Қасымхан аға – қас батыр
Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін қаруды қаламға айырбастап, осы «Қостанай таңы» газетінде меншікті тілші болып жемісті еңбек еткен қаламгер, бүкіл саналы ғұмырында ұрпақ тәрбиесіне араласқан ұлағатты ұстаз-тәлімгер, халқымыздың ғажайып өнері – айтысты, жырау-термешілікті жалықпай насихаттаушы өнерпаз Қасымхан Алдабергенов ағамыз.
Соңғы қырық жылдан астам уақыт бойы осынау құрыштан құйылған құдірет – Қасекеңнің қасында жүріп, оның болмыс-бітіміне, білім-білігіне, әні мен күйіне, әзілі мен жырына тәнті болып келемін.
Шіркін-ай, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы деп халқымыз аспанға көтеретін елінің ері, халқының ұлы, шаңырақтың шуағы, өнердің өрені, жырдың жампозы дәл осы менің Қасымхан ағадай-ақ болар.
1. Он сегізінде от кешкен
Қасекеңнің балалық пен жігіттік шағының 7-8 жылы әскерде, қан майданда өтіпті. Кейін өзі «Думанды дәурен» атты екі томдық кітабында былай деп жазыпты: «Встать!», «Ложись!», «Бегом марш!», «Напра-налевоға» 17-25 арасындағы жасымызды беріппіз. Адамға бір-ақ рет бері-летін өмірдің бұл қандай тұсы екенін айтып жату артық шығар. Махаббатты былай қойғанда, ғылым мен білімді, өнер мен өнегені игеретін нақ алғыр да албырт, гүлдей жайнайтын кезің емес пе?! Бірақ қайда, қандай жағдайда жүрсең де өмір өрнексіз өтпейді, өзіндік із қалдырады».
Ұлы Отан соғысындағы ерекше бір бетбұрыс кезеңі болған 1943 жылы Кеңес Армиясы әуе-десант әскерлерін құра бас-тады. Қасымхан Алдабергенов сол жа-сақтың алғашқы қатардағы сарбаздарының бірі еді. Сол 1943 жылдың маусым айында Владимир облысы Киржач қаласының маңында 14-ші гвардиялық әуе-десанты бригадасы құрылды.
– Бригадада Қостанай облысынан біраз жігіттер болдық, – деп еске алады майдангер. – Солардың ішінде Сейітжапар Сейтаев, Нұрғазы Өмірбаев, Үмітбек Досаев, Телғара Әбенов сияқты азаматтар бар еді. Олар атқыштар, мен пулеметшілер ротасында болдым… Өйткені мен бұл бригадаға Златоус пулемет училищесінен келген болатынмын…
Осы арада тағы да Қасекеңнің «Думанды дәурен» кітабына үңілейік: «Бригада бір табиғаты маужыраған жаңа жерге қоныстанды: қалың қарағайдың арасы, шағын бір өзен-сайдың жағасы. Не керек, құрылысты қолымызбен атқардық, жер қаздық, бөрене тасыдық, баспана тұрғыздық. Құралымыз күрек пен балта ғана. Жыл жарым тұрдық осы арада. Түрлі әскери ойындар, жаттығулар, парашютпен секіру.
…Әскери тактикаға шыққанда араға бір қонып, қырық шақырым жерден ораламыз. Әлгі аңыздарда айтылатын «мұз жастанып, қар жамылып» дейтінді біз ақиқатқа айналдырдық. Қыс баласы бір қасық су көрмейміз. 20-25 градус аязда ұйқыдан тұрысымен 4-5 шақырым жерге ақ қардың үстімен жүгіріп барып келесің, үстімізде жұқа жиде, жұқа шалбар, жалаң бас. Келе қармен жуынамыз.
…Негізгі парашют – 16 килограмм, қосал-қы парашют – 8 килограмм, осыларды арқалып, оның үстіне қару-жарағың бар, 20 шақырым жердегі аэродромға барасың жаяу. Содан қарғу басталады. Ұшақ сені 40-50 шақырым жерге апарып тастайды. Ұшақтан ағытылып, жерге құлдырайсың…
Парашют ашылмай, қаза тапқандар арамызда жиі болып тұрды. Жыл жарымның ішінде бүтіндей бір қорым, бейіт қалдырдық жаңағы лагерьде»…
Ұлы Жеңістің ұлы жолында осы Қасекең сияқты қаһармандарымыздың табан ізі қалды. Батыс Еуропа – Венгрия, Австрия, Чехословакия елдерін фашизмнен азат еткен ардагерлердің бірі де осы Қасымхан аға еді.
2.Майдандас дос Әшірбай
Ағамыздың қарулас достарының бірі – ақын, журналист Әшірбай Есмұрзаев екен. Тараздың жігіті, Қасекеңнен бір мүшел үлкен. Будапеште екеуінің бірге түскен суретін майдангер ерекше бір жәдігер ретінде күні бүгінге дейін сақтап келеді. (Бүгін газетте жарияланып отыр-ған сол сурет. С.М.). Сол суреттің сыртына Әшекең былай деп жазыпты:
«Қасымхан!
Тән бөлек, бас та бөлек, кеуде бөлек,
Кісіге ажырасу болар демек.
Мұқалмас махаббатты, шын достықты,
Сол кезде достықпенен ойлау керек.
Сен менің жүрегімнен орын алдың,
Келеді минут сайын еске салғым.
Берген ант, етілген серт осы болсын:
Сені – іні, мені – аға деп қолымды алғың».
Майдандастар соғысты Чехословакияда аяқтайды. Жеңістен кейін Әшірбай жасына қарай елге қайтады. Қимай қоштасады, қуанышпен қоштасады. Қуанбағанда ше? Жау жеңілді, сағы сынды, достардың мерейі үс-тем болды.
Қасымхан әскер қатарындағы қызметін одан әрі жалғастыра береді. Венгрия жерінде 1946 жылдың қаңтарына дейін болады. Әуе-десант бөлімінің тұрған жері, нөмірі де талай өзгерді. Сондай апақ-сапақта Әшекеңнен көз жазып қалады.
Елуінші жылдары әскерден босап, елге келеді. Әдебиетке, өнерге құштар ағамыз бірде Қостанайдағы кітап дүкеніне келсе, Әшірбай Есмұрзаевтың «Арман ағысы» атты жыр жинағы көзіне оттай басылады.
Қасекең майдандас досының дерегін іздеп, «Қазақ әдебиеті» газетіне хат жазады. Кешікпей жауап хат сол Әшекеңнің өзінен келеді. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде қызмет істейтін майдандас дос былай деп жазыпты: «…Ал, мен сенің асыл да ақжарқын бейнеңді қазір көз алдыма елестетіп, енді қандай болды екен деп аңсарым ауа осы хатты жазып отырмын. Қартайып келе жатқанда сендей мейірбанды іні табу қандай қуаныш та, жұбаныш. Әнеу күні қарттықты ойлап отырып, мына бір өлеңді жазған едім:
«Басыңды бурыл шалғаны –
Адамның ізгі арманы,
Көзіңнің нұры қашқаны –
Ұрпаққа шапақ шашқаны,
Бетіңе әжім түссе мол –
Өмірге салған ізің ол.
Бойыңнан қуат тайғаны –
Дүниеге күшің жайғаны.
Еңкейгені беліңнің –
Есейгені еліңнің.
Қартайсаң мәз боп қуанғың,
Соларды көріп жұбанғың.
Қасым! Қатынастың басы осы болсын. Қостанайда бір інім бар деп білемін. Келсең, қарсы аламыз. Қанат, құйрық баршылық…
Құшып сүюші ағаң Әшірбай (Балалары да).
Жамбыл қаласы, 16 ақпан 1967 ж.»
Сол Әшекеңнің тағы бір хатынан үзінді:
«Достық деген сыршыл, нәзік бір қыл бар,
Байлап тартсаң, иіледі шың-құздар.
Жаза басып, үзіп алып жүрмегің,
Қастық деген тайғақ, жылтыр бір мұз бар».
Сол Әшекеңнің кітабынан алған бір шумақ өлең:
«Жастық – ол қарттық сатысы,
Өзің-ақ басып, өрлейсің.
Өлім – ол өмір ақысы,
Алғанды қалай бермейсің».
Енді Қасекеңнің сол майдандас досы туралы кітабындағы жазбалар: «Сол асыл азамат өмір «ақысын» өтепті. Алғаны көп болмаса да, бергені көп күйінде дүниеден өтті. Ұлы Жеңіске қолына қару алып, қан кешіп қосқан үлесі не тұрады? От ішінде ойнаған қайран досым, әз-аға, Әшекем! Ажырасқалы 55 жыл. Өлең оққа ұшпайды, хаттар ескірмейді. Айтар көп. Аз да болса, осы жазғандарым сенің рухыңа бағыштаған дұғам болсын».
Иә, майдангер ағалар достығы тарихының біз білетін бір сыры осындай.
3. Сегіз қырлы, бір сырлы
Осыдан 80 жыл бұрын Жітіқара ауданы Шілікті ауылынан келген қаршадай бала облыс орталығы Қостанайдың зәулім залдарының бірінің сахнасында тамылжыта ән шырқап тұрды. Бұл мектеп оқушылары көркемөнерпаздары ұжымының қорытынды концерті еді.
1941 жылы екінші рет осындай өнер байқауына жүргелі тұрғанда соғыс басталды. Ал қан майданның қызып тұрған 1943 жылы ол Отан қорғауға аттанды. Содан елге тек 1950 жылы оралды. Келе сала өнерпаз жігіт өнерлі жастарды топтастырып, ауылды ән мен күйге бөледі. Ол басқарған көркемөнерпаздар облыстық фестивальдарға қатысып, талай жүлделер алды.
1959-1979 жылдар аралығында облыс-та алты рет ақындар айтысы өткен екен. Халқымыздың ғажайып өнерін жете меңгерген ол Жітіқара ауданының намысын қорғап, сол алты айтыстың төртеуінде бірінші орынды жеңіп алды. 1961 жылы өткен Тың өлкелік айтыс туралы сол кездегі Одақтың бас газеті "Правда" былай деп жазды: "Кустанай, 5 (ТАСС). В центре Целинного края состоялся айтыс – поэтическое состязание акынов поэтов-импровизаторов, посвященное 40-летию Советской власти в Казахстане. В ярких образных песнях под аккомпонемент домбр акыны рассказывают о новой, счастливой жизни казахского народа…
Победителем айтыса вышел сельский учитель Касымхан Алдабергенов из Джетыгаринского района".
Өнердегі өмірбаянды одан әрі қарай жалғастыратын болсақ, ол былайша өрбиді. 1980 жылы ІІ республикалық айтыста Қасекең Қостанайдың намысын қорғап, астана төрінде тіл безеді. Қазақ поэзиясының абызы Әбділдә Тәжібаев құшағына қысып, "айналайын, өнеріңе тәнтімін" деп иығына шапан жауып, қолына домбыра ұстатыпты. "Жыр-шашу" кітабында Қасекеңнің сол айтысы басылып шықты.
Қазақ теледидары әдейі төрт рет Алматыға шақыртып, "Халықтар қазынасы" циклынан ұлы Абайдың "Масғұт", "Ескендір" поэмаларын жырлатты. Ара-арасында әрі ақын, әрі сазгер, әрі әнші аға өз шығармаларын да орындады.
Күні кеше ғана Қасекең Қазақ радиосынан екі күн бойы жыр төкті.
Ширек ғасырдан астам газеттің меншікті тілшісі бола жүріп, Қасымхан аға облыс шежіресін жазды. Оның қаламынан туған дүниелер уақыт болмысын дөп басып, небір көкейтесті мәселелерді қозғайтын. Өлең де жазатын, ән де шығаратын.
Ұлы Жеңістің 55 жылдық мерейтойында майдангер аға Астананың төрінде, 65 жылдығында Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысып қайтқан саналуан сарбаздардың бірі болды.
Түркістанда өткен пайғамбар жасына келген өнерпаздардың "Батаменен ел көгерер" атты байқауында біздің Қасекеңнің тағы да бағы жанды. Бүкіл елден келген небір жүйріктермен үзеңгі қағыс-тырған өнерпаз аға жүлделі орынды жеңіп алып, облыс мерейін шығарды.
Кейін облыста тұңғыш рет ұйымдастырылған жыршы-термешілер байқауына ұйтқы болып, өнерпаздар қадамын жіті қадағалап, қазылық еткендердің бірі де осы Қасекең еді.
4. Қасекең біздің – қайраткер
Майдангер, қаламгер аға бүкіл саналы ғұмырында қоғамдық маңызы зор сан алуан тақырыпқа ой толғап, мақалалар жазды, мәртебелі мінбелерден сөз сөйледі, жастармен етене сырласты. Туып-өскен өлкенің жер-су, елді мекен атауларын тарихи қалпына келтіру жөнінде дәлелді де дәл пікір өрбітті. Ұлттық музыкамыз, әуен, мақам туралы, жыршылық, термешілік дәстүр жөнінде білгірлікпен баяндады.
Ана тілінің тазалығын, оның биязы үнділігін бұзушыларға, әсіресе, теле-радио, газет-журнал тілшілеріне сабақ болар талай дүниелер жазды.
Қасымхан ағаның тағы бір ерлігі – ол Кеңес Одағының Батыры Естай Есжановтың ерлік тарихын зерттеп, жариялады. Ол туралы соғыс кезінде жазылған талай дүниелерді тауып, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Енді, міне, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сол даңқты жерлесімізге, от майданда елін, жерін қорғау жолында опат болған Батырға Қостанай қаласынан бір көшенің атын беру жөнінде бастама көтеріп, облыстық, қалалық әкімдіктер алдына мәселе қойып отыр.
5. Ағаның ақ батасы
Қасекең осы «Қостанай таңы» газетінің Ұзынкөл-Меңдіқара, кейін Науырзым-Әулиекөл аудандарындағы меншікті тілшісі болып, талай көкейтесті мәселелер көтеріп, редакция мен оқырман арасындағы алтын көпір болды. Сол аудандардағы ағайын күні бүгінге дейін ағамыздың жағдайын сұрап жатады. Құдайға шүкір, биыл тоқсанға келетін майдангер тың, қуатты, тіл-көзіміз тасқа, жас жігіттердей ширақ, сөзі орамды, ойы ұшқыр, Шолпан жеңгеміз қасында, азамат болған ұл-қыздары өріс жайған, немере-шөберелер өсіп келеді. Қолынан қаламы түспеген. Өз газетінің өткен жылғы лауреаты болған да осы ағамыз.
2010 жылы 85 жасқа толар шақта қаламгер Қасекең «Думанды дәурен» атты екі томдық кітап жазып, айды ас- панға бір-ақ шығарды. Сол ерекше құнды жәдігерді өз қолтаңбасымен қанаттас, қаламдас інісі ретінде маған сыйлаған еді. Былай депті әз-ағам: «Өнер ауылында менен жылт етіп бір ұшқын шыға қалса, соны лаулатып, алаулатып алып кететін, халыққа жеткізетін алтын көпірім, алыс жолдан келе жатқан ағасын қолтығынан демеп, бойына қуат құятын, құлшынтып, қатарға қосып жүретін рухани інім – осы Сәлім!
Інісі бардың, тынысы бар, тынысымыз кең болсын!
Ағадан алғыс – ақ бата!
Автор Қасымхан Алдабергенов.
19 қаңтар, 2011 жыл».
Айналайын, әз-аға! Несін жасырайын, Сіздің бұл алғыс – ақ батаңыз жүрегімді толқытты, жанымды жадыратты. Сол үшін де, мына қатыгез, қатал заманда өзіңіздей ақ жүрек, адал, ақылшы ағаларым барына тәубе деймін. Сол ардагер, абыз ағаларымыз аман болғай!
(Суреттер ағамыздың жеке мұрағатынан алынды).
Ақан сері,
Біржандарды жалғаған
Қасымхан Алдабергеновке
Ақан сері, Біржандарды жалғаған,
Бар өмірін Ұлы өнерге арнаған.
Еш пендеге өр кеудесін бастырмай,
Сексенде де серілігі қалмаған.
Сексен бесте!
Жалыны әсте өшпесін,
Мерейленген сәтін туыс, дос көрсін!
Көтерсінші тағы да бір ағамыз,
Мәз болғанда көтеруші еді өкшесін.
Көмейінен төгіледі бұлақ-ән,
Жыршы, жырау, әр сөзі елге ұнаған.
Қасымхан деп қойса да атын,
Хандықтан
Ақындықты биік қойған бұл адам!
Қуат-күші өн-бойында бар әлі,
Жүрегіңді жылытады жанары.
Жарыстырып, алыстырып көріңдер,
Ермекбай мен Дәмер жолда қалады!
Өмір – өзен,
Ырық бермей ағысқа,
Көз тігумен келе жатыр алысқа.
Жыршылардың шаң қаптырып талайын,
Бас жүлдені жеңіп алған жарыста!
Қан майданда өтсе жастық күндері,
Жасымады, басты қадам ілгері!
Журналистер арасында озық ол,
Ақындардың айтысында жүлделі!
Қасым аға, көп өнерге қосқаның,
Көп ағайын, көп туысың, достарың.
Барлығының тілегі бір
Жүз жасқа
Жетелесін келе жатқан тоқсаның!
Серікбай ОСПАНОВ.
|
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕ: Ұлы Отан соғысының ардагері Қасымхан Алдабергеновке Елбасының құттықтауы мен сый-сияпатын облыс әкімі Нұралы Садуақасов тапсырды. Ерекше ықыласқа Қасекеңмен бірге оның жұбайы Шолпан апа мен жиен немерелері Кәмилә мен Жалғас та ерекше риза болды.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
керемет шал