Ақ арақ, апақ-сапақ және ақырет…

0_886e0_35e32a72_XLЕр жетіп, бұғанасы қатқан адамның қай-қайсысы да іштей  бақытты болуды армандайды ғой. Надежда да қашан  бақытты  болатынын  қиялдады. Бақыт  көп  кешікпей басына қонды. Қуа- нышқа толы өмір он төрт жылға  созылды.
Дегенмен, Надежда  Матвеева  ажал құшатынын  сезбеді. Бәрі де аяқ астынан болды. Ақ көңіл  мінезді  Надежда ішімдікке құмар  еді. Үйінде  құрбыларымен  бірге  арақ  ішуді  әдетке  айналдырды. Сол күнгі маскүнемдік  Рудный  қаласы сыртындағы  зиратқа барғанда басталды.
Құрбысы Елена екеуі сенбі күні сағат он бесте  зиратқа келді. Жолшыбай дүкеннен екі шөлмек арақ, темекі және шағындап тағам сатып алды. Орыс  халқының  дәстүрі бойынша  қайтыс  болған туысы  жерленген  жерде, оны бір  сағатқа  жуық  уақыт  еске  алып  отырды.  Алып келген арақтың бір шөлмегін  әйелдер  өзара бөліп ішті.
Надежда нәр татпады. Тамақтың орнына арақты сілтеді. Бойын ішімдіктің ащы буы жайлаған әйел сөмкедегі екінші шөлмектің тығынын ашты. 
Қыркүйек  айының  ызғарлы желі кешкісін тіптен  күшейді. Күздің алғашқы айының құбылмалы ауа райынан сескенген Елена құрбысын үйге қайтуға  үгіттеді. Алайда, Надежда оның  ұсынысынан  бас тартып, Еленаға кетуге рұқсат берді. Өзі әлі де осында  бола  тұратынын  айт-ты.
Надежда  Матвеева  кештетіп,  зираттан  аттанды. Жол бойын жағалап келе жатқанда  ер адамға жолықты. Серік  Сапақов  есімді  жігіт  те  мас  еді.  Жігіт алдында  жүгіріп  жүрген  күшікке  қарсы  кездескен  әйелдің қызыққанын  байқады.
Күшікке  назар  аударған  Надежда  болатын.  Серік әйелдің ішіп  алғанын, әзілдессе,  тілдесетінін білді. Олар бетпе-бет тұрып, танысты.
Серік  Сапақовтың  кім  екенін  баяндай  кетейік.  Бұл жігіт  Рудныйға  жұмыс іздеп, Федоров  ауданынан жаз айында  келді.  Қаладағы танысы оны  кәсіп-орынға жұмысшы  етіп орналастырды. Серік  кәсіпорынның қала сыртындағы  жылжымалы  вагонында  тұруды  қолайлы көріп, сонда орналасты.
 Қыркүйек  айының ортасында  ұжым  мүшелеріне еңбекақы  берілді. Серік пен  әріптесі  Андрей  қуанып, қатарласа отырып,  сыра ішіп,  сосын  араққа  көшті. Мұны да  қанағат  тұтпай, Серік  дүкенге  беттеді.  Бір  шөлмек  арақ  және темекі сатып  алды. 
Сапақов тұрақтаған вагонға келе  жатып,  бір әйелге  жолықты. Әйел жоғарыда есімі аталған Надежда  Матвеева еді.
 – Мына  күшік  сіздікі  ме? – деп сұрады Надежда  алшаңдай басып келе жатқан Серіктен.
– Менің итім  болса, қалап алмақпысыз? – деп қылжақтады жігіт. Арақ  ішіп,  лепірген  әйел  мен  еркек  осылай тілдесе келе жақын танысты.
Серік  әйелдің  арақ  ішіп  ал-ғанын байқады. Әккілікке салынып, Надежданы  қармағына  іліктірудің  амалын ойластырды. Матвееваны вагонға қонақ болуға  шақырды. Надежда  оның  ұсынысын  қабыл  алды.  Бейтаныс  адамның  сырын  білмей  тұрып, айтқанына көну дұрыс еместігі есіне  де  кірмеді.
Вагонда  олар  арақ  ішті.  Надежда  ішімдіктен  мүлде тартынбады. Серік  оны  құшақтап,  үйіне  жеткізбекші болғанда  да  жігітті  итермей, оған жақындаса берді.
Серік  пен  Надежда   жол   бойынан   алшақ  тұста  құшақтасып  сүйісті. Әйел  қарсыласпайды деп есептеген  жігіт оны зорлауға  көшті. Надежда осы кезде есін жиып, серпілді. Мас болған Сапақовтың арам ойын сезді. Жан ұшырып, айқайлады. Серік  әйелдің  айқайынан  қатты  шошып кетті. Надежда құқық  қорғау саласына "Зорлады" деп  арыз  жазатынын  ескерткенде, есінен танып  қала  жаздады.
Сапақов мас күйінде қандай шешім  қабылдау керектігіне ақылы  жетпеді. Әйелді өлтіруге оқталды. Серік жерден жұмыр тас тауып алды. Сосын тасты қос қолымен қыса ұстап тұрып, Надежданы басынан төрт рет ұрды. Тағы да бір рет әйелді соққылағанда  оның  жан  тапсырғанына  көзі жетті.
Көзді ашып, жұмғанша қылмыс жасаған Сапақов өлікті тезірек  жасырудың  жолын  іздестірді. Жансыз  қалған Матвееваны  аяғынан  ұстап,  тас  жолдан  алысырақ тұсқа  сүйреп  апарды.
Сонысымен  қоймай өліп қалған  Надежданың мүлкі қандай  екеніне  назар  аударды.  Арақ  ішіп  отырғанда Матвееваның  сөмкесінен  ұялы  телефонды  суырып, қолына  ұстағаны  есінде. Қылмыскер сөмкені  ашып,  ішінен  ұялы  телефонды  тапты.
Серік  Сапақов  қылмыс  жасағанына  қысылмады. Вагонға оралысымен  Надежданың  заттарын пешке жақты. Сөмкеден тауып алған ұялы телефонның  сим-картасын лақтырып тастап, орнына өзінің меншігіндегі сим-картаны салды. 
Түн ортасы  ауа  әріптесі  Андрей вагонның есігін ашып, ішке енді.
– Сен, қонақ әйелді үйіне апарған боларсың? – деп мің-гірледі Андрей.
Сапақов  ешбір  шімірікпестен  "Мен әйелді  сұлаттым"  деп  жауап  қайырды.  Әріптесінің  ащы мысқылы Андрейді есінен тандыра жаздады.  Әлдене  деп   айтпақшы  еді,  Серік сөз  тыңдағысы  келмеді.  Андрей  оның  мастығы  тарқамағандықтан,  аузына  келгенін көкіп отыр  деп санады.
Андрей  тынши алмады.  Ертеңіне  Сапақов ұйқысынан оянғасын әйелді  өлтіргенің шын  ба деп сұрады. Серік қысылмастан  қылмыс  жасағаны  жайлы  жайып  салды.
Бір  күннен  соң  полиция қызметкерлері  жетіп келді. Олар таяу  жерде  өлген әйелдің мүрдесі табылғанын хабарлады.  Андрейді    әңгімеге  тартқанда   тергеушіге    Сапақовтан  естігенін  жасырмады.
Серіктің  осы  сәттен  бастап,  жаны  қысылды. Матвееваның  ұялы  телефонын от  жанып  жат-қан пештің ішіне лақтырды.  Ұялы телефонды  қолына ұстағанын көрген  тергеуші  бірден  кісі өлтіргеніне сезіктенетінін білді.  Апыл-ғұпыл жиналып, жұмыс орнынан тайып тұрды. Федоров ауданының Қоржынкөл ауылындағы үйіне келді.
Сапақовтың  қылмыскер  екенін Андрейдің сөзінен естіп, білген полиция қызметкерлері  оны үйінде жасырынып  жатқан жерінде тұтқындады.
Тергеу  барысында  Серік  кінәсін мойындады. Сот оны  сегіз  жылға  бас  бостандығынан  айырды.
Ермекбай
        ХАСЕНОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓