Несие алып, кәсібін ашты
"Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы елдің игілігіне қызмет жасауда. Бұл бағдарлама бойынша берілетін несие арқылы шаруасын өрге домалатып отырған кәсіпкерлер саны біздің ауданда жетерлік. Солардың бірі – Рустанбек Какенов.
Новопавлов ауылының тұрғыны Рустанбек аталмыш бағдарламаның беріп отырған мүмкіндігін ұтымды пайдалана білді. Ол бағдарламаның екінші бағыты бойынша 2 млн. 100 мың теңге несие алып, жеке кәсібін ашты.
– Ауылда тұрған соң мал ұстамай болмайды. Сондықтан, осы мемлекеттік бағдарламаға қатысып, алған несиеге 8 бас қара мал сатып алдық. Қазір қолға алған ісіміз алға басып келе жатыр. Үкімет тарапынан осындай қолдау-көмек барда, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Тек, оны тиімді пайдаланып, аянбай еңбек ету керек, сонда ғана ырыздығымыз мол болады, – дейді Рустанбек Какенов.
Кәсіп иесі мал санын көбейтіп, шаруасын келешекте одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
– Бүгінгі күні сиыр етіне деген сұраныс жоғары. Мол пайда табуға болады. Сондықтан, бастаған ісім жоспарлағандай болып жатса, кәсібімнің ауқымын кеңейту ойымда бар, – дейді кәсіпкер.
Міне, Рустанбек Какенов бүгінде кәсіпкерліктің арқасында нәпақасын айырып отыр. Осындай айқын мақсатты алға қойып, үлкен іске бекінген адамдар ғана мол табысқа кенелері анық.
Жаңабай АХМЕТОВ.
Қарасу ауданы.