаларын қайыстырып, өмір-лерін өксітіп, оларды тағдырдың ауыр сынағына тастап, үйінен қазына-қарттарға, әке-шешелеріне орын тауып бермей жүргендер жоқ емес. Өкінішке орай көп. Әр нәрсенің себебі бар деп тоқтам жасай алмаймыз, себебі сол безбүйрек балалары үшін қиындықтың қыл арқанын қиып, азапты ғұмырларын өткізбеп пе еді?!
Елімізде жыл санап қариялар үйі көбейіп барады. Көңілге кірбің түсіретіні де осы. Мәселен, Рудныйда қарттар мен мүгедектерге арналған үй бар. Бұл жерде 103 адам тұрып жатыр. Соның 23-і мүмкіндігі шектеулі жандар болса, қалғаны зейнет жасындағылар. Дені балалы-шағалы кісілер. Бойдағы күш-қуаты әлсіресе де бауыр етіне, немерелеріне деген сағынышы сарқылмайтын қарттардың бірі – Сайын Мәмбетов.
– Ұлым 2012 жылы осы жерге орналастырды. Қарсы келе алмадым. Себеп белгілі ғой, келін… Айту ауыр енді. Тек қана немерелерімді сағынамын. Кәдірбегім онға көшті, Сәрсенбек сегізіншіге барады. Жақында келемін деп отыр. Пенсиямнан киіндіріп жіберемін ғой, – деп көкірегіне өксік толып, күмілжи берді. Қылықтарымен ыстық немерелерінің қызықтарын еске алып, жасын санаумен уақытын өткізеді. Олардың амандығын тілейді әке жүрегі. Қамкөңіл қарияның қазіргі басты арманы немерелерін бұрынғыдай киіндіріп, сабаққа шығарып салу ғана. Артық ештеңе де сұрамайды.
"Қарты бар үйдің қом қазынасы бар" дейді дана халқымыз. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, туғандарынан қиындық көріп жатқан Сайын Мәмбетовтің күйін кешіп жатқан қариялардың саны артып келеді. Оларды өз шаңырағынан айыру бүгінгі қоғамның жүрек мұздатарлық дерті болып тұр. ҚР Статистика агенттігінің ресми мәліметінше, елімізде 30 000-ға жуық адам қарттар үйін пана етіп жүр екен. Төрт қа-бырғаға телміріп қалуларының сыры санасыз балалардың түсінігінде жатқан секілді. Әйтпесе, өмір сыйлаған адамдарды Меккеге арқалап апару былай тұрсын, аяғын жылы суға малып отыру болмаса да қартайған шақтарында отбасының тірегі қылып, байыппен бағып-қағу жаҺандағы ең қиын жұмыс емес екені айқын.
Көзкөрген ата-әжелеріміздің "Бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер" деуінің астарында үлкен мән-мағына жатқан сияқты.
Қасқырбай Қойшыманов.