Бір оқу – екі диплом

Бұдан былай А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті инженерлік-техникалық мамандықтарының студенттері үшін Қазақстан мен Ресей оқу орындарының дипломдарын қатар алуға мүмкіндік бар.
ҚР мен РФ арасындағы машина жасау саласындағы үкіметаралық келісім аясында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті мен Қазан федералдық университетінің Набережные челны институты арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғаны белгілі. Осының нәтижесінде екі дипломды білім беру (бакалавриат, магистратура, докторантура); профессор-оқытушылар құрамының, ғылыми және әкімшілік персоналдың академиялық ұтқырлығы; профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру; магистранттар мен докторанттардың тағылымдамалары, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары іске асырылатын болады.
Меморандумға Қазақстанның машина жасау саласы кадрларын мақсатты даярлау үшін қол қойылды. Қостанай облысының индустрия аймағында "КамАЗ" ЖАҚ екі жаңа зауыты салынып жатқаны белгілі.
Осы Келісім аясында 2021 жылдың шілде-тамыз айларында техникалық мамандықтарда оқитын 3-4 курс студенттері Набережные челны қаласындағы "КамАЗ" ЖАҚ ақылы өндірістік тәжірибеден өтті.
Қостанайлық шәкірттер КамАЗ автомобилінің түрлі тораптарының заманауи құрастыру конвейерлерінде жұмыс істеді. Барлық студенттерге "КамАЗ" ЖАҚ зауытында тәжірибеден өткені туралы сертификаттар берілді. Бұл туралы ZOOM байланысы арқылы Қазан федералдық университеті Набережные челны институтының директоры Махмут Ганиев айтты. Ресейлік әріптес қостанайлық студенттермен әлі де жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
А.Байтұрсынов ҚӨУ Басқарма Төрайымы – Ректоры Алма Дощанова көрші мемлекет оқу орнына, "КамАЗ" ЖАҚ кәсіпорнының басшылығына әріптестік орнатып, қазіргі заманғы сұранысы жоғары маман даярлау науқанында серіктестік болғаны үшін зор алғысын жеткізді.
Студенттер үшін "КамАЗ" компаниясының өкілдері өте жақсы жағдай жасапты. Набережные челны қаласына чартерлік рейспен тегін ұшу, күніне үш рет тегін тамақтану, зауыт аумағында жайлы қонақ үйде тегін тұру, демалыс күндері бос уақытты және мәдени іс-шараларды, қала бойынша экскурсияларды ұйымдастыру және т.б., бастысы, шәкірттер ай сайын 150-200 мың теңге мөлшерінде жалақы алу мүмкіндігіне ие болған. Жиында сөз алған «Машина жасау» мамандығының ІІ курс студенті Александр Кузнецов осындай әсерімен бөлісті.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына инженерлік-техникалық институттың бірінші курс студенттері шақырылды, олар Қазан федералды университетінің Набережные челны институтымен ынтымақтастық туралы келісім аясында екі дипломды білім беру бағдарламалары бойынша оқитын болады. Алғашқы екі жылда оқу А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де өтеді, ал 3-4 курс Қазан федералдық университеті филиалының Набережные челны қаласында жалғастырмақ. Оқуды бітіргеннен кейін студенттер ҚӨУ мен ҚФУ дипломдарын алады. Олар Қостанай облысының индустриялық аймағында салынып жатқан "КамАЗ" ЖАҚ екі жаңа зауытының алғашқы мамандары болуы керек.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясына ZOOM конференциясы арқылы "КамАЗ" ЖАҚ және Қазан федералды университетінің Набережные челны институтының өкілдері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, ҚФУ – 200 жыл бұрын құрылған ең көне ресейлік университеттердің бірі, Татарстанның басты білім беру орталығы. Quacquarelli Symonds Limited (Ұлыбритания) (QS-Stars) компаниясы жүргізген ғылыми және білім беру қызметіне жүргізілген аудит қорытындысы бойынша университетке үш жұлдыз берілді. Қазан федералдық университеті кәсіби жоғары мектептерімен және машина жасау саласындағы ғылыми-зерттеу базасымен танымал.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓