Қайтсек көбеймекпіз?
Кеңес үкіметі ыдырап, құрамындағы елдер етек-жеңдерін жиғаннан бастап, ТМД көлеміндегі көші-қонның саябырсығаны мәлім. Сол кездері КСРО-ны кезіп, нанын тауып нәпақасын айырғандар да, өз елдеріне орала бастады. Мұндай үрдістің қазақ елін де айналып өтпегені мәлім. Мысалы, қазақтың кең байтақ жерін мекен еткен орыс, неміс ұлттарының өкілдері тарихи Отанына оралуды жөн көрді. Әсіресе, көрші елмен қоңсылас отырған Қостанай облысынан халық көптеп ағылған еді. Салдарынан, өзге ұлт өкілдері мекен еткен ауылдар қаңырап, кейбірі тіптен жабылып қалды. Статистикалық мәліметке жүгінер болсақ, 1989 жылдары Тобыл өңіріне қоныстанғандардың саны 1 223 844 адам болса, 90-шы жылғы тоқырау тұсында адам саны миллионға түсті. Ал, 2009 жылы жүргізілген санақтың нәтижесінде, облыс тұрғындарының 886 мың адам болғанын аңғардық.

Демографиялық ахуалды жақсартудың қарапайым жолы – табиғи өсімге қозғау салу. Ана мен бала капиталын жақсартып, халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне назар аудару. Елімізде айтылғандардың барлығы да қолға алынған. Десе де, нәтижесі көңіл көншітпейді. Қатарымыз әлі де аз, 17 млн. ғанамыз.
Қырым – Ресей Федерациясының құрамына енгелі ел мен жер мәселесі күн тәртібіндегі бірінші болмағанымен, басты мәселесіне айналғаны әмбеге аян. Лимонов, Жириновский іспетті ресейлік желөкпелер қазақтың шұрайлы жеріне шүйлігіп, мінбелерден түспегелі – биліктің де, бұқараның да ойлағаны шекара шебін тас-тұйнақтай бекітіп алу еді. Ресей Президентінің "қазақ даласында мемлекет болмаған" деген сөзі – қолға алған ісіміздің дұрыстығын растағандай. Қатарымыздың аздығы осы тұста сезіле бастады. Әсіресе, көрші елмен қоңсылас отырған Қостанай облысы үшін бұл – үлкен мәселе.
Қазақстандықтардың қатарын қалыңдату мәселесімен Елбасымыз Тәуелсіздік тұғырына мінген сәттен айналысты. Табиғи өсімге қозғау салудан өзге, қандастарымызды тарихи отанына қайтарудың түрлі жолдары қарастырылып, арнайы бағдарламалар да қабылданды. 2014 жылдың өзінде ғана елімізге 7 мыңнан астам шет елдердегі бауырларымыз оралған. Солардың Қостанайға қоныстанғаны некен-саяқ. Қысы қатты болғандықтан ба, әлде, басқа да себептері бар ма білмедім, әйтеуір Қостанайдан қашатындар көп. Тіпті, жастардың өзі арман қуып, Астанаға, Алматыға аттанып жатады. Әрине, елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты нышанына айналған Астананың гүлденуіне қостанайлықтардың да сүбелі үлесін қосып жатқаны көңіл қуантады. Десе де, жас мамандардың Елордасына ойысуы – өңірдегі кадр тапшылығын тудырары анық. Мұны да естен шығармағанымыз ләзім.
Жұматай
Кәкімжанов