Білім сертификаттарына ие болды
Қостанай қалалық балалар шығармашылығы үйінде оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған 9-11 сынып оқушыларын марапаттау салтанаты болып өтті. Екі күн бойы облысымыздың әр түкпірінен жиналған талапты да білімді бес жүзге жуық оқушы білім сынына түсті. Облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы К. Ибрагимовтың айтуынша, сайыстың аты сайыс, жеңілгендер де, жеңіске жеткендер бар, мойымау керек, алда әлі де алынбаған білім шыңдары көп, пән олимпиадасының облыстық кезеңіне қатысқанының өзі үлкен жетістік.
Сонымен, екі бағыт бойынша өткен пән олипиадасының мәре сызығына екі жүз бес оқушы жетіп, жеңімпаз атанды. Он бес пән бойынша білім сайысына түсіп, жеңіске жеткен оқушылардың барлығы да грамота мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында мысалы, Д. Әлімбай, М. Арғынбай, Ә. Ағыбай, Ш. Серікұлы, С.Кабделова, К. Ақтанова, Е. Мұқатай, Д. Өміртаева, А.Мұратова, С. Сартаева, І. Баймағамбетова, М. Едресова, Д. Наурызбаева және тағы басқалар бар.
Салтанат барысында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану- математикалық бағытында жоғары жетістікке, көрсеткішке жеткен мектептер мен жеңімпаз оқушыларды даярлаған ұстаздар да марапатқа ие болды. Олардың қатарында Қостанай қаласындағы С. Мәуленов, М. Горький атындағы гимназиялар, жаратылыстану-математика лицейі бар. Ал, пән олимпиадасының ең үздік командасы деген атаққа Қостанай қаласындағы қазақ-түрік лицейі, Меңдіқара ауданы ие болды. Сол секілді он оқушы облысымыздағы жоғары оқу орындарының білім беру сертификаттарымен(гранттарына) марапатталды.
Гүлназым Сағитова
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай