Білім деңгейі неге төмен?
Білім беру жүйесін жаңғырту, оны дамыту болашақ мектеп оқушыларының сапалы білім алып, білімді ұрпақ тәрбиелеудегі басты бағыттардың бірі. Осыған орай, Науырзым ауданындағы Докучаев орта мектебінің акт залында "Науырзым ауданы білім беру саласының дамуы" атты тақырыпта мұғалімдер конференциясы өтті. Оған аудан әкімі Т.Даиров, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы С.Еришева және аудандық білім беру бөлімінің басшысы М.Айсин мен мұғалімдер қатысты.

Ауданға жас мамандардың келуіне жағдай жасалып жатыр. Бірақ жастар аудан орталығына келгісі бар да, ауылға барғысы жоқ. Не себеп? Себеп шаш етектен десе де болады. Алдымен, ауылдан қатынау қиын. Таксилердің бағасы аспандап тұр. Онымен қоса интернет те жоқ. Және баспана жайы да алаңдатады.
Білім деңгейінің төмендігіне қарамастан аудандық білім беру жүйесінде оң өзгерістер материалдық жағынан байқалады. Жыл сайын бұл салаға бағытталатын қаржы көлемі өсіп келеді. Мысалы, былтыр білім саласына 702 млн. 904 мың қаражат бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 393 млн. 114 мың теңгеге көбейген. Яғни, 1 млрд теңге нақты білім саласына бөлініп отыр. Бұл өз кезегінде оқу-тәрбие үрдісінің жақсарып, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім сапасының дамуына да жақсы әсерін берсе қаражаттың ауаға кетпегені болар еді. Былтыр ауданда Докучаев орта мектебі қолданысқа берілген болатын. Буревестник орта мектебі де күрделі жөндеуден өтті.
Мұғалімдер конференциясына қатысқан аудан әкімі Т.Дайыров: "Сапалы білім алуға бар жағдай жасалып жатыр. Осыған сай алда тұрған міндеттер бұдан да үлкен болуы керек. Білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар қауымына артылған жүк ауыр. Бұл өз кезегінде сіздерден зор күш-жігерді, кәсіби шеберлік пен шығармашылықты талап етеді", – деді.
Биылғы жылы аудан білім көрсеткіші бойынша алға қадам бастар деген үміттеміз.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы.