Бөтелкеден басталған бизнес
"Қалауын тапса қар жанар" демекші, әр нәрсенің жолын білген адам пайда табады. Ерінбей еңбектенсеңіз, қоқысты да кәдеге жаратуға болады екен. Біздің бұл ойымызды кейіпкеріміз Әлихан Нұркин дәлелдеп отыр. Ол тұрмыста жиі қолданылатын пластикалық бөтелкеден сыпырғыш жасап шығарды.
Әлихан Нұркин бұл бастаманы өткен жылдың жаз айында қолға алды. Әркімнің ойына келе бермейтін тың дүниені жасауға аяқ астынан кіріскен. Алғашында қоқысты кәдеге асыруға болатынына көзі жетеді. Өзінің ойын әкесіне айтып, ақыл-кеңес сұрайды. Ізденістің нәтижесінде пластикалық шөлмектен сыпырғыш жасады. Жас өнертапқыштың ал-ғашқы қадамы осылайша бас- талған болатын.
Пластикалық бөтелкеден жасалған сыпырғыш "Эко-broom деп аталады. Оның сабына ағаш, ал шыбықтарына бөтелкелер пайдаланылады. Алғашынды бір сыпырғыш жасауға ұзақ уақыт кетіпті. Себебі арнайы құрылғы болмаған. Қазір қажетті құрал-жабдық бар. Пластикті кесіп, түзетуге арналған арнайы станокты Әлихан әкесі екеуі ойлап тапқан.
Өнертапқыштың айтуынша, бір сыпырғышқа отыз литрлік немесе жарты литрлік 26 бөтелке кетеді. Оған қоса арнайы түрлі-түсті пластикалық шыбықтар керек. Қажетті бөтелкелерді Әлиханның туыстары мен көршілері әкеліп береді екен. Кейде пластикалық шөлмектерді қабылдайтын орындарға хабарласады.
Әлихан осы уақытқа дейін 500 сыпырғыш жасап сатқан. Ал-ғашқы өнімдерін ауылдағы туыстары мен достарына сыйға тартыпты. Пластикалық сыпырғышты көрген басқалар тапсырыс бере бастаған. Бүгінде Әлихан Нұркин "Таза Жол" МКК мен әріптестік қарым қатынаста жұмыс істейді. Дайын өнімдерді аталмыш мекемеге сатады.
– Болашақта жүзеге асырғым келетін жоспар көп. Ең басты мақсатым осы істі жандандырып әкету. Әзірге жалғыз өзім жұмыс істеймін. Қасыма жұмысшы алу ойда бар. Оның бәрі алдағы күндердің еншісінде, – дейді өнертапқыш Әлихан Нұркин.
Кейіпкеріміз өзі ойлап тапқан эко сыпырғыш жобасы үшін өткен жылы "Atameken Startup" бизнес-идеялар байқауында жеңіске жетті. Ал биыл облыс жастары Алтын кітабының лауреаты атанды.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: өнертапқыш Әлихан Нұркин.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.